Есіміңіз кім?

Сәлемнен кейінгі танымайтын кісіңнен алғашқы сұрайтының осы. Бұрынғыша «ныпсың кім?» дегеніңе елең ете қалар жастар аз. Елдің көбісі «есімің кім?» деп сұрауды жөн санайды. Сонымен, қойған сауалыңызға алған жауабыңызға мән беріп, көңіл бөліп қарайықшы.
Ұлынан сұрасаң Аслан, Альфир, Арсен, Артур, Диас, Дамир, қызынан сұрасаң Айлуна, Айлин, Тамила, Умида, Анель, Нармина, Аделя, Алелина, Сафия, Жасмина.
Не бұл? Мәрленді Марлен, Әрсенді Арсен деп жаздырамыз. Балабақшаға барсаңыз балалардың түрі қазақ, атын сұрасаңыз қай ұлттың баласы екенінен шатасасыз. Бүйте берсек, енді он жылда не араб, не түрік боламыз. Бүгінгі балалардың есімдеріне қарап осылай ойламасқа амалымыз жоқ.
Дала дәстүрін қала мәстірлері тықсырып барады. Баяғы «сендерге біз тұрғанда бала қайда?» дейтін ата-ененің адуыны басылып қалғандай. Басалқы сөзге басын шұлғып, бағына қоятын бала мен келін ілуде біреу... Ата-енесі батыр болсын деп Бауыржан, Нүркен, Қайрат, ақын болсын деп Мұхтар, Ғабит, Сәбит, Шәмші есімдерін қойғысы-ақ келгенмен, жас ата-ана мұрнын тыржитып ол есімдерді жақтырмайды.
Қазақы есімдерден жерінудің себебі неде? Дүниеге келген нәрестеге құлаққа жағымды, жарасымды есім беру ата-ананың жауапты міндеті. Шариғатқа сүйенсек, әкенің үш ақысының бірі перзентіне дұрыс есім беру. Ал, сіздің азан шақырып қойған есіміңіз кім?
Ақмарал ЛЕУБАЕВА,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері, ақын, сазгер.
Шымкент қаласы.