Жыл үздіктері марапатталды

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Түркістан өңірі ерекше үлес қосып, түрлі салалар бойынша көш бастап келеді. Бұл жеңістердің артында еңбек адамдары тұр. Осы ретте Түркістанда «Жыл үздігі–2023» салтанатты іс-шарасы өтті. Еңбегі еленген азаматтарды марапаттауға арналған салтанатты кешке облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, жыл үздіктерін құттықтады.

– Баршаңызды алдымен Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Жаңа жыл – өткен жылға есеп беріп, болашаққа жаңа жоспарлар құратын мереке. Бүгін осы тарихи сәтте Түркістан өңірінің әр саладағы үздіктеріне құрмет көрсетіледі. 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды кезең болды. Жеткен жетістіктердің бәріне бірлігіміздің бекемдігі мен бейбіт өмірдің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі шара облыста қоғамның барлық саласы бойынша көш бастап, тәжірибе мен тыңғылықты тірлігі арқылы дара шыққан көшбасшыларға арналып отыр. Берілетін марапаттар – Сіздердің жыл бойы атқарған жұмыстарыңызға берілген лайықты баға, мәртебелі құрмет деп білемін. Толағай табыстар мен жарқын жетістіктерге жеткізген осы көрсеткіштеріміз Жаңа жылда еселене береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды жылдың үздік мекемелері мен кәсіпорындарын, сала үздіктерін марапаттады.
Жиын барысында жалпы 41 аталым бойынша үздіктер құрметке бөленді. Облыс әкімімен бірге облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Байділдә Жылқышиев те өз саласы бойынша үздік атанғандарға марапаттарын тапсырды. Олардың арасында «Жылдың үздік жазушысы» атанған әріптесіміз Пернебай Сапаров пен «Жылдың үздік спорт журналисі» номинациясын иеленген Ерболат Айнабеков те бар.
Мерекелік кешті Жанатбек Бәйтеков пен Айгерім Қалаубаева жүргізді. Сондай- ақ, «Ұлытау» және «Қоңыр» топтарымен қатар «Яссы» би тобы мен «Jana lep!» ұжымы да өнер көрсетті. 

Пікір қалдырыңыз