Жолың болсын, жолаушы!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Бұл өңірдің табиғаты өзгеше. Мұнда жер бусанып, төрткүл төңірек көк торғынға малынып тұрған көктемде де, қараша қаздар қайтқан қоңыр күзде де табиғат-ана табан астында алай-дүлей болып, өкпе тұстан азынаған жел боратып, қапелімде қалың қарын төгіп сала береді. Ал, қақаған қысы бұрқасынды боранға, бет қаратпас долы дауылдарға ұласады. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек борандарда талай жолаушы діттеген жеріне жете алмай қалды. Осыны білетін жүргіншілер жыл мезгілдерінің құбылмалы кезеңдерінде «жол ашық па екен?» деп бір-бірінен сақтана сұрап жатады. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері де осы мазасыз мезгілдерде қатты алаңдайды.
Сондай алаңкөңіл мекеменің бірі – «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Бәйдібек аудандық учаскесі. Оны Ораз Ділімбетов басқарады. Учаскеде 5 техника,
5 қызметкер-жұмысшы бар. Олар облыстық маңызы бар 423 шақырым жолды жыл он екі ай бойы бақылайды. Осыншама қашықтықтағы жол бойында Ұланбел, Мыңбұлақ, Көксаяқ, Ағыбет, Шақпақ атты елді мекендер бар. Бұлар ауа райы сәт сайын құбылып тұратын аймақтарда орналасқан. Учаске қызметкерлерінің тыным таппайтындары да сондықтан.
Иә, былтыр ғой, былтыр. Қалтырауық Қоян жылы есіктен еніп келе жатқан. Бұлар Жаңа жыл қарсаңында табиғат тағы долданбаса екен деп ауа райының қырық құбылмауын Құдайдан тілеп отырған. Бірақ, табиғат құбылыстарына қарсы келер кім бар?! Желтоқсанның соңғы күндері жол бойында алақаншық жел бұралаң қақты. Артынша ызғары білінді. Ораз мұның соңы жақсы болмайтынын сезіп, «жауынгерлерін» жолға әзірледі. Жылы киініп алған жол бақылаушылары уақытпен санасып жатпай сапарға аттанды. Шаян–Шолаққорған бағытын бақылап, суырынды қарды тазалап біршама тер төккен олар енді Ұланбел бағытына қарай бет алды. Оларға көліктер жолда тайғанақтамау үшін құм шашу, қар омбылап тастаған жерлерді аршу міндеті жүктелген. Жалпы, ұлан жол кедергісіз болуы керек. Бірақ, жол бойында түрлі жағдайлар кездеседі емес пе?! Мұндайда «бізге жүктелген міндет осылар ғана» деп қар құрсауында қалғандарға қол ұшын бермей өте шығуға тағы болмайды.
Көлік баяу қозғалып келе жатты. Қар ұшқыны терезені қаққылап, таяқ тастам жерді көрсетпейді. Онсыз да жүріс мандымай келе жатқанда олар алдарынан қарауытқан әлденені байқап қалды. Жақын келгенде аңғарды, жол шетіне жантая құлауға шақ қалған жеңіл автокөлік екен. Сол жантайған күйі тоқтап тұр. Салонындағы жолаушылардың суықтан жақ жүндері үрпиіп кеткен.
Жеңіл көліктен жүргізушіден бөлек төрт жолаушы түсті.
– Студенттер едік, ағалар! Жаңа жылды ата-аналарымыздың қасында қарсы алуға асығып шыққанбыз. Қырсық қылғанда, боранның ұлып тұрғанын қарасаңызшы. Такси жүргізшісінің «жол жабық» деген ескертпесіне қарамай шығып кетіп едік, енді тұрысымыз мынау, – деді жұқа курткамен тұрғаны.
Жүздерінен «бізді мына құрсаудан құтқарсаңыздар екен» деген өтініш айтқызбай аңғарылатын студенттер бұларға жаутаңдай қарайды. Ораз жолға шыққанда термосқа шай құя шығуды дағдыға айналдырған. Ол әуелі сол шаймен жолда қалып, әбден жаураған жігіттерді жылытып алды да, содан соң барып жантайып тұрған жеңіл көлікті шығаруға кірісті.
Жол ауыр еді. Қара дауылдың қаһары қатты. Ораз Ділімбетов бастаған жұмысшылар жолда қалған студенттерді боранды асудан өткізіп, ауылдарына жеткізіп салды.
– Рахмет, ағалар! Сіздер болмағанда Жаңа жылды далада қарсы алатын едік, – деп қоштасты жастар.
Ал, өздері Шаян ауылына оралғанда отбасы мүшелері бұларды тосып, екі көздері төрт болып отыр екен.
– Басты міндетіміз жолдың қауіпсіз де ашық болуын қамтамасыз ету болғандықтан, біз мұндай оқиғалардың талайымен ұшырасамыз. Негізінен, жолда қалып кеткендерді құтқару міндеті төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлеріне тиесілі. Бірақ, төтенше жағдайға кездесе қалсақ, бұл солардың міндеті деп сырғып өте шықпаймыз ғой, – дейді бізбен әңгімесінде «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Бәйдібек аудандық учаскесінің басшысы Ораз Ділімбетов.
Желтоқсанның жуан ортасында Бәйдібек ауданы аумағында тағы да боран ұйтқи соқты. Талай үйдің шатыры ұшты. Бірқатар ауыл жарықсыз қалды. Міне, осындай ауыр күндері бәйдібектік жол тазалаушылар тыным таппады. Байғали Орақбаев, Сейфулла Кемелбеков, Нұрлан Құдайбергенов сынды мекеме қызметкерлері Одаман бұлақ маңында күніұзақ жұмыс істеген. Жол аршыды, көліктер мұзда тайғанамас үшін күл, құм, тұз шашты. Қарға тығылып қалған көліктерді қауіпсіз жерлерге шығарысты. Әйтеуір, тыным тапқан жоқ.
Бір аптадай әлек салған боз боран кеше сап тыйылған. Күн қайта ашылды. Бірақ, ауа райы мың құбылып тұратын аймақта табиғат құбылысына сеніп бола ма?!
Олар тастүйін дайындықта тағы да жолға шықты. Иә, Жаңа жыл да келіп қалыпты-ау. Биыл Жаңа жыл кешінде отбасы мүшелерімен бірге дастарқан басында жайраңдап отыра алар ма екен? Бірақ, бастысы, жолаушылардың қауіпсіздігі мен олардың межелі жерлеріне іркілмей жетуі емес пе?! Сондықтан бәйдібектік жол бақылаушылары әр кез «Жолдарың болсын, жолаушылар!» деп тілейді.
Бәйдібек ауданы.