«Әке – алтын діңгек»

Ажар Бермұханова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жуырда Жігерген ауылдық округінің ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасы мен әкелер мектебі бірігіп, үлкен танымдық кеш өткізді. Іс-шарада әжелер алқасының төрайымы Баян Рымбекова «Әке – алтын діңгек» деген тақырыпта баяндама жасап, әкенің отбасындағы рөліне тоқталды. Ал, әкелер мектебінің төрағасы Ж.Құрбанов қазіргі таңда балабақша, мектеп, университеттегі тәрбие жұмысында көбінде әйел адамдардың жұмыс істеп жүргендігіне тоқталды. Ал, шынтуайтында бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте маңызды. Қарапайым ғана шеге қағудан бастап бау-бақшаның жұмыстары, малға қарау кезінде баланы әйелдердің қолынан келмейтін шаруаларға баулу – әке мойнына артылатын жауапкершілік.
Жігерген ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Балта Жүнісов ауылдағы әкелер мектебінің жұмысы туралы мағлұмат берді. Іс-шара барысында Абай атындағы жалпы орта мектебінің психологі Ж.Аманжолова смартфон мен гаджеттердің пайдасы мен зиянын бейнебаян арқылы көрсетіп, қатысушылармен тренинг өткізді.
Жұман Есіркепов атындағы мектептің психологі Е.Сманов отбасыдағы зорлық-зомбылықтың балаларға әкелетін зардабын түсіндірсе, әжелер алқасының мүшелері Сайлаукүл, Хадиша әжелер бұрынғы уақытта отбасыда балаларды үш-ақ нәрсемен, яғни «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген тәмсілдермен тәрбиелегенін тілге тиек етті. Салмақты, салиқалы пікірлер көптің көкейінен шықты.
Ерғазы, Тәжібай сынды ауыл ақсақалдары жастардың арақ пен темекіден аулақ болуы керектігін «Арақ атаңнан қалған ас емес», «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» деген нақылдардың тереңіне үңілдіріп түсіндірді.
Танымдық кеште аудандық қазақ тілі бірлестігінің әдіскері А.Қалдыбаева өз шығармашылығынан «Әкешім» атты өлеңін оқыды. Жұман Есіркепов атындағы жалпы орта мектептің 7-сынып оқушысы Әбдіманап Сұңғат «Әкеге алғыс» деген әнін орындап, кешке қатысушыларды тәнті етті. Өнерпаз балаға әжелер алқасы сый-сияпат жасады.
Іс-шара барысында кешке белсенді қатысқан бір топ ата-анаға аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хаты тапсырылды.
Қазығұрт ауданы.