Балаға бала деп емес, дана деп қараңыз...

Баласының бақытты болуын қай ата-ана қаламайды дейсіз?! Қалап қана қоймай, баласын бақытты етуге әрекет ететіні де рас. Бірақ, оның жолын бәрі бірдей біле бермейді. Сол себепті ата-аналар көбіне білім мен тәрбие беруде педагог мамандардың көмегіне жүгінеді. Осы ретте тәрбиеші ұстаздарға артылар сенім мен жауапкершілік жүгі ауыр, сондықтан мұны әрбір мұғалім жете түсінуі керек. 

Педагогика саласындағы 32 жылдық тәжірибемді негізге ала отырып, бала тәрбиесіне қатысты өз ой-пікірлеріммен бөліскелі отырмын. Иә, бала тәрбиесіне қатысты мысалдар да, аңыздар да көп. Ал, аңыздар мен мысалдар – тұлғаның жүрегіне тікелей жол табатын сөз өнері екенін естен шығармауымыз керек. Сол себепті баланың ойлау қабілетін дұрыс қалыптастыру үшін оның танымдық көзқарасын кеңейте түскен жөн. Ол алғашқыда ата-әженің, әкесі мен анасының айтып берген ертегілері, өнегелі әңгімелері арқылы қалыптасса, кейін бала өзі әріп таныған соң оқу, іздену арқылы танымдық білімін одан әрі жетілдіре түседі. Жасыратыны жоқ, бүгінгі технология дамыған заманда баланың алтын уақытын смартфон алып қойып жатыр. Алтын уақыт дейтініміз, баланың танымдық білімі қалыптасатын осы кезеңде неге көбірек көңіл бөлсе, әрмен қарай дәл сол «жүйенің» иіріміне түсіп кетеді. Сол себепті баланың алтын уақытын тиімді пайдаланудың маңызы зор. Бірақ, біз қанша жерден әдеби кітаптарды мысалға келтіріп, аңыз-әңгімелерді санасына сіңіртеміз десек те, бала күнделікті серігі болған смартфонның иірімінен шыға алмай жатады. 
Тәрбие қарым-қатынастан басталады, ал, сәби дүниеге келген күннен басталған ана мен бала арасындағы қарым-қатынас сипаты баланың әрі қарай тұлғалық дамуын анықтайды. Сондықтан тұлғаның даму сатылары туралы жан-жақты білгеніміз абзал. Ал, тұлғаның даму сатыларына келсек, сенім және сенімсіздік бала өмірінің бірінші жылын қамтиды. Дербестік және жасқаншақтық баланың екі-үш жасында байқалады. Жігерлілік және өзін кінәлі сезіну әдетте 4 және 5 жасқа тән. Өз-өзін  бағаламау –  6 және 11 жас аралығында байқалады.
Өтпелі кезең осындай қиындықтарымен ғана ерекшеленеді десек, тағы қателесеміз. Бұл өте тартымды және қызыққа толы кезең. Одан кейін де қызықты кезең жалғаса береді. Бұл кезде біз тек ата-ана ғана болмай, бой жетіп қалған қызымыз бен ер жетіп қалған ұлымыздың сенімді серігі, сырлас досына да айналуымыз керек. Ата-ананың міндеті – баласынан махаббатын аямай, оны барынша қолдап отыру, оған түсіністікпен қарап, өз-өзіне сенімділігін арттыру.
Ата-аналар балаларын бір жас пен бес жас аралығында өз-өзін тұлға ретінде құрметтеуге үйретпесе, баланың он үш жасында мұны қалыптастыру қиындай түседі. Айтпағым,  2-3 жасында балаға өз қабілетіне қарай еркін әрекет жасауға мүмкіндік берсе, ол 20 жасында өздігінше көп нәрсеге қол жеткізетін болады. Баланың барлық сұрағына ерінбей жауап беріп, еркін ойнау мен қиялдауына мүмкіндік берілсе, мұның өзі бала тәрбиесіне оң әсер ететіні анық. Әсіресе, өнерлі балалардың талантын тұншықтыра көрмеңіз. 
Ең бастысы, балаңызға ең жақын дос, сенімді жолдас бола біліңіз.

Сапаркүл ТҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,
Нұртас Оңдасынов атындағы №14 мектеп директоры.
Жетісай ауданы.
Пікір қалдырыңыз