Ақындар Түркістанды жырға қосты

Тәуелсіздік күні мерекесі мен Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай рухани астанада «Ер Түріктің бесігі» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Аламан айтыстың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

– Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Киелі шаһар жаңа кезеңге, жаңа дәуірге қадам басты. Жылды дуалы ауыз ақындарымыздың айтысымен қорытындыласақ деген ойымызды облыс әкімі қолдаған болатын. Міне, рухани астанамызда керемет айтыс өтуде. Ақындардың бәрі де Түркістандағы игіліктерді жырға қосып жатыр. Жыл басында өңірдің зиялы қауымымен кездесіп, сол жиында бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Облыстың намысын қорғайтын 12 жас ақынға арнайы шапан тігілді. Бұл түркістандық ақындарды ел таныса, ақындар арқылы Түркістанды таныса деген ойдан туындаған идея еді. Сондай-ақ, 5 аудан, қалада облыстық, республикалық деңгейде айтыстар өтті. Бұл дәстүр келер жылы да жалғасын табады, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Дүбірлі додада Түркістан облысының елімізге белгілі 16 айтыскер ақыны бақ сынады. Ақтық кезеңге 4 ақын өтіп, шын жүйріктер анықталды.

Сөз сайысына айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов төрелік етті. Қазылар тарапынан ақындарға айтыс мәдениетін сақтауға және сөз өнеріне қатысты сын-ескертпелер айтылды.

Қазылар алқасының шешімімен Нұрмахан Жақыпбек (Арыс қаласы) бас жүлде иегері атанып, 1 млн. теңге қаржылай сый-сияпатқа ие болды. Жүлделі 1-орын Аян Ниязбекке (Төлеби ауданы), 2-орын Дәурен Ақсақаловқа (Отырар ауданы), 3-орын Қажымұхан Абзалов (Бәйдібек ауданы) пен Ахметрасул Баянбайға (Отырар ауданы) және Анар Жаппарқұловаға (Отырар ауданы) бұйырды. Ал, «Тұран» номинациясын Шахмардан Бекарысұлы (Түркістан қаласы) және «Ең жас айтыскер ақын» номинациясын Аллажар Бекмұратұлы (Қазығұрт ауданы) иеленді. Сондай-ақ, Нұрдәулет Өмірбек (Түркістан қаласы), Нұрлыбек Мейірманов (Бәйдібек ауданы), Қалижан Білдәшов (Созақ ауданы), Нұрлан Есенқұлов (Арыс қаласы), Біржан Байтуов (Бәйдібек ауданы), Дәурен Ысқақ (Келес ауданы), Мейіржан Жақып (Отырар ауданы), Исламхан Мұхамедханға (Түркістан қаласы) арнайы марапаттар тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз