ОТАН – ҚУАТ, ОТБАСЫ – ШУАҚ

«AMANAT» партиясы отбасы институтының беделін көтеруді басымдық деп қарастырып, бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің маңызды шарты деп санайды. Отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат ұстану ниетінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасын жүйелі түрде іске асырып келеді.

      Жоба ана мен балаға лайықты қамқорлық көрсету, қазақстандық отбасылардың келешекке сеніммен қарауына лайықты жағдай жасау, шаңырағы шаттыққа толы, берекесі артқан, әл-ауқаты еселенген отбасылар санын көбейтуді көздейді.

     Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақ болғандықтан, «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыруға өңірдегі барлық 17 аудан мен қаладағы партия әлеуеті жұмылдырылған.


      Жуырда «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Берік Қасымбеков пен осы комиссияның мүшесі Асқар Оспанов «Қамқорлық жанұя» орталығында болды. Бірқатар көпбалалы аналармен жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады.

     Қабылдауға жазылған көпбалалы аналар негізінен созылмалы сырқаттан емделу жолын, үйіне жылыту жүйелерін орнату, екінші деңгейлі банктер алдындағы қарыз борышын өтеуде төлем кестесін қайта қарауға ықпал ету мүмкіндіктерін қарастырып беруді өтінді. Әрбір сұраныстың артында отбасы берекесі, шаңырақ шаттығы тұратынын ұғынған партия өкілдері әрбіріне қолдан келгенінше көмек көрсетуге уәде етті.

      Сондай-ақ «Қамқорлық жанұя» орталығының қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, ұжымның отбасыларға лайықты қамқорлықтары, аналардың тұрмысын түзеуге қосып жатқан үлестері үшін алғыстарын білдірді.

       Айта кету керек, бүгінгі таңда өлкемізде 177 мыңнан астам көпбалалы ана тұрады. Оның 15 мыңнан астамы – «Алтын алқа» иегері болса, 43 мыңнан астамы – «Күміс алқа» иегері екенін мақтан тұтамыз.

      Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда облыс халқының 713 мыңнан астам азаматы әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылған. Биылғы жылдың он айында атаулы әлеуметтік көмек 154,7 мың адамға тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халқының 7,2%-ын құрады. 2022 жылмен салыстырғанда, облыс бойынша ағымдағы жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 22 пайызға төмендеген.

     «Бақытты отбасы» жобасын іске асыруда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жергілікті уәкілетті атқарушы органдармен, аудан, қала әкімдіктерімен және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен бірлесе іс-қимыл жүргізіп, отбасылардың қоғамның белсенді де жауапты мүшесі болып қалыптасуына әрі қарай да үлесін қосатын болады.

 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз