Оны жүкшіліктен жетекшілікке адал бейнеті жеткізді

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Адамдардың өмірі мен қадір-қасиеті жарық дүниеде қанша күн кешкенімен емес, жан-дүниесінің тереңдігімен, жомарттығымен, елге өнеге етерлік істерінің молдығымен, мұрасының өміршеңдігімен өлшенеді. Осы тереңдікке ешкім де бір мезгілде, бір дегеннен бойлай алмайды. Бұл үшін талпынады, ізденеді, ұмтылады. Жүрек көзі ашық, кеудесі мейірімге толы, ең бастысы, межелі биігіне әйтеуір бір шығамын деп алдына мақсат қойған адам ғана асу-асу белдерден асып, биіктерді бағындырмақ.
Міне, осы қағидаттарды ойлағанда менің есіме «Ерсұлтан-Агро» ЖШС-нің құрылтайшысы  Ерболат Мырзабеков түседі. Ол жастайынан арман қуып өсті. Әкесі Қалдар қырық жыл сауда саласында жемісті еңбек етіп, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған өнегелі кісі болатын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Ерболат та жастайынан сауда саласында еңбек еткісі келді. Осы жерде мына бір жәйт еске түседі. Жоғары сыныпта оқып жүргенінде мамандық таңдау кеші өтті. Сонда басқа балалар түрлі кәсіп иесі болғысы келетіндерін айтып жатқанда бұл «мен автодүкен айдайтын жүргізуші боламын» деп мұғалімдерін қайран қалдырғаны бар. Бірақ, ол автодүкен жүргізушісі бола алмады. Әкесі Қалдар: «Балам, жұмыстың жақсы-жаманы болмайды. Қай жұмыс та қолыңа жұғып қалмайды. Тек адал жұмыс істей біл. Сонда ғана мақсатыңа жетесің» деп отырушы еді. Ел тоқырау, өтпелі кезең деп атап кеткен жылдарда адамдар екі қолына бір күрек таба алмай сарсылды емес пе?  Ерболаттың  да тағдырына сол қиындықтармен күресу жазылыпты. Ол қолында дипломы бола тұра жұмыс, қызмет таңдап жатпады. Шымкент қаласындағы Қырғы базарда өзі секілді соқталдай жігіттермен бірге жүкші болып жұмыс істеді. Зілдей заттарды көліктерге артты, түсірді. Жон арқасын қара тер сыпырды. Не дегенмен саудасы қайнаған базарда жүр емес пе, осындағы сатушыларды көрді, солардың жұмысына қанықты. Есіне «автодүкен жүргізушісі боламын» деген бала күнгі арманы түсті. Қалай дегенде де автодүкен жүргізушісі де сатушы ғой. Ол көлігімен шалғайдағы дала ерлеріне қызмет көрсетсе, бұл бір орнында тұрып-ақ тұтынушылармен сауда жасайды. Жүкші болуға қарағанда сатушылықтың жұмысы жеңіл көрінгенімен, оның да қыр-сыры мол екен.
Иә, сол бір өтпелі кезеңде бірқатар жұмыстың басын шалғаны бар. Шымкенттегі №4 автокомбинатта слесарь, «Тұрмыс-2» мекемесінде түрлі жұмыстар істеді. Зейінді жас айналасындағы тұрмыс-тіршілікке зер сала жүрді. «Өзге жұрт секілді мен неге жеке кәсіпкер болмаймын?» деп тәуекелге бел буды бір күні. Сонымен, «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 7 пайыздық жеңілдікпен 40 миллион теңге несие алған. Осы қаржыға 100 жылқы сатып алды. Қора-қопсысын, малының жем-шөбін, отбасының баспанасын қамдады. 
Қазата елді мекені маңайында бүгінде үлкен мал бордақылау кешені бар. Мұнда 100 жылқы және 300 қой бордақыланады. «Ерсұлтан-Агро» серіктестігі мұнымен ғана шектеліп қалмаған. Серіктестіктің 2500 гектар жеріне бидай, арпа, мақсары, жоңышқа егіледі. Биылғы жиын-терім де молшылығымен келді. 2000 тонна бидай, 400 тонна арпа қырманға құйылды. Мақсары да аз жиналған жоқ. Жоңышқа тау болып үйілді. Иә, бордақыда тұрған мал үшін жоңышқа көптік етпейді.
Қазір Қазатадағы мал бордақылау кешенінде 25 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр. Олардың айлық жалақылары, сыйақылары уақтылы беріледі. Кеше базарда жүкші болып жүрген жігіттің бүгінде 40 техникасы бар. Инженер-механик Бақытжан Шалтаев техникалардың кідіріссіз жүруіне жауапты болса, бухгалтер Жанар Керімбекова кіріс-шығысты тиянақты жүргізумен қатар, еңбекшілердің айлық жалақыларын уақтылы беріп келеді. Әділхан Әділбаев, Ерсейіт Аюбаев, Нүркен Қарынбаев секілді механизаторлар науқандық жұмыстардың қашанда бел ортасында жүреді.
Қазақ – ырымшыл халық. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегенді де қазақ айтқан. Жеке басымызды дәріптейік деуден аулақпыз, жалпы журналист деген халық жылт еткен жаңалықты жалпақ жұртшылыққа жедел жеткізуге асығып тұрады емес пе?! Біз  бәйдібектік белсенді кәсіпкермен жолыққан күні кейіпкеріміз ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тағып келген сәті екен. Сонымен бірге инженер-механик Бақытжан Шалтаев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталыпты. Қос бірдей қуаныштың үстінен түскен журналист осындайда қуанбағанда, қайда қуанады?! Біз марапат иелеріне редакция атынан құтты болсын айттық. Жалпы, Ерболаттың марапаттары мұнымен ғана шектелмейді. Ол – «Ауданның ең үздік кәсіпкері» аталымының иегері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың депутаты.
– Биылғы құбылмалы көктемде Қайнар ауылын тасқын су басты. Оларға көмек көрсету үшін бірнеше техникасымен жедел жолға шыққан Ерекең жол-жөнекей Ақбұлақ елді мекені тұсынан өтетін оман арықтың арнасы суға толып, жырылып кеткенін көреді. Мұны тоқтату үшін көп күш керек еді. Ерекең ауыл тұрғындарын жинап, «іштеріңде трактор жүргізе алатын біреу бар ма?» деп сұрайды.  Ел ішінде маман табылады ғой. Солардың біріне Ерекең жанармай толы  бір тракторын қалдырады. Сол трактордың күшімен ақбұлақтықтар бір қатерден аман қалды. Аудандық мәслихаттың депутаттығына үміткер болып додаға түскенде ақбұлақтықтар бірауыздан Ерболат Мырзабековке дауыс берді, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Өскен Алдамжаров. 
Ерболат Қалдарұлы қайырымдылық шараларының үнемі басы-қасында жүреді. Ол биыл Шақпақ ауылындағы көп балалы отбасыға үй сатып әперді. Аудандағы цирк мектебінің өнерпаздарына шағын автобус сыйлады. Сонымен қатар Ерекең  әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған отбасыларға да үнемі көмек қолын созып тұрады. 
Танымал кәсіпкер, айтулы азамат  Ерболат Мырзабеков таяуда аудан орталығынан сауда-логистикалық орталығын салып, пайдалануға берді. Мұнда екі қабатты сауда үйі, балалар ойын алаңы, асхана бар. Сонымен қатар көлік жуу, көліктің майын ауыстыру, дөңгелек жамау, дәнекерлеу цехтары жұмыс істейді. Бұларға қосымша сыйымдылығы 70 тонналық қойма бар.  Күре жол бойындағы осы орталықта бүгінде қырықтан астам адам жұмыс істеп, нәпақаларын тауып жүр. Ерболат бізбен әңгімесінде орталықты әлі де кеңейте түсетінін айтты. Орталық іргесінде бірнеше құрылыс бой көтеріп келеді. Бұлардың барлығы біткенде тағы да бірнеше жұмыс орны ашылмақ.
Ерекең жұбайы Эльмира Сайынқызы екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Ерсұлтан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Қазір ол – «Ерсұлтан-Агро» ЖШС-нің атқарушы директоры. Ерсұлтан келіншегі Әсем екеуі Айзере, Дария, Інжу  атты үш немере сүйгізді.  Ал, кіші ұлы Нұрсұлтан гимназияның алтыншы сыныбында оқиды. 
Иә, адам еңбегімен сұлу, ісімен елеулі. Қарапайым жүкші болып жүріп, үлкен ұжымды басқаруға дейінгі еңбек жолынан өткен Ерболат Мырзабековтің алар асулары әлі алда. Өнегелі істерімен көпке танылған атпал азамат бүгінде серіктестіктің жұмыс көлемін ұлғайта түсу үшін ізденіс үстінде. 
Иә, ізденген жетер мұратқа.

Бәйдібек ауданы.

2 пікір

  • Бакыт
    Бакыт

    Ереке!жарайсын

  • Нұсқабайқызы Гулмира
    Нұсқабайқызы Гулмира

    Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады. Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады. барлық марапат еңбектің жемісі,құтты болсын

Пікір қалдырыңыз