Ұстаздар есімі ұлықталды

Созақ ауданындағы С.Қожанов атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектепте өзінің саналы ғұмырын, жастық жалынын туған жерінің гүлденуіне, болашағының өркендеуіне арнаған бірқатар ардагер ұстазды еске алып, есімін жас өрендерге насихаттау мақсатында оқу кабинеттері ашылды.
Атап айтар болсақ, география дәрісханасына Бекжапар Мұртазаевтың, математика дәрісханасына Саржан Мекебаевтың, физика дәрісханасына Болатхан Зейдуллаұлының және тарих дәрісханасына Нарынбай Жораевтың есімдері берілді. Іс-шараға Созақ аудандық білім бөлімінің бас маманы Мамырхан Әбдиев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Созақ ауданының құрметті азаматы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің оқытушысы Нариман Нұрпейісов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы, ақын Мақсат Қарғабай және есімі оқу кабинеттеріне берілген тұлғалардың отбасы мүшелері, үзеңгілес аға-інілері қатысты.
Реті келгенде мектебімізге еңбегі сіңген ұстаздардың өмір жолына тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз. Бекжапар Мұртазаев 1960 жылы Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы университетке (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) оқуға түсіп, 1965 жылы аталған университетті «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Бекен ағайымыз 36 жыл білім саласында еңбек етіп, 2001 жылы зейнеткерлікке шықты.
Саржан Мекебаев 1973 жылы Жамбыл облысындағы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін бітірген. Ол 45 жылдан астам уақыт бойы абыройлы ұстаздық қызмет атқарған, оның 23 жылында И.В.Панфилов атындағы орта мектептің директоры болған.
Нарынбай Жораев 1987-1988 оқу жылында С.Қожанов атындағы орталау мектебінде алдымен тарих пәнінің мұғалімі, кейіннен мектеп директорының орынбасары болды. 1995-2013 жылдары С.Қожанов атындағы орта мектепке басшылық жасады. 2013 жылдың ақпанынан бастап А.С.Макаренко атындағы жалпы орта мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Болатхан Зейдуллаұлы Түркістан ауданы әкімі аппаратында бас маман, ішкі саясат және жалпы бөлім басшысы, мектеп директоры, Түркістан және Кентау қалаларында қалалық білім бөлімдерінің бастығы, ОҚО бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтында бөлім бастығы қызметтерін абыройлы атқарып, зейнеткерлікке шыққан.
Тағлымды іс-шараға қатысушылар аталған ұстаздардың еңбек жолы туралы өнегелі естеліктерімен бөлісті. Жиын соңында өмірден озған ұстаздардың рухына Құран бағышталды.
Бидаш ІЗБАЛАЕВА,
С.Қожанов атындағы шағын жинақты мектептің мұғалімі.
Созақ ауданы.