Мысыр маржандары

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пирамида және перғауындар
Әлемнің жеті кереметінің алғашқысы әрі бірегейі орналасқан Мысырға әркімнің-ақ барғысы келеді. Бес мың жыл бойы мызғымай тұрған алып құрылысты көруге деген қызығушылық менің де бала кезімнен басталды. Соның сәті биыл ғана түсті. Біраз таныстар мен дос-жарандардың «құлазыған құмнан не іздеп барасың? Одан да табиғаты тамаша, ғажап ғимараттары бар елдерге саяхаттамайсың ба?» деген ақыл-кеңестеріне құлақ аспағаныма қазір қуанамын.
Сонымен, Шымкенттен көтерілген алып лайнер Египеттің Шарм Эль Шейх қаласына келіп бір-ақ тыныстады. Бұл – Синай түбегінің шетіндегі және Қызыл теңіз жағалауындағы курортты қала.
Осынау шырайлы шаһар жайлы кейін ретіне қарай тоқтала жатармын, алғашқы күннен-ақ біз пирамидаларымен танымал Каир қаласына барып-қайтуға асықтық. Түнгі сағат он екілер шамасында қаладан шыққан көлік Каир қаласына таңғы сағат 10-дар шамасында жетті. Біз жеті жүз шақырымдық ұзақ сапарда жол бойынан бірде-бір қорым не жол-көлік апаттарынан көз жұмған адамдарға қойылған белгі көрмедік. Бір ерекшелігі, Шарм Эль Шейх қаласынан Каирге баратын болсаңыз виза аласыз. Өйткені, Мысыр екі құрылықта жатыр. Оның үстіне бірнеше мемлекетпен шектесетін Египетте бақылау қатаң. Каирге жеткенімізше бірнеше тексеруден өттік. Соның бірі 20 шақырымдай теңіз астымен жүріп өтетін теңіз асты жолы аузындағы тексеріс. Жол бастаушымыздың айтуынша, бұл теңіз асты жолын француздар салып берген. Үстіңде шалқыған теңіз суы қалып бара жатқанын сезіну де бір ғажап дүние.
Сонымен, Каир қаласын аралап өтіп, Гиза қалашығының іргесіндегі Хеопс пирамидасын алыстан көрген сәттен бойымызды ерекше бір сезім биледі. Б.з.б 2560 жылы салынған пирамидалар алыстан қол бұлғап, өзіне шақыратындай. Жол басқарушымыз пирамида басына барғанда үш нәрседен сақ болуымызды ескертті. Біріншіден, мұнда да сығандар көп екен. Телефоныңды алып, суретке түсіріп береді екен де, осы қызметі үшін ақша сұрайтын көрінеді. Егер бермесеңіз, телефоннан айырылдым дей беріңіз. Екінші, сығандар жетіп келіп басыңызға бір орамал байлап кетеді. Сол кезде екінші бір сыған шыға келіп «неге менің орамалымды ұрлап алғансың?» деп жала жауып, байбалам салады. Енді құтылып көріңіз. Полициядан қайран жоқ. Олар да соларды жақтайды. Не керек, сұраған ақшасын беріп құтыласыз. Үшінші, мұнда түйе жетектегендер көп. Сізді түйесіне мінгізіп алып, айдалаға барғанда ақша сұрайды. Бермесеңіз, өкпеңіз өшіп жаяу қайтасыз. Осыларды естіген соң жолбасшының ығыңда жүруге тырыстық.
Естеріңізге сала кетейік, Египет жер шарындағы тұңғыш мемлекет қана емес, сонымен бірге дүниежүзілік үстемдікке талпынған қуатты да құдіретті мемлекеттердің бірі болды. Ауызбіршілігі күшті, ұйымшылдығы берік мемлекет болғанын тарихтан оқығанбыз. Мұнда халық билік жүргізуші тапқа толық бағынды. Билік жүргізуші перғауындарды халық Құдай деп таныды. Мына пирамидалар солардың соңдарында қалдырған ескерткіштері. Перғауындар табиғат құбылыстарын тамаша бақылаған. Олар көктемде жер түрленіп, өсімдік атаулы қайта шығатынын көріп, «өлген адам да тіріледі» деген қорытындыға келген. Осы негізде діни ілім пайда болды. Бұл ілім діни және мәдени салада ғана емес, сонымен қатар саяси, экономикалық өмірде де елеулі рөл атқарды. Тереңірек үңілсек, бұл ілімнің өмірге келуі ажалға қарсы табанды қарсылықтан туғанын көреміз. Олар қабірді адамдардың уақытша баспанасы санады. Сондықтан оларды жерлегенде өмірде не қажет болса о дүниесіне де сол нәрселер керек деп тіршілігінде тұтынған заттарын бірге көмген. Сонымен бірге қайтыс болғандарды бальзамдап, мүсінін жасау дәстүрге айналған. Мүсіншілерді «санх» деп атапты. Бұл қазақшалағанда «өмірді жасаушы» дегенге келеді. Перғауындар адамның денесі бұзылмаса немесе бейнесі тұтастай сақталса жаны қайта оралады деп сенді. Сондықтан мүсіншілер үлкен құрметке бөленді. Оларды тылсым күш иелері деп санады.
Мәңгілік өмірді аңсаған перғауындардың (патшалардың) құрметіне пирамидалар салына бастады. Әрине, олар ең атақты адамдарға арналып тұрғызылды. Египет абыздары патшалар мен вельможаларға ғана емес, кез келген адамды жерлеуге байланысты бүкіл салт-жоралар сақталса, мәңгілік өмірлік күш болады деп пайымдады. Бірақ, барлық адамға пирамида тұрғызу мүмкін емес еді. Сондықтан кедей адамдарды бальзамдамады, матаға орап көпшілік зираттарына жерледі. Осыдан-ақ мемлекетте алғашқы кезеңдердің өзінде теңсіздік орын алғанын білуге болады. Пирамидалар салу мемлекеттің экономикасын әлсіретіп, қазынасын тауысты. Осы пирамидалар болмағанда Египет әлемдегі ең бай мемлекет болар ма еді деген ой келеді. Өйткені, Египет тек пирамидаларымен ғана емес, әлемдегі ұлы жаңалықтарды алғаш ойлап тапқан мемлекет ретінде де белгілі. Бұл жөнінде төменде арнайы тоқталамыз.
Бір таң қаларлығы, әлемде қаншама ғаламат ғимараттар салған сәулетшілердің аты-жөндері ұмытылып кетті. Ал, осыдан бес мың жыл бұрын Египеттің ең көне пирамидасы – перғауын Джосердің алып ғимаратын салған сәулетші Имхотептің есімі неге ұмытылмайды? Имхотеп сондай-ақ, көрнекті ғалым, дәрігер де болыпты. Сонымен бірге оның философиялық еңбектері де бар. Жерлестері оны сонымен қатар балгер, сиқыршы ретінде де таныған. Өйткені, оның өмірлік мұраты балгерлікпен астасып жатыр еді. Заманында Имхотепті екі рет Құдай деп таныпты. Арада екі жарым мың жыл өткенде гректер оған «медицина құдайы» ретінде табынды. Бірақ, бір ғажабы, оның мүсіні сақталынбаған. Есесіне Мемфисте Имхотептің құрметіне орнатылған ғибадатхана бар.
Джосер пирамидасының биіктігі 60 метр. Осыдан соң салынған пирамидалар бұдан да биіктей береді. Ніл жағасындағы Гизе жазығында үш алып пирамида тұр. Мұны «Гизе пирамидалар қорымы» деп атайды. Олардың ең атақтысы – Хуфу (Хеопс) ғибадатханасы. Ол Мысыр перғауыны Хеопстың құрметіне салынған. Осы пирамиданың жанында іркес-тіркес Хафра (Хефрен), Менкаура (Мекерин) ғибадатханалары тұр. Хеопс пирамидасының биіктігі 147 метр. Оның көлемі 53000 шаршы метрді құрайды екен. Бұл дегеніңіз, 10 футбол алаңына тең! Аталған құрылыстарды сәулетші Хемиун басқарған. Жоғарыдағы Имхотептің есімі сияқты оның да аты арада қаншама ғасыр өтсе де ұмытылмай келеді. Тағы бір таң қалғанымыз, осында Қарнақ атты ғибадатхана бар. Бұл Қарнақтың Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарнақпен қандай байланысы бар? Мысырдағы Қарнақты сол кездегі ел басқарған ұлы перғауын ІІІ Аменхотеп салдырған екен. Қарнақ құрылысы өзінен кейінгі әлемдегі сәулет өнерінің тарихына үлкен бетбұрыс әкелген. Ол сандаған бағаналардан тұрады. Осыдан соң салынған Афины акрополі, Парфенон, Гера храмдары да бағаналардан тұрады. Мысыр сәулетшілері ғимараттар мен мүсін өнерін бір-бірімен сабақтастырып отырған. Айталық, Гизе пирамидаларын Хефрен сфинкс қорғап тұрса, Қарнақ, Луксор ғибадатханаларын Құдай бейнелі мүсіндер қорғайды.
Міне, сол пирамидаларды дәл түбінен көру кімді де болсын, терең толғаныстарға жетелейді. Пирамида жанында әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам жүр. Олардың арасынан барлық ұлт өкілдерін таба аласыз. Түйе жетектегендер, ат арбалылар, түрлі мүсіндер мен сусын сатқандар алдыңды кес-кестеп жүргізбейді. Бір құты сусын 2 доллар. Оның өзі жарты литр ғана. Ал, мүсіндерді, кәдесыйларды мұнда екі есе бағасына аласыз. Көбіне алдыңыздан мысықтың бейнесі шығады. Жол басқарушымыз ескерткендей, әлденеге ұрынып қалмайық деп сақтық шараларын ойластырдық. Айтпақшы, мұнда пирамиданың ауызғы бөлмелеріне ғана кіріп шығуға рұқсат етіледі. Оның өзі ақылы. Бір кіріп шыққаныңыз – 10 доллар. Терең түкпірдегі бөлмелерге рұқсат жоқ. Тынысыңыз тарылып, өліп кетуіңіз мүмкін әрі адасып та кетесіз. Сондықтан ауызғы бөлмеден қайтуды хош көрдік.
Пирамида жанында қосалқы бөлмелер де жақсы сақталған. Шет-шеті жақсы қашалған мәрмәр тастар адам қолымен жасалынды деуге келмейді. Әрқайсысы пәленбай тонна келетін тас плиталарды краны, басқа да құралы жоқ перғауындар қалай көтерген? Орындарынан қалай жылжытқан? Бұған ғалымдар да күні бүгінге дейін түрлі болжамдар жасағанымен, нақты жауабын әлі таппай келеді.
Жолбасшымыздың айтуынша, пирамидаларды әу баста белгісіз бір материалмен қаптаған екен. Сол материал күндіз күн сәулесін бойына сіңіріп, түнде жүз шақырымға дейін түрлі-түсті сәуле шашып тұратын болған. Тіпті, одан да алыс аймаққа сәулесі жетіп тұрған деседі. Египетті ағылшындар басып алғанда осы материалдарды түгелдей сыпырып алып кетіпті. Олар осы материалмен өз елдерін сәулелендірмек болғанға ұқсайды.
Мысырлықтардың о баста Күнге табынғандарынан хабардармыз. Күнді олар «Ра» деп атады. Осыдан соң «Өлім құдайы» шықты. Мұны «Осирис» деп атады. Египеттіктер о дүниеге аттанған соң жер асты патшалығы Осиристің құзырында боламыз деп сенді. Құнарлы жер мен аналықтың құдайы Осиристің әрі қарындасы әрі әйелі Исида болды. Мұнан соң Ай құдайы пайда болды. Оны жазу құдайы деп те атады. Маат – шындық пен тәртіптің құдайы саналды. Көпқұдайшылық Египет мемлекетін әлсірете түсті. Әркім өз жолымен кеткен заманда тізгінді бір қолда ұстап тұру мүмкін емес еді. Міне, осындай сындарлы шақта тарих сахнасына діни реформатор перғауын Аменхотеп шығады. Ол көп құдайға табынушылықты түбірімен жойды. Адамдар енді Атоя деген бір ғана құдайға табынатын болды. Ол – аспанымызда жарқырап тұрған Күн болатын. Осыдан соң ғибадатханалар жабылып, мүліктері тоналды. Тарихи төңкеріс кезінде перғауын ІҮ Аменхотеп өз атын құдай атына сәйкестендіріп, «Эхнатон» деп өзгертеді. Бұл «Атан рухы» деген мағына беретін еді. Эхнатон Египет астанасы Фивыды тастап, өзі салдырған Ахетотен қаласына көшірді.
Эхнатонның әйелі Нефертити ғажап сұлу жан болатын. Оның бізге жеткен суретінен ғажайып та сымбатты бейнені көре аламыз. Онда әйелге тән нәзіктік пен сұлулық тұнып тұр. Зерттеушілер мен ғалымдар Нефертитидің суретін әлемдегі әйелдердің алғашқы бейнесі және ең тартымдысы деп бағалайды.
Ал, мұнан бес ғасырдан соң, яғни, 1922 жылы дүние жүзін таң қалдырған, көркемөнердің баға жетпес қазынасы перғауын Тутанхамонның мұқият жасырылған қабірі табылды. Оны ағылшын археологы Г. Картер тапты. Архитектор «Патшалар алқабын» ұзақ жыл шиырлаған болатын. Бір айта кетерлігі, Тутанхамон қабірі осы уақытқа дейін тонаушылар қолына түспепті.
Эхнатонның мұрагері болған бұл перғауын небәрі жиырма жыл өмір сүрген деседі. Иә, Тутамхамон өз дәуірінде ешқандай даңққа бөленген жоқ. Бірақ, біздің дәуірімізге жеткен қабірі оны шексіз даңққа бөледі. Каирдағы мемлекеттік мұражайда Тутомхамонның денесі салынған алтынмен апталып жасалған табыт сақтаулы тұр. Мұражайдағы алтыннан жасалған бұйымдар қойылған бөлмеде суретке түсуге рұқсат етілмейді екен. Алайда, орайын тауып, Тутанхамон табытын суретке түсіріп алдық.
Египет ең көне жазуларымен де таңқалдырған ел. Бұл жазбалардан Құдайға табынушылық пен шаруашылық жүргізу тәртібіне дейін оқи аласыз. Сонымен қатар ғалымдар жазбалардың ішінде көне әдеби мұралар да болғанына шек келтірмейді. Олар патшалар мен ұлы даналардың балаларына арнаған өсиеттері, нақыл сөздері, түрлі тақырыптарды қамтитын басқа да әңгімелері болуы мүмкін. Өкінішке қарай, солардың көпшілігі бізге жетпеген. Жеткендері арасында «Өмірден түңілген адамның өз жанымен сұхбаты» атты туынды бар. Өмірден түңілген адам өлімге бет бұрады. Бірақ, оның жаны бұл әрекетке барынша қарсылық жасап бағады. Жан бұл өмірдің қызығы мен рахатын көруге кеңес беріп, оны өлімнен сақтап қалады.
Каирдағы мемлекеттік мұражайды толық аралап шығу үшін бір апта аздық етеді. Соның өзінде бірталай мәліметті қамтып қалуға тырыстық. Қабырғаларға ілінген папирус қағаздары бізге көп сыр айтатындай. Салмағы елу тоннаға дейін жететін алып ескерткіштер осыдан бес мың жыл бұрын өмір сүрген мүсіншілердің шеберліктерін әйгілеп, қасқайып қарап тұр.
Каир қаласындағы көпқабатты үйлердің барлығы шатырсыз. Мұнда шатырлы үйге салынатын салық басқа үйлерге салынатын салыққа қарағанда анағұрлым көп. Сондықтан мысырлықтар үйлерін шатырмен жаппайды. Сонымен бірге толық біткен үйлерге салынатын салық та тым жоғары екен. Соны білетін жергілікті тұрғындар бір-екі бөлмесін әдейі бітірмей қояды. Жер телімі тым қымбат болғандықтан, тұрғындар үйленген әр баласы үшін үйлерін биіктете береді. Яғни, үйлерін тағы бір қабатқа көтереді.
Махмұт бізге қаланың бір ауданын қазақ жігіті басқаратынын айтып берді. «Уақыт болса, жолықтырамын» деп те уәде берген. Бірақ, құрғыр уақыт қашан да тапшы. «Бейбарыс бабамыздың ұрпағы сұлтанның ізін жалғастырып жүр екен ғой» деп сүйсіндік. Алла нәсіп етіп, тағы да жолымыз түсіп жатса, қандасымызды қалай да табуға тырысамыз деп өзімізге өзіміз іштей уәде беріп аттандық. Бірге сапарлас болған досым, Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, тарихшы Тағабек Әліпбаев та Каир қаласындағы бір ауданның әкімі қазақ жігіті дегенге қатты қуанды. Сондай-ақ, ол осы қалада қазақтың ұлы ақыны Абай атамыздың ескерткіші бар екенін еске салды.
Ғажайыптар әлемі
Египет әлемнің жеті кереметінен де көп ғажайыптарға толы жұмбақ мекен. Египет адамзат тарихындағы ең көне су және күн сағатын алғаш ойлап тапқан ел ретінде де ерекшеленеді. Мысырлықтар бір жылды 365 күнге, ал, бір күнді 24 сағатқа бөлген алғашқы халық. Астрономия мен медицина ғылымы да бастауын осы елден алады екен. Мысырлықтар хат тасу үшін көгершінді пайдаланған алғашқы мемлекет ретінде де ерекшеленеді. Атақты қолбасшы Александр Македонский осы елде жерленген.
Сіз тіс пастасын, тарақты, сабынды, шыныны және цементті ең алғаш қай ел ойлап тапқанын білесіз бе? Білмесеңіз, айтайық, оларды ды мысырлықтар ойлап тапқан.
Әлемдегі ең ұзын өзен де Египетте. Ол – Ніл өзені. Оның ұзындығы – 6853 километр. Сапарымызда ұлы Ніл өзені бойымен кемемен жүзудің сәті түсті.
Ежелгі Египеттің ең ұлы фараоны Рамсес ІІ алпыс жыл бойы тақта отырған. Оның тоқсан ұл-қызы болыпты. Біздегі екі-үш баламен шектелетіндерге Рамсестің құдіретін берсін деп тілейік.
Атақты Клеопатра патшайым елді 22 жыл бойы билеген. Алғашқы көйлектер осыдан 5000 жыл бұрын ежелгі Мысырда пайда болған. Мұнда еркектер ақ, әйелдер қара киім киеді.
Біз жоғарыда мысықтардың мүсіні көп сатылатынын жазған едік. Сөйтсек, бұл елде үнділер сиырды қалай құрмет етсе, мысырлықтар мысықты солай құрметтеп, ең қасиетті жануар санайды екен. Бұл бұл ма, мысық өлтіргендер ең ауыр қылмыс жасағандар қатарында жазаланады.
Бірнеше дін ағымы өмір сүрген осы елде христиан діні алғаш пайда болған.
Жасанды шашты (парик) ойлап тапқандар да мысырлықтар. Оны заманында ең бай адамдар киіпті. Африка мен Азия құрлықтарына орналасқан Египет Қызыл теңізімен мақтана алады. Ол әлемдегі ең жылы теңіз болып саналады. Халқының 90 пайызы арабтар болып келетін бұл елдің қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуға құқылары жоқ. Ежелгі Египет алфавиті 700 иероглифтен тұрған екен. Олар кезінде балды ақша ретінде пайдаланыпты. Мұнда сыра өндірісі жақсы дамыған. Күннің аса ыстық болуына орай күн көзінен қорғану үшін еркектер де макияж пайдаланған екен.
Бейбарыс баба рухы
Каирға барып тұрып Бейбарыс бабамыз салдырған мешітке соқпай кету қазақтыққа жатпас еді. Мешітті 1266 жылы Бейбарыс сұлтанның өзі салдырған. Қазір оны «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті деп атайды.
Мешіт өте жақсы сақталған. Оның үстіне 1993 жылдың сәуірінде Каир қаласында Қазақстанның Мысырдағы елшілігі ашылған. Осы кезден бастап екі елге ортақ діни құндылықтар мен тарихи тұлғаларды насихаттау жұмысы қолға алынды. Қазақстан мен Мысыр үкіметтері арасында ортақ келісімдер қабылданып, нәтижесінде екі елге ортақ тарихи мұра – Бейбарыс мешітін жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазақстан Үкіметі бабамыздың мешітін жөндеуге 4,5 миллион доллар бөлді.
Мысырлықтар да Бейбарыс сұлтанды қатты құрметтейді. Оған куә бабамыздың 800 жылдығын ортақ мерейтой ретінде атап өтуі. Осы мерейтойға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, бабамыздың 800 жылдығын жоғары деңгейде өткізгені үшін Мысыр елі басшылығы мен халқына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысын жеткізіпті.
Қыпшақ даласында дүниеге келіп, осында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігімен, асқан талантымен құлдықтан қайраткерлікке дейін көтерілген Бейбарыс бабамыздың өмірі өте қызықты да қайшылықтарға толы. Оның құлдыққа түсуі туралы екі дерек бар. Бірінші дерек бойынша әкесінің жаулары бала Бейбарысты 800 дирхамға құлдыққа сатып жіберген деседі. Екінші дерек бойынша, әскери жорықтар кезінде қолға түскен.
Мәмлүк мемлекетінің іргесін Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың мұрагерлері арасындағы көпжылдық қақтығыстар мен тартыстардан кейін оның қызы Фатима мен күйеу баласы Ғали-Арыстан қалады. Өз мемлекетін жаудан қорғауда олар жергілікті халыққа емес, күшті де қайратты қыпшақ жігітіне иек артты.
Осы жерде айта кетейік, Мәмлүк сұлтаны Бейбарыс пен Алтын Орда ханы Беркенің арасында берік дипломатиялық байланыс болған еді. Бауырлас екі ел күш біріктіруі нәтижесінде ислам әлеміндегі ірі жеңістерге қол жеткізді. Мәмлүк сұлтандығы мен Алтын Орда ислам дінінің шырағын қайта жақты. Исламды бөлшектеуге тырысқан крестшілер жорығына, моңғол басқыншыларына тойтарыс берді. Дін дұшпандары Ислам халифатын құлатқан кезде Мысырды Ислам әлемінің орталығына айналдырды.
Мысыр елі кезінде кедей-кепшікке әрдайым көңіл бөліп, жетімдерді желеп-жебеп, өз қолтығының астына алған Бейбарыс бабаның қамқорлығын әлі де ұмытпаған. Ол әр қалада арнайы әскер ұстаған. Мемлекеттік тәртіпті нығайтқан. Сарай маңында орын алатын өзара қырқысуларды түпкілікті тоқтатқан тұлға. Осының нәтижесінде Мәмлүк мемлекеті көркейе түсті. Бұл елге әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келе бастады. Бейбарыс өзендерге көпірлер және әр қалаға бір-бір мешіт салдырды. Ол Шығыстағы барлық араб иеліктерінің әміршісі деген атаққа қол жеткізді. Бірақ ол өзіне «қызметші» деген атты лайық көрді. Бейбарыс бабамыз Орта Азиядағы селжүктерді, кіші Арменияны, берберліктерді толығымен өзіне бағындырды. Көреген саясаткер ретінде де танылған бабамыз алыс-жақын мемлекеттермен тығыз байланыс орнатты.
Ең өкініштісі сол, осындай аса көрнекті мемлекет қайраткерін 1277 жылы уәзірі қыпшақ Қалауын у беріп өлтіреді. Бұл қызғаныш пен көреалмаушылық, бақталастық дегенді қойсаңызшы...
Осыларды ойлағанда көңіл құлазиды. Бірақ, мысырлықтардың бабамызды құрметтеп, мерейтойын жоғары деңгейде өткізгені, шартараптан келген қонақтарға, туристерге «біздің бабамыз» деп Бейбарыс мешітіне ертіп келіп, көрсетуі, ғибадат орнын күтіп ұстауы көңілімізді сергітті. Жолбасшымыз Махмұт Мұстафа Бейбарыс сұлтан бабамыз туралы біраз деректер айтты. Солардың біразын осы жолжазбада пайдаландық.
Бабамыздың ізі, қолтаңбасы қалған мешітте жүріңкірегіміз келген. Алайда, бабаға арнап Құран бағыштауға, арасында суретке түсуге ғана үлгердік. Египет астанасын аралауда бізге бөлінген уақыт өте тығыз болып шықты.
Каирдағы мемлекеттік музейді аралауға екі жарым сағат уақыт қана бөлінген екен. «Патшалар алқабынан» табылған барлық жәдігерлер жиынтығы осында топтастырылған. Бұлар жөнінде толық жазу мақала көлеміне сыймағандықтан осы жерден тоқтағанды жөн санадық.
Шарм Эль-Шейх
Шарм Эль-Шейх Оңтүстік Синай губернаторлығындағы аудан орталықтарының бірі. Қазір қалада 48 мыңға жуық тұрғын бар. Шарм Эль-Шейх сөзі қазақшаға аударғанда «Шейх қойнауы» деген мағына береді. Қала төрт мемлекетпен: Сауд Арабиясы, Израиль, Ливия, Туниспен шектесетіндіктен де мұнда бақылау қатаң. Қаладан аттап бассаңыз полиция құжаттарыңызды сұрайды. Алайда, қалада түнде мүлде басқа өмір басталады. Түнгі клубтар, ойынханалар қызылды-жазылды жарнамаларымен арбап, өзіне шақырады да тұрады. Дегенмен, әр елдің салты басқа, түнгі клубтар мен ойынханаларды сырттай қызықтағанымыз болмаса, ішіне кірмедік.
Шаһар шағын болғанымен, өте таза да көрікті. Тұрғын үйлер мен мекеме ғимараттары екі-үш қабаттан аспайды. Пальма ағаштары мен түрлі гүлдер көз жауын алады. Көшелерді арнайы машиналар сәт сайын тазалап өтеді, су себеді. Біз қаланың Хай-эн-Нур ауданындағы «Сахаба» мешітінде болдық. Бұл мешіт қаланың оң жағынан да, сол жағынан да менмұндалап көрініп тұрады. Мешітке келушілер қарасы қалың. Мұнда Променад-Нама Бейге атты жұртшылық жүретін жолмен серуендеудің өзі бөлек әңгіме.
Қызыл теңіз жағалауы іркес-тіркес қонақүйлерге толы. Барлығы да курорттық бағытта. Мұнда демалушыларға барлық жағдай жасалынған. Кемелермен теңіз айдынына шығу, су астына саяхат, тағы басқада қызықтар келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Біз кемемен шығып «Ақ арал» деген жерге келіп аялдадық. Бұл теңіз ортасындағы аядай ғана арал. Аппақ болып тұзданып жататындықтан осылай аталған. Осы кішкентай ғана арал қыста су астында қалады екен. Жазда ғана қылтиып көрінеді. «Сондықтан көріп қалыңыздар» деп жол басқарушылар қызықтырған соң оны да барып көрдік. Бір қорқыныштысы, кеме аралға тым жақындамайды, ол жерге жүзіп баруың керек.
Айлақтардағы кемелердің санынан жаңылысасыз. Мұнда да сауда қызып жатады. Түйе жетектеген адамдар айлақта да толып жүр. Шетелдіктерге бәрі таңсық. Шүпірлеп суретке түсіп жатқан адамдар көп.
Шарм Эль-Шейх қаласы Осман мемлекеті тұсында-ақ танымалдылыққа ие болған. Сол уақытта бұл жер Офира аталыпты. Жол басшымыздың айтуынша, бұл жерді басып алғандар қаншама?! Бірақ соңында бәрібір Египетке қайтарылған.
Жетпісінші жылдары орналасқан жерінің қолайлылығы, ауа райының жайлылығы, табиғатының байлығына байланысты қала тез әрі сапалы дами бастаған. 2017 жылы қалада халықаралық әуежай салыныпты. Мұндағы қонақүйлердің бағасы әртүрлі. «Фор Сизанс Резорт» ең қымбат қонақүй болып саналады. Оның бір күндігі біздің 140 мың теңгеге тең. Бес жұлдызды осы қонақүй де келушілерден босап көрген емес.
Турфирма қызметкерлері қаланы тегін аралатты. Қаланың көрікті жерлерін араладық. Бейбітшілік алаңына, жұмасына Египет президенті келіп, намазға жығылып кететін мешітке, базарға апарды. Базардағылармен саудаласудың да өз тәртібі бар. Олар саудаласқанды ұнатады. Көп зат алсаңыз, бағалары арзандай түседі. Қаладан бірде-бір бағдаршам көрмейсіз. Көлік жүргізушілері соншалықты ұқыпты. Біздегідей сағат сайын соқтығысып жатқан көлік көрмейсіз. Сөйтсек мұнда жүргізушілік оқуды бітірген соң алты ай сынақ мерзімі белгіленеді екен. Сол алты айда бірде-бір рет жол ережесін бұзбасаңыз ғана сізге жүргізуші куәлігі беріледі.
Мысыр дамыған медицинасымен де ерекшеленген ел дедік қой. Мұнда бізді мемлекеттік дәріханаға арнайы алып барды. Египетте дәріханалар мемлекеттік және жекеменшік болып екіге бөлінеді. Дәрілердің басым көпшілігі шөптердің сығындысынан алынған майлардан тұрады. Осы майлардың денсаулыққа қалай әсер ететіні туралы орыс тілінде дәріс тыңдадық. Дәрігердің айтуынша, Египетте қолдан дәрі жасағандар ату жазасына дейін кесіледі. Дәріхана іші кең екен. Демалушылар өздеріне керек дәрілерді көптеп алып жатты.
Аз ғана мерзімдегі Мысыр сапарынан алған әсеріміз шексіз. Шағын жолжазбада оның барлығын түгел қамтып жазу мүмкін емес. Біз Шымкентке қатынайтын ұшаққа түнде отырдық. Алып лайнер көкке көтерілгенде соңымыздан самаладай жарқыраған от қалды. Мен пирамидалардың тоналған жамылғысын ойлап келе жаттым...
Шымкент–Шарм Эль–Шейх-Шымкент.