ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ АЯСЫНДА ӨТКЕН СЕССИЯДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІН ДАМЫТУ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 - «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы басталды. Форум аясында «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті.

Салалық сессияда - талдау, даму перспективалары, АӨК-ні қаржылық емес қолдау, сыртқы нарықтарға шығу, компаниялардың тәжірибесі; Өнімді стандарттау және сертификаттау. Бөлшек сауда желілеріне шығу тақырыптары қозғалды. Сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерімен бөлісті.



-Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысы аграрлық өңір болып табылады, өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30% құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып табылады. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 млн.астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд. АҚШ жеке инвестиция тартылды. Дегенмен қазіргі уақытта, әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты, біз бірінші кезекте келесі бағыттарды дамытуға мүдделіміз:

- Ғылыми негізделген рентабельді дақылдарды енгізу есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру;

- Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу;

- Бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласын дамыту.

Сондықтан, саланы жаңа бағытта дамытуды, шикізаттық дамудан дайын өнімді шығаруға көшуді жан-жақты талқылауда біз бірыңғай ұстанымға келеміз деп үміттенемін,- деді ол.

Ауқымды жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей елдерінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлері, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары арнайы қатысты. Сонымен қатар, форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 055 млрд. тенгені құрайтын 17 мемарандумға қол қойылды.



Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы өте жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 га) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың га) жүйелі түрде дамып келеді.

Жыл сайын облыста 3,0 млн.тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.

Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша біздің облыс республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14% - ы, ұсақ малдың 23% - ы, жылқының 11% - ы, түйенің 14% - ы, өндірілген еттің 11% - ы және сүттің 12% - ы тиесілі. Сондай-ақ, облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85% - ы, қой етінің 60% - ы тиесілі. Ағымдағы жылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталады деп күтілуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Пікір қалдырыңыз