Арыстың шипалы суы шетелге экспортталмақ

Арыс қаласында шығатын минералды суға қытайлық компания қызығушылық танытып отыр. Таяуда Арыс қаласына Қытай Халық Республикасынан инвесторлар келді. Қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық шетелдік қонақтарға қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндап, Арысқа тартылып жатқан инвестициялық жобалар туралы айтып өтті.
Бұдан кейін меймандар «Арыс минералды су» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Руслан Полатханұлы өндіріс орнымен жан-жақты таныстырып, кешенді дамытуға арналған алдағы жоспарларымен бөлісті.
Белгілі болғандай, инвесторлар бұған дейін «Arys» брендімен танымал емдік судың құрамын анықтау үшін оны арнайы сараптамадан өткізген. Зертханалық жұмыстардың қорытындысы Арыс минералды суының табиғи тұрғыдан таза әрі денсаулыққа пайдалы екендігін анықтаған. Осыған сәйкес, компания басшылығы «Арыс минералды Су» ЖШС-мен әріптестік орнатып, инвестиция салуға ниетті. Сондай-ақ, Қытай еліне емдік дәруменге бай ауыз суды үлкен мөлшерде экспорттағысы келеді. Сәтін салса, Түркістан өңірінің бренді саналатын «Arys» минералды суы шетел нарығына шығарылады деген үміт бар.
Айта кетейік, Арыс қаласында орналасқан «Арыс минералды су» ЖШС жылына 18 млн. литр минералды су шығарады. Бүгінде серіктестікте 20-дан астам адам жұмыс істеп, тәулігіне 15 мың құты су шығарып отыр. Шипалы су 1870 метр тереңдіктен алынады.
Арыс минералды суының емдік қасиеті мол, ол жөнінде курортология институтының қорытындылары алынған. Қазіргі таңда серіктестік 0,5; 1; 1,5; 5; 19 литрлік құтыларға газдалған және газдалмаған су құйып, сатылымға шығарады. Бүгінгі таңда табиғи минералды ауыз су Арыс қаласы мен Түркістан облысының аудандарына, Алматы, Қызылорда облыстарына, Шымкент қаласына жөнелтілуде.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.