Теріскейді түркістандықтар түлетіп жатыр!
«...Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе шекара маңында тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңірі тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе... Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды».
(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласынан).
Мемлекет басшысының бүгінгі қазақ көшіне деген ұстанымы осындай айқын, нақты және оң. Ел Үкіметі де «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы
2026 жылға дейін солтүстікке қоныс аударған азаматтардың жұмыспен қамту деңгейін 87 пайызға дейін жеткізуді көздеуде. Инфрақұрылымдық жобаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін солтүстік өңірлерге оңтүстік аймақтардан 35 мың адамды тарту жоспарланған. Еңбек күші тапшы өңірлерді қолдау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың квотасын бекітеді.
Теріскейге қоныстанған жерлестеріміздің тыныс-тіршілігімен танысып қайту үшін 6-11 қараша аралығында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Сағындық Ізбасқанов бастаған арнайы делегацияның мақсаты да осы шаруалардың қалай жүзеге асып жатқанын көзбен көріп қайту еді. Саны 11 адамнан тұратын комиссияның құрамында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильді орталығы» КММ қызметкері Қайрат Кәрібаев, Сайрам аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Сәбит Реметов, «Мансап орталығы» Сайрам аудандық филиалының директоры Абзал Қазанғапов және БАҚ өкілдері мен блогерлер болды.
Алғашқы күні Астана қаласына аялдап, келесі күні Қостанай қаласына ұштық. Бұдан бір жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімін иеленген әуежайда Қостанай облыстық өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жауапты қызметкерлері күтіп алды.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали оңтүстік өңірлерден келген тұрғындарды қоныстандыру жұмыстары бойынша баспасөз мәслихатын өткізіп, біраз мән-жайға қанықтырды. Бұрын Жамбыл облысында алты жылдай мемлекеттік қызмет атқарған азаматтың әлеуметтік саланың жай-күйін жетік білетіні әр сөзінен аңғарылып тұрды. Оның айтуынша, ішкі миграция 2017 жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен, ал, 2022 жылдан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылып келеді. Алты жылдан астам уақыттан бері Түркістан облысынан Қостанай облысына 348 отбасы, яғни 1093 адам көшіп келіпті. Көшіп келгендер облыстың 20 ауданы мен қаласына орналастырылған. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қостанай қаласында 192 адам (17%), Сарыкөл ауданында 141 адам (13%), Рудный қаласында 119 адам (11%), Әулиекөл ауданында 94 адам тұрып жатыр. Шетелден тарихи атамекеніне оралған қандастарды орналастыруда өзге ұлттары көп, қаракөзі кем басқа өңірлер оңтүстіктің тағлымды тәжірибесіне қызығатыны рас. Мұны Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенова жасырған жоқ. Маңызды істі жолға қоя алатын басшының орынбасары мен бөлім басшысы қызметіне лайық лауазым иесі бола алатын білікті мамандарды Түркістан облысынан күні кешеге дейін тағатсыздана күткендерін мойындады. Алайда, талапкерлер келмегендіктен қолда бар өз кадрларына бұйрық шығаруға мәжбүр болыпты.
Гүлнәр Әбенованың айтуынша, мамандығы бойынша келгендердің арасында медицина қызметкерлері (дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер), мұғалімдер, тәрбиешілер, мәдени ұйымдастырушылар, тракторшылар, аспаз көмекшілері, жүргізушілер, есепшілер, газбен және электрмен дәнекерлеушілер, экономистер, тігіншілер және басқа да түрлі мамандық иелері үлкен сұранысқа ие.
Аталған бағдарламаға қатысушы бір адамға және әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК (241 500 теңге) мөлшерінде қоныс аударуға материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) және тұрғын үйді пайдаланған жағдайда төлемге жұмсалған шығындарды өтеу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Коммуналдық қызметтер – ай сайын 12 айға (қалаға көшкендерге 20-дан 30 АЕК-ке дейін (69 000 – 103 500 теңге) және ауылдық жерлерге көшіп келгендерге 15-21 АЕК мөлшерінде (51 750 – 72 450 теңге) отбасындағы адам санына байланысты) төленетін болады. Биылдан бастап тұрғын үй сатып алу, баспана салу үшін ақшалай төлем немесе ипотекалық тұрғын үй бойынша бастапқы жарна түрінде қаржылық көмек көрсетіледі. Бір отбасыға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ табысы 1160 АЕК-тен аспаса, қаржылай көмек көрсету жөнінде анықтама беріледі екен.
Квотаға Түркістан облысынан 151 адам енгізілген. Олардың барлығына қоныс аудару және жалға алу үшін қаржылай көмек көрсетілген. Сөйтіп, 15 отбасы (60 адам) экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша баспана сатып алған. Көшіп келушілердің тұрмыстық жағдайы жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Егер де проблемалар туындаса, оларды анықтау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында қоныс аударушылардың отбасыларымен тығыз байланыста жұмыс атқарылады.
Ринат Закиұлының айтуынша, келешекте өңірдің әр аудан-қаласы дәрігерлер үшін арнайы 4 үй алып қою мәселесін қарастырып отыр екен. Сонымен қатар, ақ желеңді абзал жандар үшін резидентурадан өтуге 70 квота қаралыпты.
Жалпы, Қостанай облысы аграрлы аймақ саналады. Өңірдің оңтүстік бөлігінде жайылымдық жер көп. Ал, солтүстік бөлігі егіншілікке өте қолайлы. Қара топырағы өте құнарлы. Мысалы, мұнда жердің баллбонитеті 25-тен төмен болса, тиімсіз деп есептеледі. Ал, салыстырмалы түрде айтқанда, Түркістан облысында тәлімі жердің баллбонитетінің ең жоғары көрсеткіші 20-ға тең болса, бөркімізді аспанға атамыз ғой. Демек, күнгейде құнарлы деп жүрген топырақ теріскейдің «ең нашар» дейтін жеріне жетпейді екен. Ендеше, егіншілікпен айналысқысы келетін азаматтардың еш ойланбай солтүстікті бетке алып, көше берулеріне болады.
Біз алдымен, Қостанай қаласында кәсібін ашып, тіршілік кешіп жатқан жерлестерімізге жолықтық. Солардың бірі – Жасұлан Әйтенов. 32 жасар түлкібастық азамат бүгінгі таңда құрылыс компаниясында инженер болып жұмыс істейді. Айлық жалақысы орта есеппен 350 мың теңгені құрайды. Жас отбасы қараша айында жекеменшік үй сатып алуға құжат әзірлеген. Себебі, арендалық пәтердің коммуналдық қызметін алушы (2 адамға 86 200 теңге) 6 ай ішінде үй сатып алуға өтініш беріп үлгеруі тиіс. Таңдаған пәтері 10 миллион теңгенің жобасында. Бағдарлама бойынша оның 4 миллион теңгесін мемлекет төлесе, қалғанын ипотека жолымен ресімдемек. Жас-ұланның әйелі Ақбала Жиенбаева жеке ателье ашып, ұлттық нақыштағы киімдер тігуге маманданған. Қазір бала күтімімен декреттік демалыста көрінеді. Отбасымен көшіп келген Әзиза Әбдірасылова да қайтарымсыз грант ұтып алып, өз кәсібін ашқан. Кәсіпкер келіншек көмекшісі екеуі чикен, гриль, донер, фри және тез дайындалатын тағамдарды пісіріп, салқын сусындар сатуды жолға қойған. Қалалық емханаға жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысқа орналасқан Дониёр Рахатовтың келгеніне 6 айдан асыпты. «Еңбек» бағдарламасымен көтерме ақы, баспана жалдау ақысы сияқты төлемдерден бөлек, медицина қызметкері ретінде 3,5 миллион теңге бір жолғы материалдық көмек алған. Қызметіне дән риза, мұнда келгеніне өкінбейді. Қайта әріптестерін Қостанай қаласына шақырады.
Біз мінген «ГАЗель» автокөлігі Ыбырай Алтынсарин ауданының Жаңасу ауылына бұрылды. Мұнда ағайынды Нұрлан және Нұржан Қаныбековтердің отбасында қонақта болдық. Олар Ордабасы ауданындағы Бадам және Шымкенттегі Жаңа талап елді мекендерінен көшіп келген екен. Ағайынды жігіттерді тұрғылықты халық жатырқамапты. Нұрлан орман шаруашылығында өрт сөндіруші болса, әйелі мейірбике болып жұмыс істейді. Бес баласы бар. Ал, Нұржанның қолынан келмейтіні жоқ. Құрылысқа да икемді, мал шаруашылығымен де айналысады. 10 сиыры бар. Әйелі мектепте мұғалім. 300 мың және 750 мың теңгеге екі үй сатып алыпты. Қымбат баспанасында өздері тұрып жатыр. Екіншісін сатып жіберген. Ауылда 45 отбасы тұрады. Клуб, аурухана жоқ. Ауыл әкімі Аслан деген жігіт «бұл Жаңа су ауылы 100 отбасыны қабылдай алады» деп құшағын жайып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына келгенде жұмысты дұрыс үйлестіру үшін делегация мүшелері 3 топқа бөлініп, аудандардағы елді мекендерді араладық. Біздің топ Қызылжар ауданына қарасты Подгорное елді мекеніне барды. Осы ауылдың тұрғыны Нұрполат Лесбеков – Төлеби ауданы, Көксәйек елді мекенінің тумасы. Алдымен өзінің автокөлігімен Петропавл–Астана бағытында такси айдап, нәпақа тауыпты. Жұбайы – ауылдағы мектепте мұғалім. Нұрполат үйде
5 сиыр, 15 бұзау бағып отыр. Жем-шөбін жеткілікті дайындаған. Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен СТО (Техникалық қызмет көрсету орталығын) ашқан. Бизнес үшін бұл қаланың тиімді екенін айтады. Ал, оның ауылдасы Тастан Өскенбаев (Қазығұрт ауданы, Шанақ елді мекенінен 2021 жылы қоныс аударған) Подгорное елді мекеніндегі негізгі мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүр. Ол 4 ұлының болашағы зор болатынына сенімді.
Ал, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Привольное ауылының тұрғыны Нұрлыбек Қисықов Түлкібас ауданының Дәубаба елді мекенінен 2018 жылы қоныс аударыпты. Жасы алпысты алқымдаған ел ағасы алыстан келген жерлестеріне қуана құшақ ашты. Шымкентке келген бір сапарында облыстық әкімдіктің мәжіліс залында танысқан едік. Сұхбат та алғанбыз. Оңтүстік тұрғындарын солтүстікке көшіруге насихаттай келген делегацияның белсенді мүшесі болатын. Бізді жазбай таныды.
– Жанымызда ағып тұрған
Есілдегі балықтай,
Ауадағы құс сияқты қалықтай,
Керемет жерде өмір сүрудеміз жалықпай, – деп ыстық лебізін тақпақтата жеткізді. Әйелі екеуі мектепте. Нұрлыбек Айдарұлы 9 ұлттың өкілдері дәріс алатын білім ұясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Жетісай қаласынан көшіп келген Рәзия Ескендірқызымен де тілдестік. Олар пилоттық жобамен салынған жаңа 10 үйдің бірінде тұрып жатыр. Тұрмыстары жақсы, күйеуі дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Табысы жақсы. Өзінің мамандығы – аспаз. Бес баласы бар. Теріскейге көшіп келгеніне өкінбейді.
Облыс орталығында да тұратын түркістандықтар аз емес. Солардың бірі – Қасым Амангелді. Оның петропавлдық атанғанына 6 жылдан асқан. Қаланың қақ ортасынан ерлер салонын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Айына 1 миллион 900 мың теңгедей табыс табады. Оңтүстік облыстардан мамандар тартып, оларды жұмыспен қамтып отырған Қасымның тірлігіне сүйсіндік.
Әрине, бір мақалада түркістандық жерлестеріміздің толық тыныс-тіршілігін түгел айтып шығу мүмкін емес. Ең бастысы, олардың көпшілігі жерсініп үлгеріпті. Елге қайтқандары аз. Жерлестеріміз өз арбаларын өздері сүйреп, күндерін көріп жүр. Түркістан облысы бойынша «Еңбек» бағдарламасының орындалуы ойдағыдай деп айтуға болды. Әрине, мұндай маңызды істе қоныс аудару процесін жылдамдату, туындаған мәселелерді жедел шешу, көшуге ниет білдіргендерге жағдай жасау үшін солтүстік өңірлердің өкілдері кезең-кезеңімен облысымызда болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл – қуанарлық жағдай. Талпыныс табыс әкеледі. Түбі теріскейді түркістандықтар түлететін сияқты. Біз осыған сеніп аттандық.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Шымкент – Астана – Қостанай –
Петропавл – Астана – Шымкент.