Өзекті мәселелер қозғалды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Масс-медиа туралы» Заң және журналистика тағдыры» тақырыбында медиафорум өтті. Аталған шараны «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Басқосуға ҚР Парламенті депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал журналистер, бірқатар өңірлердегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.

Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған медиафорумда танымал спикерлер отандық медиа саласының бүгіні мен болашағы, ұлттық және аймақтық журналистиканың өзекті мәселелері, «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты сарапшылық пікірлерін ортаға салды. Жиынға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.
Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжан, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов пен Оралхан Дәуіт, Серік Әбікенұлы, Жұлдыз Әбділдә, Есенгүл Кәпқызы, Молдияр Ергебеков секілді бірқатар танымал журналистер тақырып төңірегіндегі ойларымен бөлісті. 
«Aulieata Media» холдингінің директоры, белгілі журналист Оралхан Дәуіт аймақтық журналистиканың ахуалы мен өзекті мәселелері жайында мазмұнды баяндама жасады.
Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, сондай-ақ түркістандық журналистер күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде әңгіме қозғап, өз ұсыныстарын айтты.
Алқалы жиынға Парламенттің қос бірдей палатасы – Мәжіліс пен Сенаттан бірнеше депутат қатысып, олар айтылған сын-ескертпелердің, ұтымды ұсыныстардың Заңда қамтылуын қадағалайтын үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны жайлы ойларын ортаға салды.
«Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар салалық министрлікке және Парламентке жолданады.

Пікір қалдырыңыз