Қазақстанның ұлттық валютасына – 30 жыл! 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толады

Теңге – Қазақстанның егемендігін айғақтайтын маңызды атрибуттың бірі. Қазір ол тәуелсіз әрі мықты қаржылық жүйенің символына айналып отыр.  Осы күні еліміздің қаржыгерлері де кәсіби мерекесін атап өтеді.
Теңгенің айналымға енуі Қазақстанға ұлттық нарықтық экономика құру үшін алғашқы қадам жасауға мүмкіндік берді.
Қазақстанның алғашқы банкноталарын жасаған дизайнерлерге еліміздің ұлттық бірегейлігін танытарлықтай көркем, қолдануға ыңғайлы, қорғанышы мықты купюра әзірлеу міндеті жүктелді.

1992 жылы 26 мамырда ҚР Президентінің Қазақстан Ұлттық Банкінің баспа фабрикасын құру туралы Жарлығы шықты. 1993 жылы маусымда бағалы қағаздар шығаратын цех жұмысын бастады, ол жерде қағаз тиындар шығарылды.
Қазір Банкнот фабрикасы жинаған тәжірибесі мен көпжылдық еңбектің арқасында өз поли-графиялық базасында әлемдегі сапа мен технологияның барлық стандартына жауап беретін банкноталар шығарады.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, теңге дизайнында ежелгі дәстүр мен заманауи технология сәтті үйлесім тапқан. Банкнот фабрикасы мен Теңге сарайы ұлттық валюта банкноталары мен монеталарын әзірлегенде ең озық технологияларды қолданады. Өндіріс сапасының жоғары деңгейі беделді көрмелер мен түрлі конкурстарда лайықты бағаланып келеді.
Қазақстанның монеталары мен банкноталары халықаралық нумизматикалық конкурстарда әрдайым жоғары баға алады. Мұндай байқауларға бай тарихы бар және нумизматика мен монета соғу саласында жоғары мәртебеге ие монета сарайларының өкілдері қатысады. 
Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге әлемдегі ең үздік валюта деп танылған. Теңгенің түрлі купюрасы үздік дизайн мен жоғары сапасы үшін түрлі марапатқа ие болды. Мысалы, ел Тәуел-сіздігінің 20 жылдығына орай шығарылған 10 000 теңгелік купюра 2011 жылдың ең үздік жаңа банкнотасы атанды. 5 000 теңгелік купюра 2012 жылдың ең үздік жаңа банкнотасы деп танылды. Ал түркі жазуына арналған 1 000 теңгелік купюра 2013 жылы үздік дизайны үшін марапатқа ие болды. Сонымен қатар номиналы 20 000 теңге болатын банкнота 2015 жылдың үздік өңірлік банкнотасы деп танылды.
Қазақстан Теңге сарайы 1992 жылы құрылды. Онда түрлі материалдардан, соның ішінде түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталары шығарылады.  Сондай-ақ өзге елдердің мемлекеттік наградалары мен медальдарын тапсырыспен әзірлейді. Қазақстан монета сарайы – Англияның Корольдік монета сарайы сияқты танымал монета сарайларын біріктіретін Монета сарайлары қауымдастығының мүшесі.
Қазақстан – танталдан, ғарыш өнеркәсібінде пайдаланылатын бағалы металдан монета шығарған жалғыз ел. Құрамында тантал бар ғарыш тақырыбындағы монеталар сериясы көптеген халық-
аралық марапатқа ие болған.
Қазақстан Ұлттық Банкі инвестициялық және коллекциялық монеталар шығарады. Инвестициялық монеталар күміс және алтын сияқты бағалы металдардан әзірленеді және аса құнды. Коллекциялық монеталар шектеулі тиражбен шығады. Олар жинауға арналған және нумизматтарды қызықтырады. Бұл монеталар тек төлем құралы ғана емес, сонымен қатар мәдени-ағартушылық және инвестициялық маңызға ие. Олар тарихи оқиғаларды, мәдени ескерткіштерді және әртүрлі салалардағы жетістіктерді еске салады. Қазір Қазақстан монеталары әлемдік каталогтан ойып тұрып орын алып, нумизматикалық құндылыққа ие болып отыр.
Құрметті отандастар! «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ Түркістан филиалы Сіздерді Ұлттық валюта – теңгенің 30 жылдығымен құттықтайды. Сіздерге қаржылық әл-ауқат пен өркендеу, сондай-ақ өмірлеріңіздің барлық салаларында табыс тілейміз! 

«ҚР Ұлттық Банкі» РММ
Түркістан филиалы.
Түркістан қ., 
Тәуке хан даң. 371 ғ.
Пікір қалдырыңыз