ТҮРКІСТАНДА ВОЛОНТЕРЛІК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛДЫ

Еріктілік халқымызға жат дүние емес.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен республикамызда алғаш рет кәсіби волонтерлік қызметтің жұмысы басталды.


«Ақжайық» музыкалық мектебінде өткен қозғалыстың алғашқы отырысына департамент басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков және облыстағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары қатысты. Жиында волонтерлердің қолдауымен Пердебек Есқұлов волонтерлік қозғалыстың төрағасы болып сайланды.

– Еріктілік халқымызға жат дүние емес. Өздеріңізге мәлім, қазақта «асарлату» деген ұғым бар. Дәстүрді қайта жандандырып, республикада алғаш рет Экономикалық тергеп-тексеру департаменттері арасында волонтерлік қозғалыс құруға бел будық. Бүгінде қаржылық алаяқтықтың құрбандары күн санап артып келеді. Департамент мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресуді жөн санады, – деді департамент басшысы.


Кездесуде департамент қызметкері Гүлзия Қарсыбай волонтерлік қозғалыс жайлы баяндама жасап, қатысушылардың сұрағына жауап берді. Жиын соңында волонтерлік қозғалыстың атрибуттары – төлтаңба пен туы таныстырылды.

Айта кетейік, волонтерлік қозғалыстың басты мақсаты – облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік маңызды атаулы тауарлардың бағаларына мониторинг жұмыстарын жүргізу және облыс аумағындағы қаржылық алаяқтық деңгейінің төмендеуіне үлес қосу.

«Оңтүстік»-ақпарат. 

Пікір қалдырыңыз