«ТІЛІҢ БАРДА – КҮНІҢ БАР»

Тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби осылай дейді.

Қабыл ағамыздың туған тіліне деген сүйіспеншілігі, әдебиетке жақындығы ана сүтімен дарыған қасиет. Мектепте оқып жүргенінде аудандық «Ильич жолы» және «Қазақстан пионері» газеттеріне мақалалар жазып тұрды. Журналист болу оның бала күнгі арманы болғанымен, Алматыға жолы түспей, 1975 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына (ҚазХТИ) студент болып қабылданады.

Қабыл Тұрарұлының хакім Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиетін нық ұстанғанын тағылымды өмір жолы байқатады. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол бірнеше мамандықты меңгерген. Атап айтсақ, ҚазХТИ-ді «инженер-технолог», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі», Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын «мемлекеттік басқару менеджері» және Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін «заңтану» мамандығы бойынша бітірген. Ол жоғары оқу орындарында алған мамандықтары бойынша 13 жыл ірі өндіріс орындарында, 18 жыл атқарушы органдарда және 12 жыл сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп, өзі қызмет істеген салаларда өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат. Осы ретте айта кетерлігі, Қабекең жоғары қызметке бірден келе қалған жоқ. Өндіріс орындары мен аудан, қала, облыс әкімшіліктерінде, министрлік пен облыстық сотта қызметті ең төменгі бас маманнан бастап, содан кейін біртіндеп сатылап өсіп, қалада, облыста бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы, комитет төрағасы, кейін министрлікке барып, өз ісінің білікті маманы екендігін дәлелдеді. Оның алғашқы еңбек жолы 1980 жылы институт жолдамасымен Шыршық қаласындағы «Трансформатор» зауытында инженер-технологтан басталып, аға инженер-технолог, техникалық бюроның бастығы, 1987 жылы Шыршық «Электрохимпром» өндірістік бірлестігінде №4 цех бастығының орынбасары болды. Содан кейін 1990 жылы Шымкент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы қызметін атқара жүріп, сол зауытта «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымының төрағалығына сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Зауытта істейтін 800 адамның 8-і ғана қазақ екенін ескерсек, кәсіпорында қоғам құрудың қаншалықты қиын болғаны айтпаса да түсінікті.

Ана тілінің көсегесін көгертуді өмірлік мұрат тұтқан Қабекең тың иедяларын жазып қана қоймай, оларды жүйелі түрде ретімен жүзеге асыра білді. Ол «Электроаппарат» зауытында қазақ тілін дамытудың нақты жоспарын жасап, зауыт директоры А.Суворовқа бекіттіріп алады. Жоспар бойынша ең алдымен, зауыттың маңдайшасындағы «Чимкентский завод Электроаппарат» деген жазуды алдыртып, «Шымкент Электроаппарат зауыты» деп өзгертеді. Бұдан кейін зауытқа қарасты балабақшада қазақ топтарын ашып, барлық бөлімдердің бланкілерін қазақшаға аударуды және іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді, қызметкерлерге қазақ тілін үйретуді қолға алады. Жұмысшыларды қазақ тілді басылымдарға жаздырту сияқты тағы басқа да түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруға түрткі болады.

1990 жылы зауыт басшылары мен жұмысшыларды үгіттеп, «Наурыз» мейрамын ұйымдастырып жоғары деңгейде өткізгені бүкіл ұжымды бір желпіндіріп, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген көзқарасын өзгертіп, құрметін арттыра түсті. Зауытта істейтіндердің 99 пайызы өзге ұлт өкілдері болғандықтан, бұл шаруаның оңайға соқпағаны анық. Оның үстіне қоғамдық негіздегі жұмысқа ақы төленбесе де, ол ұлттық құндылықтарды насихаттау және қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде биік тұғырына қондыру жолында уақыты мен күш-жігерін аяған емес. Мысалы, ол Чимкенттің – Шымкент болып өзгеруіне екі жыл бойы ерінбей еңбек етті. Сонымен қатар, қазақтың ұмыт бола бастаған кейбір салт-дәстүрлерімен халықты қайта қауыштыру секілді руханият мәселелерінде үнемі алдыңғы шепте жүрді.

Тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы керек

Қабыл Дүйсенби есімі елге қазақ тілінің нағыз жанашыры, шын жоқтаушысы ретінде танымал. Бұған оның «Тілің барда – күнің бар», «Тіл үшін күрес – бізге тиген үлес», «Тіл бірлігі – ел  бірлігі», «Тіл мәселесі – ел мәселесі», «Тілді сүю – елді сүю» т.с.с. ұрпақтан-ұрпаққа жетер сөздері дәлел. Бұл кісінің мемлекеттік тілді дамытудағы еңбегі бір кітапқа арқау боларлық. 

Жалындап тұрған жігіттің зауыттағы игі істеріне сүйсінген Шымкент қаласындағы Абай ауданының сол кездегі әкімі Пернебай Әубәкіров оны әкімшілікте жаңадан ашылған Тіл бөлімінің меңгерушілігіне шақырады. Бұған өзі келіскенімен, зауыт директоры білікті қызметкерін жібергісі келмейді. Бірақ, П.Әубәкіровтің табандылығымен мәселе шешіліп, цех басшысы өндірістен әкімшілікке ауысады. Бұл туралы Қабыл аға: «Үлкен өндіріс орындарында 13 жыл істедім. Шыршықтағы «Трансформатор» зауытында бес мың, «Электрохимпромда» он бір мың, ал Шымкенттегі «Электроаппарат» зауытында сегіз жүздей адам еңбек ететін. Менің сол кездегі айлығым аудандық партия комитетінің бірінші хатшысының жалақысымен бірдей-тін. Ал, аудан әкімшілігіндегі айлығым одан 13 есе аз болды. Бірақ, мен ұлттық идея, тіл үшін қызметімді ауыстырғаныма өкінгенім жоқ» - дейді. Осы бір жайттың өзі оның тұлғалық келбетін айқын аңғартып тұрғандай!

Тіл жанашырының да осы мақсатта төккен тері, мен еткен еңбегі елеусіз қалмады. Сол тұстағы қала әкімі Амалбек Тшанов Қабылды ауданнан алдыртып, Шымкент қалалық әкімшілігінің Тіл басқармасына басшы етіп тағайындады. Шымқалада Қабыл Тұрарұлы тыңнан түрен салып, жүздеген көшелер мен даңғылдардың, алаң мен мектептердің орысша атауларын өзгертуге білек сыбана кіріседі. Осылайша ол қазақтың ғұлама ғалымдарының, батырлары мен билердің, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың есімдерін тірілтіп, Шымкент төріне шығарды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қабыл сынды ұлт патриоттарының арқасында Шымкентте іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, көшелердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалар қазақшалана бастады.  Сонымен қатар, осы 7-8 жылда қаладағы 6 қазақ мектебінің санын 21-ге, мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақша санын 2-ден 27-ге дейін жеткізуге аянбай атсалысты. «Шымкент қалай қазақшаланды?» дегенде елдің есіне ең алдымен Қабыл Дүйсенбидің түсетіні де осы еңбектерінен болса керек.

Оның тағы бір ерлігі елімізде бұрын-соңды болмаған Тіл орталығын ашуға күш салып, 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қалалық Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығын» іске қосуы болды. Содан кейін бұл игі бастама 1998-2000 жылдары Астана мен Алматыда және республикамыздың басқа облыстарында жалғасын тауып, осындай орталықтар ашыла бастады. Жалпы, қоғамда мемлекеттік тілдің жанашырлары көп. Қабекеңнің олардан басты артықшылығы, ол қазақ тілінің көкжиегін кеңейтудегі әрбір ісін жүйелі түрде бастап және оны жүзеге асырудың барлық мүмкіндіктерін тауып, тиянақты орындай алатындығында.

Мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге

міндеттейтін кез жетті

Ол 2001 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық  келісім министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, ал 2002 жылы Астанадағы министрлікке қарасты Мәдениет комитетінде бас маман қызметтеріне жалғасты.  Білікті әрі іскер маман өзі еңбек еткен мекемелер жұмысының жандануына кәсіби тұрғыда жаңа леп әкелді. Мысалы, Мәдениет комитетінің сол уақыттағы төрағасы Б.Тілеуханның «Іс қағаздарын қалай қазақшалаймыз?» деген сұрағына «орыс тілінде әзірленген құжаттарға қол қоймас бұрын, оның қазақ тіліндегісін талап етіңіз!» деп жауап береді. Төраға оның ұсынысын өз тәжірибесінде қолданып, нәтижесінде Мәдениет комитетінің құжаттары бір-екі айдың ішінде қазақшаланып шыға келеді. Осылайша әр басшы өз қызметкерінен құжаттардың қазақ тілінде дайындауын талап етсе, мемлекеттік тіл бірінші кезектегі қажетті тіл етуге болатынын бас маман іс жүзінде дәлелдейді. 2003 жылы ол Шымкентке оралып, ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасындағы Тіл бөлімінде бас маман болды. Алайда, облыстағы жалғыз Тіл бөлімі жабылған соң, ол облыс әкімі Б.Жылқышиевтің қабылдауына арнайы кіріп, ОҚО Ішкі саясат департаментінің ішінен Тіл бөлімінің ашылуын талап етеді. Бұл талабы орындалып, өзі осы бөлімге басшы болады. Бөлімде небәрі екі қызметкер болғанымен, олар өте ұйымшылдықпен облыс көлемінде қыруар жұмыстарды атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді.

Ол қазақ тілінің шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне жете алмауының бір себебі ретінде, еліміздегі заңдардың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін ғана қазақшаға аударылатындығымен байланыстырады. Қабекең бұл тұрғыда «Тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы керек, сонда нәтиже болады» деген пікірінен айныған емес.

Ол алты жылдай республикалық «Ана тілі» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы штаттан тыс тілшісі ретінде қаламақы алмай тегін жұмыс істеді. Тәжірибелі маман мемлекеттік тілді тек бөлім деңгейінде дамыту мүмкін еместігін түсініп, БАҚ арқылы «Тіл комитеті мен басқармалары құрылмай, тілдің ісі бітер ме?» - деп мәселе көтереді. Республикада мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын дербес Тіл комитетін, ал облыстарда Тіл басқармасын құру керектігі жөнінде жергілікті және республикалық басылымдарға 20-дан астам мақала жазды.

Бұл ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2005 жылы елімізде Тіл комитеті және облыстарда Тілдерді дамыту басқармалары құрылады. Ол ОҚО Тілдерді дамыту басқармасында бөлім басшысы, басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарып, барлық салада іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне және бекітілген терминдердің дұрыс қолданылуына жіті көңіл бөледі. Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімшілік-аумақтық картасын алғаш рет қазақ тілінде жасаған Қабекең «Оңтүстік Қазақстанның топонимикалық кеңістігі», «Тілім – тірегім» кітаптарының және ондаған әдістемелік құралдардың авторы.

Бұл картаға заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтің өзі қызығушылық танытып, облысқа жолы түскенде, оны Қабыл Тұрарұлының өз қолынан алады. «Ер қадірін ер білер» деп бабаларымыз айтқандай, елдің өсіп-өркендеуін көксейтін тұлғалар ұлт болашағы үшін жасалып жатқан еңбекті жоғары бағалайтыны анық. Мемлекеттік тілдің қолданылуы аясын кеңейтуге қосқан зор үлесі және ономастика саласындағы (елді мекендер мен алаңдарға, даңғылдар мен көшелерге жер-судың тарихи атауларын қайтарудағы) ерен еңбегі үшін Қабыл Дүйсенби қала, облыс әкімдерінің және Тіл комитеті төрағасының «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар Мәдениет министрлігі тарапынан қазақ тілінің дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін 2008 жылы «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталады. 2009 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында оның «Атаулар сыры» атты телевизиялық жобасы «Үздік автор» аталымын иеленді. «Қазақ тілін өзінің заңды мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріп, тұғырына қондыру үшін ең алдымен, тілге деген қажеттілік тудыру керек!» деген Қабекең: «Өкінішке қарай, біздің елде халыққа қызмет көрсететін қызметкерлерге мемлекеттік тілді білу мәселесі заңмен міндеттелмеген. Соның себеп-салдарынан қазақ тілін білмей-ақ мемлекеттік қызметкер немесе прокурор, судья, тергеуші, депутат, төраға, министр т.б. лауазым иесі атана алады. Содан кейін де мемлекеттік тілді оқып, үйренбей-ақ, жоғарыға қарай қызмет бабымен өсе беруіне болады. Мысалы, бес-алты сөйлемнің басын құрай алмай, ел-жұрттың күлкісіне қалған кейбір басшылар мен депутаттар әлі күнге дейін билікте жүр. Судьялардың мемлекеттік тілді білуі міндетті болмаған соң, қазақшаны жетік білмейтін кейбір судьялар қазақша істерді қарамайды. Олардың орнына мемлекеттік тілді білетін судьялар қазақ тілінде түскен істерді қарауға мәжбүр. Егер судьялардың алатын жалақылары бірдей десек, сонда мұны қалай түсінуге болады?

Халыққа қызмет көрсету саласындағы кейбір қызметкерлер өздерінің мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті еместігін әлеуметтік желі арқылы ашық айтып қалатыны да бар. Сондықтан, мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін бап енгізетін кез әлдеқашан жетті деп есептеймін. Тіл туралы Заңның 23-бабында көрсетілгендей, мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сай білуді қажет ететін кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесін белгілеу туралы заң қабылданса, онда мемлекеттік қызметкерлер бір жылдың ішінде қазақ тілін меңгеріп, бұл мәселе шешімін табар еді» - деген ойын айтты.  

Журналистер мен ардагерлерді құрметтейтін азамат

Қай саланың болмасын баспасөз хатшысы өзі еңбек ететін мекеме мен қоғам арасындағы алтын көпір. Өйткені, қараша халықтың сол мекеме жұмысына деген көзқарасы, басшыларының рейтингі олардың ұйымдастырушылық қабілеті мен білім-білігіне тікелей байланысты. Сондықтан баспасөз хатшыларына жүктелер жауапкершілік те жоғары. Осындай жауапкершілігі жоғары жұмысты мінсіз атқарған Қ.Дүйсенбидің еңбегін айрықша атауға лайықты. Өйткені, оның саладағы жұмысымен қатар, ұлттық мүдде мен мемлекеттік тіл мәселесінде сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қай салада болмасын, іс-қағаздардың мемлекеттік тілде сауатты жүргізілуіне, бекітілген терминдердің дұрыс қолданылуына жіті көңіл бөлуі оның қанына сіңген қасиет.

«Өткенді еске алу – өскендіктің  белгісі, өткенді ұмыту – өшкендіктің  белгісі» ұстанымын ұстанған ағамыздың ел дамуына үлес қосқан ардагерлердің есімдерін ардақтаудағы еңбегі де елеулі! 2012-14 жылдары Қабекеңнің бастамасымен бірнеше өңірлерде облыстық соттың төрағасы болған, төбе би атанған танымал тұлға, Ұлы Отан соғысының ардагері, детектив жанрына қалам тербеген жазушы, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Нығмет Төлендиевтің бұрынғы тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылды. Содан кейін Шымкенттегі атауы жоқ жаңа бір көшеге оның есімі беріліп, ескерткіші тұрғызылды. Әңгіме арасында «Сіз үшін адам өміріндегі ең басты құндылық не?» деп сұрағанымызда, ол: «Адамгершілік пен жауапкершілік. Осы екі мәселе барлық кезде үйлесім тапса, ондай жағдайда бәрі де дұрыс болар еді» дейді. Өзі айтқандай, Қабекең жеке өмірінде адамгершілік пен жауапкершілікті үйлестіре білген азамат. Қандай қызметте жүрсе де қолынан қаламы түспей, жергілікті және республикалық басылымдарда көтерген ұлт, мәдениет, тарих, дәстүр, қазақ тіліне және ел бірлігі мен ынтымағына қатысты келелі ой-пікірлері жұртшылық көңілінен шығуда. Оған дәлел ретінде, «Медиация туралы» заңды халыққа кеңінен түсіндіріп насихаттау мақсатында «Оңтүстік» телеарнасынан «Сот және қоғам» атты бағдарлама ашып, оны жыл бойы өзі жүргізіп отырғанын айтуға болады.

Қ.Дүйсенби 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотына бас маман-баспасөз хатшысы болып келіп, үш жыл сот саласының қыр-сырын меңгерген соң, Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып істеді. Одан кейін Шымкент қалалық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімін бес жыл басқарды. Ол қазір Сот әкімшілігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде баспасөз қызметінің маманы.

Қабекең он екі жыл бойы жергілікті соттар жұмысының ашықтығы мен жариялылығын және сот кеңселерінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қамтамасыз етуге үлкен үлесін қосты. Оның бастамасымен соттардағы баспасөз мәслихаттары мен брифингтер, тағы басқа жиындар негізінен қазақша өтетін болды. Алғашқы жылдары, баспасөз мәслихатын қазақ тілінде жүргізгені үшін кейбір орыс тілді басылым тілшілеріне жақпай, олар Қ.Дүйсенбиді «ұлтшыл» деп жоғары жаққа бұрмалап айтып, басы біраз дауға қалған кездер де өтті. Тіл жанашырының қазақ тілі үшін басын талай мәрте бәйгеге тіккеніне осындай оқиғалар дәлел.

Қабыл Тұрарұлына сот жүйесіндегі елеулі еңбектері үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық соты мен Жоғарғы Соттың және Қазақстан Судьялар одағы төрағаларының «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасы» және «Мінсіз қызметі үшін», «Сот жүйесінің үздігі», «Сот жүйесіне 30 жыл» медальдары мен «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» төсбелгісі берілді. Сонымен қатар, 2019 жылы Шымкент қаласындағы «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің «Үздік шығармасы үшін» медалін және 2021 жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. Бұдан да өзге марапаттары жетерлік.

Қабылдың бар арманы «Тілің барда – күнің бар» қасиетті сөзді бар қазақтың жүрегіне жеткізу!


Мадина АТАЕВА,

Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметінің басшысы.

Пікір қалдырыңыз