Министр біздегі балық шаруашылығын жоғары бағалады

Шардара ауданы – балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ. Бүгінде ауданда қуаттылығы жылына 8700 тоннадан астам балық өнімін өндіруге қауқарлы 5 зауыт бар. ҚР Үкіметінің «2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасына» сәйкес, облыста 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру үшін 136 шаруашылық ашу жоспарланған. Өңірге іссапармен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевпен бірге аталмыш ауданға барды.
лдымен мұздатылған балық, филе өнімдерін өндіретін «ЖК Жалғасбаев» балық өңдеу зауытына барған министр қожалық жұмысымен танысты. 2016 жылы іске қосылған бұл кәсіпорынның аумағы 1,57 гектарды құрайды. Кәсіпкер алдағы уақытта ысталған және кептірілген балық түрлерін қосуды жоспарлап отыр. Өнімнің 90%-ы шетелдерге, атап айтқанда, Еуропа, Ресей, ТМД елдеріне экспортталуда. Қуаттылығы жылына 1000 тоннаны құрайтын зауытта 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл 9 айда өндірілген өнім көлемі – 500 тонна. «Даму аймақ» бағдарламасы аясында құрал-жабдықтар сатып алынды.
Сапар аясында министр аудандағы «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауытына аялдады. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігіне жете қаныққан министр су қоймасында орналасқан торлы шарбақтағы балық өсіру жұмысымен де танысты. «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытының директоры Б.Серманизовтың айтуынша, жұмыс өнімділігі мен өнім сапасы едәуір артқан. Министр бұл шаруашылықта коопертивтер құру арқылы өнімнің көлемін ұлғайтуға болатынын жеткізді. Кәсіпорын вакуумды, кептірілген, ысталған және тұздалған балық пен филе секілді жылына 6000 тонна өнім өндіреді. 2006 жылы құрылған өндіріс орнында 250 адам жұмыс істейді.
Министр Шардара су қоймасындағы өнеркəсіптік балық аулау, шабақтандыру процесімен танысқан соң Ақшеңгелді ауылдық округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығында болды. 100 млн. теңге инвестиция тартылған өндіріс орны 2019 жылы іске қосылған. Қуаттылығы 300 тоннаны құрайтын кәсіп-орында жайын, тұқы тұқымдас балық өндіріледі. Өнімнің 50 пайызы шетелдерге экспортталуда.
2,3 гектар аумақты құрайтын өндіріс орнында 5 адам жұмысқа алынған. Сондай-ақ жылына 350 тонна тұқы, бекіре тұқымдас балық өсірілетін «VITA» ЖШС шаруашылығына ат басын тіреп, торлы шарбақта балық өсіру жұмысымен танысты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 86-сы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Өңірде тауарлы балық өсірумен 126 кәсіпкерлік субъектісі айналысуда. Биылғы 9 айдың қорытындысымен 2473 тонна балық өнімдері өңделіп, 1935 тоннасы шетелдерге экспортталды. Биыл 6640 тонна балық өсіру жоспарланып, 9 айдың қорытындысымен 4050 тоннаға орындалды. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия берілді. Бұдан бөлек инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылып, 68,3 млн. теңгесі игерілді.