Президент Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсырды.

Президент, ең алдымен, салтанатты жиынға қатысушыларды еліміздің ең басты мейрамы – Республика күнімен құттықтады.
– Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды, отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды. Олардың сын сағаттағы батылдығын нағыз ерлік деп бағалауға болады. Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жетістіктері туралы айта келе, адам капиталын жақсартуға бағытталған оң өзгерістерге назар аударды.
– Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент аймақтарды жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі ретінде атап өтті.
Президент Қазақстанның «елдің ішінде де, айналасында да бейбітшілік», «әралуандық арқылы – бірлікке» деген қағидаттарды әрдайым берік ұстанатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанның алдында бұрын-соңды болмаған жаңа сын-қатерлер тұр. Осы күрделі кезеңде мемлекетіміздің орнықты дамуы өте маңызды. Біз болашаққа сеніммен қараған біртұтас Қазақ елін күллі әлемге танытуымыз керек.
– Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру тіпті қиын. Шын мәнінде, Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздікті сақтау, бұл – ең алдымен, тұтас ұлттың жауапкершілігі. Біз егемендікті тынымсыз еңбекпен, мызғымас бірлікпен күн сайын қорғауымыз керек. Ең бастысы, еліміздегі тұрақтылықты сақтауымыз қажет, – деді Президент.
Президент мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды деп санайды. Мемлекет басшысының айтуынша, Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет.
– Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа жоғары мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен атақтар табыс етті.
Пікір қалдырыңыз