«Иірсуский кумыс» пен «узбекский плов» бәрібір менің көңілімді көтере қоймады

Ауылдан аудан орталығына дейін үш көлікпен сатылап əрең жеткен менің порша-поршам шықты. Күз болса да жаздағыдай күн ысып кетсе бола ма? Содан қызуым көтеріліп, тілім таңдайыма жабысып, қаным кеуіп, орталықтағы шағындау бір асхана-дүкенге тұмсық тіредім. Шашы дудырап кеткен, бетін безеу басқан сатушы қара қыз оңашада айнаға қарап, қастарын сүрмелеп жатыр екен. Менің айтабақтай «əдемі» түрімді көріп, айнасын тартпасына сала қойды.
– Ал, айналайын қызым, шөлімді басатын сусындарыңның қайсысы бар?
– У нас бəрі бар, ағай. Слишком, қатты шөлдеп тұрсаңыз бізде холодильникте иірсуский кумыс, чимкентский пиво бар. Кока-кола мен басқа да холодный напитоктар жетіп-артылады. Если тамақ жегіңіз келсе у нас узбек-ский плов, дунганский лагман, ташкентский чай дайын...
– Казахский бидай көжелерің жоқ па? – дедім сатушы қара қыздың қойыртпақ сөзіне өзімше қырсығып.
– К сожалению у нас нет такой коже.
– Тағы нелерің бар?
– Компот, мороженое, спрайт бар.
Қаным кеуіп, мазам қашып тұрған менің сол сəт сатушы қызға деген ашуым бұрқ ете қалды.
– Қызым-ау, байқап тұрсам екеуіміз де қазақпыз. Мен ғой саған өз ана тілімде сөйлеп тұрмын. Ал, сен екі тілді шұбарлап сөйлегеніңе ұялмайсың ба?
– Ұялмаймын. Какая ваша дела? Қай тілде сөйлеймін, сама знаю. Миымды ашытпай, жайыңызға жүріңіз, – деп қара қыздың көздері аларып, ерні дүрдиіп, бірден долданып шыға келді. Одан əрі... Қой мұнымен ерегісіп мəз таппаспын дедім де, сол жерде бірден сатушы қыз айтқандай «иірсуский кумыс» пен «узбекский пловқа» тапсырыс бердім. Бірақ, қанша мұздай кумысты сіміріп, буы бұрқыраған пловты жесем де көңілім жадырай қоймады. Ал, сол кезде мені ренжіткен сатушы қыз алдына келгендердің бəрімен шұбарланған тілде сауда жасап жатты.
Орынтай КӨМЕКОВ.