Бүгінгі бала және байғазы

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».
Ауылға аңсарымыз ауып, барып-қайтуға асыға беретініміз бар. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылға деген сағынышымыз басылмайды. Бұл –қазақы қалыпты, ұлттық құндылықтарды, әке-шешеміздің аялы алақанын, бойымызға сіңірген өнеге-өсиетін, түптеп келгенде, балалығымыздың ізі қалған шырын шақты іздейтінімізден де шығар-ау.
Міне, тағы да ауылға жол түсті. Жүрек шіркін кеудені тесіп өтердей жұлқынды. Көше-көшелерден жалаңаяқ жүгіріп жүрген құрдастарымды көріп қалатындай елеңдедім. Қайдағы? Бұл қиял ғана. Бүгінде олардың немерелері, тіпті шөберелері жүгіріп жүр. Біздегідей жалаңаяқ, жалаңбұт емес. Әке-шешелері құнттай етіп киіндіріп қойған. Біз секілді асық, ләңгі, тығылмашақ ойнамайды олар. Қолдарында бір-бір қалта телефоны. Өзімен-өзі күнұзақ отыратындары да кездеседі. Тамаққа шақырса жуық маңда келе қоймайды. Айранға жуа қосып ішетін бала ауылда таптырмайды. Тіпті, үлкендер де жуаның не екенін ұмытқан.
Десек те, ауылда қазақылық қалыптың қаймағы әлі де бұзылмаған. Үйме-үй қонаққа шақырып, дастарқанға барын қойып әлек.
Араға талай ай салып келгендіктен де болар, қуаныш пен жаңалықтар да аз емес. Бір ініміз жаңа үйін бітіріпті. Тағы бір бауырымыз жаңа көлік сатып алыпты. Мұндайда бұрынғының ізетімен байғазы мен көрімдік сұрайтын қашанғы бойға сіңісті әдетіміз емес пе? Байғазы беретін жерге байғазы, көрімдік беретін жерге көрімдік беріп жатырмыз.
– Байғазы беріңіз, – дейді бір жас келіннің жаңа туған баласына.
– Көрімдік беріңіздер, – дейді жаңа үйге кірген ініміз.
Ойланып отырмын. Байғазы да, көрімдік те, сүйінші де жақсылыққа беріледі. Десек те, байғазы мен көрімдіктің айырмашылығы болмаушы ма еді? Айталық, байғазы жаңа киімге, жаңа алынған мүлікке, жаңа үйге беріледі. Көрімдік он сегіз мың ғаламдағы жандылардың сыбағасы деседі имандылық жолындағылар. Ол жаңа түскен келінге, дүниеге келген нәрестеге, тіпті малдың жаңа туған төліне де беріледі. Туыстық қатынастың туын жықпаған бабаларымыз мұны ғасырлар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген.
Тағы бір жеңгеміз «Күнде келіп жатқан жоқсыңдар, сыбағаларыңды жеп кетіңдер» деп үйіне шақырған. Асығыс болсақ та бөгелдік. Жарықтық, ескінің көзі ғой, дастарқанға құрт-майын, ірімшігін, жент, қаймағын қойып жатыр. Сонымен бірге қымыз да келді. «Ішіп-жеп отырыңдар, айналайындар!» деген жылы сөзі жанымызды жадырата түсті. Еркін отырып, емен-жарқын әңгімелестік. Жомарт жеңешеміз «келіндердің сыбағасы» деп әйелдерге әлдене ұстатып жатты.
Арзымайтын дүние. Бірақ, ағайын-туыстың, құда-жекжаттың, көрші-қолаңның өзара татулығына, байланысына керемет дәнекер. Бірін-бірі құрметтеп, жақсылығына ортақтасып, қуанып жатқан ағайындардың ауызбіршілігіне көңіл көркейіп, жан жадырап қалды.
Бір әжеміз жиеніне бәсіре атады. Қаладан келген жиен бәсіренің не екенін қайдан білсін?! «Енді сенікі!» деген соң жадырап, құлынының жалын сипады. Үлкен шәріде телефонмен ойнап, түрлі саябақтардың салтанатына шомылып жүрген ол даланың кеңдігіне, адамдарының жомарттығына разы секілді, танауы делдиіп қуанып тұр. Оған өз қаласындағы жансыз ойыншықтардан гөрі мына «тірі ойыншық» қызық тәрізді. Айналшықтап қасынан шықпай қойды.
Иә, қала мен ауылда аспан мен жердей айырмашылық бар. Әйтсе де, құбылмалы заманның, зымыран уақыттың сызы байқалады. Қазақы ұғымдағы байғазы мен көрімдіктің аражігін ажырата алмайтын бүгінгілер немерелеріне не үйретпек? Осылай кете берсек, талай жөн-жоралғыларымыздан айырылып қалмас па екенбіз?
Жол бойы телефонға телміріп отырған балақай есімнен шықпай қойды.