Ардагерлер – алтын діңгек

Қариялар – қазынамыз, даналықтың қайнар көзі. Ардақты қарттар – ақылшымыз, жанымызға медеу болатын қамқоршымыз. Данагөйлер елдің тілеуін тілеп қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне де үлес қосады. Біз де ата-әжелеріміздің «Отаныңа адал бол» деген өсиетін орындап, еселі еңбек етіп келеміз. Олардың жүздерінен күрсініс емес, күлкі көру біз үшін бір бақыт.  Атқарған қызметтеріне, ерен еңбектеріне бас иеміз. Олардың батасын алу – мен үшін мәртебе. Оларды құрметке бөлеу, қамқорлық жасау – біздің борышымыз. Сондықтан 1 қазан – халықаралық қарттар күні мерекесі ерекше атап өтілуі тиіс деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде. Облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, 80 жастан асқан  359 жалғызілікті қарияның зейнетақысына ай сайын 1 айлық (3450 теңге) есептік көрсеткіш мөлшерінде үстемеақы төленіп отырады. «Қамқорлық» акциясы аясында 8,7 мыңға жуық ардагерге қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, қоғамдық көліктерде тегін жүруге, электр мен газдың және судын ақысын төлеуге, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек берілді. Бұл бірер мысал ғана. 
Түркістан облысында 2023 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 185 611 зейнет жасындағы қарт және ардагер тұрады. Оның 14-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 4 мыңнан астамы тыл еңбеккері. Биыл Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған мерекелік шаралар өткізіліп, ардагерлерге бір реттік материалдық қолдау көрсетілді. Жалпы 4 858 адам осындай көмек алды. 
Қазіргі таңда облыстың аудан және қалаларында 17 ардагерлер ұйымы бар. Олардың барлығы қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етілген. Егде жастағы азаматтарымызды сауықтыру мақсатында «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйі қызмет көрсетеді. 8 мыңға жуық қария денсаулықтарын түзеуге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік алып отыр. Ал, жалпы осы күнге дейін 5060 ардагер демалды. Демалу мерзімі – 14 күн. Бір жылда 20 рет қабылдау ұсынылады. Бейнеттің зейнетін көруге лайықты ардагерлеріміз орталықтарда түрлі медициналық және белсенді қызмет түрлерін алады. Олардың қатарында тұз шахтасы және рефлексотерапия сияқты сапалы қызметтер бар. Облыс аумағында 13 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылып, тұрақты жұмыс істеуде. Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Келес,Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандары мен Арыс, Кентау, Түркістан қалаларында орналасқан орталықтарда барлығы 11 мыңнан астам зейнеткер қамтылған.
Жалғызілікті қарттарды әлеуметтік қолдау бойынша басқармаға қарасты зейнет жасындағы жалғызбасты қарттар мен бірінші, екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға стационарлық жағдайда қызметтер көрсететін Шымкент қаласында орналасқан «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ қызмет көрсетуде. Аталған орталықта 162 қызмет алушы бар. Олардың 95-і жалғызілікті қарт болса, 67-сі мүгедектігі бар жандар. Ал, одан бөлек аудан, қалаларда үйде әлеуметтік көмек көрсететін 22 бөлімше іске қосылған. Барлығы 2116 жалғызілікті қарт күндізгі уақытта үйде қызметтер көрсету жағдайындағы қызметтермен қамтылуда.
Асыл діңгегіміз саналатын қарияларымызды әрқашан ардақтап, қастерлеу, олардың өнегелі істерін насихаттауды жас ұрпақ санасына сіңіру – баршамызға ортақ міндет. 
Мереке иелерін шын жүректен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық, қажымас қайрат және амандық тілеймін! Әр күндеріңіз шуақты да берекелі болсын! 

Әсия ТЕМІРБАЕВА,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік 
бағдарламалар басқармасының басшысы.
Пікір қалдырыңыз