Әлем Түркістанмен танысты

Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің кеңейтілген 45-ші сессиясы өтті. Секциялық отырыста Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жай-күйі талқыланды. 

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты Өкілдігі ұйымдастырған бұл іс-шара қалаларды сақтау мәселелерін жаһандық деңгейде талқылауға ықпал етті. Іс-шараны ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әлия Байсабаева модераторлық етіп жүргізіп отырды. Мәжіліске ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле арнайы шақырылды. 
Алдымен Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын, Париж қаласындағы ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы ҚР Тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Рысбек Әлібеков, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра орталығының директоры (Париж) Лазар Элунду Ассомо, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова құттықтау сөздерін арнап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды. Елші әрі ЮНЕСКО-дағы ҚР тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов бейнебайланыс арқылы онлайн қатысты. 
Түркістан облысы әкімдігінің өкілі ретінде «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директоры Серікболсын Сандыбаев «Тұрақты туризм, экономикалық өсу және әлеуметтік даму» тақырыбында баяндама жасап, өңірдің туристік ерекшелігімен таныстырды. 
– Биыл маусым айында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле Қазақстандағы сапары барысында Түркістан қаласына келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралаған болатын. Түркістан облысы – Қазақстанның туризмді дамыту тұрғысынан жоғары әлеуетке ие өңірлерінің бірі. Облыс аумағында туризмнің 3 бағыты айқындалған. Олар – тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Түркістан өңірі тарихи және мәдени мұраға және ашық аспан астындағы мұражайға бай. Облыс аумағында 1770 тарихи және мәдени ескерткіш орналасқан. Ал, емдік-сауықтыру бағыты бойынша 72 шипажай жұмыс істейді. Түркістан облысының табиғаты алуан түрлі. Қаланың қарбаласынан шыққысы келетіндер тау бөктеріне барып демалады. Өңірде 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Атап айтқанда, «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, «Сырдария-Түркістан» және «Сайрам-Өгем» табиғи парктері. Жыл соңына дейін облыс аумағында халықаралық және республикалық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Бірінші кезекте өңір тұрғындары мен қонақтарының тиімді уақыт өткізуіне бағытталған. Жоғарыда аталғандардың барлығын ескере отырып, сіздерді Түркістан облысына саяхат жасауға шақырамыз. Сапарларыңыз жаңа сезімдер мен өзгеше эмоцияларға толы болатынына сенімдімін, – деген С.Сандыбаев қатысушыларға брендтік өнімдер, ақпараттық үлестірме материалдар мен қолөнер бұйымдарын табыстады.
Сондай-ақ, халықаралық мәртебесі бар ескерткіш, ЮНЕСКО-ның Бүкіл- әлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Түркістан өңірінің басты туристік тартымдылығы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, мистикалық орын ретінде танымалдығы артқан – Ақмешіт үңгірі, 50-ден астам шипажайы бар «Сары-ағаш» курорты, таулы аймақтарда демалу, қайта жанданған Түркістан қаласы туралы, сонымен қатар, қол-өнер бұйымдары, жергілікті тағамдар бойынша ақпараттар ұсынылды. Мұнан соң сарапшылар өз идеялары және тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасты. Әрі қарай бейнетаныстырылым мен ұлттық музыкалық қойылымдар көрсетілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз