АҚШ Орта Азияға неге көз тікті?

АҚШ және Орта Азия елдерінің саммитін өткізуді Вашингтон тарапы ұсынған. Кейінірек саммиттің негізгі тақырыбы АҚШ пен аймақ елдерінің ынтымақтастығына арналатыны белгілі болды. Бұл жөнінде Ақ үйдің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан «Саммитте ел басшылары бірқатар мәселелерді талқылайды деп жоспарланған. Айталық, аймақтағы қауіпсіздік мәселесінен бастап, сауда байланыстары, климат өзгерісі, сондай-ақ, заң үстемдігін бекемдеу сынды негізгі тақырыптар бар» деген еді.

Осыдан үш жыл бұрын «АҚШ-тың Орталық Азияға арналған стратегиясы 2019-2025: егемендік пен экономикалық әл-ауқатты дамыту» деп аталатын Вашингтонның Орталық Азия елдеріне қатысты мақсаттары жазылған құжаты ресми түрде жарияланған. Шын мәнінде Вашингтон Орталық Азия аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуына мүдделі екенін әлем елдері біледі. Әлемдік сарапшылар Вашингтонға Орталық Азияның  Ресейге проблемалар туындатып, Қытайға қысым жасау алаңы болу үшін қажет екенін жақсы түсінеді.
Америка Құрама Штаттарының ең негізгі стратегиялық бәсекелестері саналатын Ресей мен Қытайдың Орта Азия аймағындағы ықпалы зор. «Ресей аймақта дәстүрлі ықпал етуші күш ретінде бағаланса, Қытайдың да экономикалық, саяси ықпалы өсіп келе жатқаны белгілі. Сондықтан Вашингтон осы бір маңызды геосаяси аймақта өзінің позициясын алға жылжытуды маңызды деп санайды» дейді қазақстандық сарапшылар. Ал, мұның Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстанды қамтыған геосаяси кеңістікте сын қатері зор. Себебі, АҚШ-тың бәсекелестері де қарап жатпасы анық. Дегенмен, Америка Орта Азиядан тым алыс орналасқандықтан, Ресейді де, Қытайды да алмастыра алмайтыны белгілі. Бірақ, кейбір сарапшылар АҚШ Орталық Азияны өзіне қаратып, онда Ресей мен Қытайдан басым түсу үшін аймақ мемлекеттерінің тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне және экономикалық өркендеуі мен азаматтық қоғамды қорғау мәселелеріне ерекше мән беруі керектігін айтады.  Қалай десек те, Қазақ-станның АҚШ-пен арадағы қарым-қатынасты нығайтуы экономикалық тұрғыдан басымдыққа ие болмақ. Яғни еліміздің сыртқы саясатына тың серпін береді, сауда өсімі артады. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда көлемі 37,2 пайызға өсіп, 3 млрд. долларға жуықтаған. Соңғы 30 жылда АҚШ тарапынан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестиция 62 миллиард долларға таяу. Мұнан бөлек, қос мемлекет арасындағы дипломатиялық байланыс та тереңдей түсті.
Сонымен АҚШ пен Орта Азия елдерінің С5+1 форматындағы саммиті көп тараптың, соның ішінде Қазақстан  халқының да назарын өзіне аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитте АҚШ президенті Джозеф Байденнің жанында отырғаны, Байденнен кейін сөз сөйлегені Президентіміздің өзге елдер арасында беделінің үстемірек екендігін көрсетсе керек. Сенімді ақпарат көздерінен белгілі болғаны, жиында экономика, энергетика және қауіпсіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды. АҚШ Орталық Азияның қауіпсіздігіне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтатынын, аймақтағы бес елге пайдалы қазба кеніштерін игеруге және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға көмектесетінін мәлімдеді.
Қазіргідей геосаяси ахуал күрделілене түскен тұста саммиттің маңызы артпаса кеміген жоқ. Ынтымақтастық пен нақты келісім орнайтын дипломатиялық платформа қажет-ақ. Айта кету керек, С5+1 форматы 2015 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы жиын Самарқанда өтті. Онда аймақтық экономика және сауда, қоршаған ортаны қорғау мен жаңғырмалы энергия көздері бойынша жұмыс тобы құрылды. Ал, 2016 жылы жүздесу АҚШ-та жалғасып, Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты жақсартуға арналған көпжақты диалог алаңы С5+1 форматы құрылды. Тағы бір жылдан кейін форматқа қатысушылар Ауғанстандағы тұрақтылықты қолдау мен   экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға уағдаласты. 2018 жылы экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мәселесі сөз болды. Ал, 2020 жылы жүздесу Қазақстанда өтті. Тараптар Орталық Азиядағы интеграциялық байланысты жақсарту және қауіп-қатердің алдын алу жөнінде уағдаласқан еді.
 «Newline institute» сараптамалық даму институтының директоры Камран Бохари «Мемлекеттер арасындағы қақтығыс, Қытайдың экономикалық проблемалармен бетпе бет келуі сияқты күрделі кезеңде тұрмыз. Сондықтан қазір нақты әрекет жасайтын уақыт келді. Меніңше, бұл өзгерістерді ертерек бастау керек еді. Бірақ, әрекетке ешқашан кеш емес. Сондықтан біз президенттер деңгейіндегі бұл кездесуден нақты нәтиже күтеміз. Меніңше, АҚШ Транскаспийлік энергетикалық сауда дәлізін ғана емес, сондай-ақ, орта дәліздегі сыртқы байланыстарға да өте мүдделі. Әрине, көп нәрсе жасауға болады» дейді.
Саммит аяқталар тұста Байден аймақтағы бес мемлекеттің президенттерімен жақын болашақта сол елдердің бірінде кездесуі мүмкін екенін айтты. Қазірге дейін АҚШ президенттерінің ешқайсысы билікте отырған кезде Орталық Азиядағы бес елдің ешбіріне сапармен барған емес.
Әрине, географиялық және геосаяси жағынан үлкен маңызға ие Орталық Азияның өз ұстанымы бар. Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев: «Mенің пайымдауымша, бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің ойынан шығып отырған бір мақсат – бұл Қазақстан болсын, Орталық Азия болсын, жаһандық үлкен державалардың текетіресінің алаңы болмай, қайта олардың сындарлы ынтымақтастықтарының үйлескен жері. Бұл аймақтық даму, қауіпсіздік, бейбіт өмірдің дамуына өз септігін тигізе отырып, бүкіл жаһандық деңгейде де бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуіне үлкен үлес қосары анық. Геосаяси жағдай күрделіленген сайын АҚШ батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті байланыстыратын аймақтың әлеуеті мол екенін мойындай бастады. Бүгінге дейін Орталық Азияға АҚШ-тың бірде-бір президенті аяқ баспаса да, енді жағдай өзгеруі мүмкін» деген тұжырымын білдірді.

САЯСАТ БӨЛІМІ.
Пікір қалдырыңыз