Ескі мектептердің есебін алуды тапсырды

Түркістан облысының демографиялық өсімі жоғары. Өңірдегі мың мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Ол мектептердің 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Түркістан қаласының аумағында 42 мың оқушыны қамтитын 34 мектеп бар. Олардың жетеуі ескірген. 

Сол мектептердің бірінде болған облыс әкімі Дархан Сатыбалды С.Ерубаев атындағы мектеп-интернатының жай-күйімен арнайы танысты. Күрделі жөндеуді қажет ететін 500 орынды мектеп 1976 жылы салынған. Білім ұясының 420 орынды жатақханасы бар. 2000 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Содан бері жөндеу көрмеген. Мектептің ішкі сылағы түсіп, инженерлік жүйелері тозған. 
Өңірдегі білім ордаларын күрделі жөндеуден өткізу – уақыт күттірмейтін іс. Ол үшін қомақты қаражат керек. Облыс әкімі сала басшыларының жауаптарын тыңдап, оларға проблемалық мектептер туралы барлық ақпаратты ұсынуды тапсырды.
– Балаларымызға қолайлы жағдай жасау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Өңірдегі тозығы жеткен білім ошақтарын толық тексеріп, қысқа мерзімде ұсыныс беруді тапсырамын, – деді Дархан 
Амангелдіұлы.
Күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандар арасында балабақшалар да бар. Облыс әкімі «Айгөлек» балабақшасының жай-күйімен танысты. Ескі ғимарат соңғы 15 жылдан бері жөндеу көрмеген. Бақша ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. 
Түркістан облысында білім беру саласында 2381 ұйым қызмет көрсетеді. 
Мектепке дейінгі 1381 ұйымда 150 мың бала тәрбиеленуде.
Пікір қалдырыңыз