Маңызды нысандар басты назарда

Түркістанда 65,7 ша-қырымды құрайтын 48 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би – О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі 4 жолаққа кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір салынады. 
Ұзындығы 7,4 шақырымды құрайтын жол қала тұрғындарының бірнеше бағытта жүруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, қаланың орталық көшелеріндегі көлік кептелістері азайып, қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық көлік бағыттары ашылады. 
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс алаңдарын аралап, қаланың маңызды әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымының дайындығына баға берді. Мердігерлермен кездесіп, жұмыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Облыс әкімі шаһардағы бірнеше жолдардың құрылысын пысықтады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға жақын жатқан 43 көшеге аяқжол салынып жатыр. 
Түркістандағы құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі шаһарды сумен қамтитын «Түркістан-Су» мекемесінің де жай-күйімен танысты. Мамандардың айтуынша, 27 КНС және сарқынды су тазалау имаратының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөндеуді қажет етеді. 
Бұл – Түркістан қаласының 40 мыңға жуық тұрғыны мен 629 әлеуметтік нысанды 24 сағат тоқтаусыз таза сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын. Қазіргі уақытта 1965-1982 жылдар аралығында салынған су құбырлары бюджет есебінен алмастырылып жатыр. 10 сарқынды су-сорғысы стансалары ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жаңа сусорғы, желдеткішпен қамтамасыз етілуі қажет. 
Бүгінгі таңда Түркістан қаласы ауыз сумен толық Кентау–Түркістан су топтамалары арқылы «Ащысай-Су» МКК-де қамтамасыз етіліп отыр. 
Пікір қалдырыңыз