Терезені қараңғылаудың пайдасы мен зияны

Жүргізушілер ыстық күндері көліктің іші қаракөлеңке болып тұруы үшін көп жағдайда терезені қараңғылап қояды. Жалпақ тілмен айтқанда, «тонировка» жасатады. Алайда, көпшілігі мұның зияны мен пайдасын біле бермейді. Сондықтан бүгін осы тақырып төңірегінде әңгімелегенді жөн санап отырмыз.

Алдымен терезені «қараңғылау қажет пе?» деген сұраққа жауап берейік. Ғаламторда «тонировкаға» қатысты пікірлер әртүрлі. Әр тараптың «Резеңке немесе шпилькасыз», «Мерседес немесе БМВ», «Неміс немесе жапон» және т.б. таластарға қатысты өз дәлелдері мен сенімдері бар. Олардың әрқайсысын оқып көрсеңіз, бәрінің де айтып жатқаны дұрыс болып көрінеді. Сондықтан біз де бұл пікірталасқа қатысып, бірнеше ақпарат ұсынбақпыз. Кей адамдар «бұл мәселе тек жаз мезгіліне қатысты ғой» деуі мүмкін. Дегенмен, терезені қараңғылау деген мәселе мезгілге қарамайды деп түйдік.  

Терезені қараңғылаудың пайдасы жайлы сөз қозғағанда көпшілік оның ыстық ауа райында салонға енетін ыстықты азайтатынын айтады. Нақтырақ айтсақ, ол күн сәулесінің аз түсуіне жағдай жасап, интерьердің қызуы бәсеңдейді. Алайда, біз мектепте физика заңдарына сәйкес, қара түстің күнді тартатынын және ақ түстің күн ыстығын қайтаратынын оқығанбыз. Демек, логика бойынша бұл ретте ақ түс пайдалырақ болады. Ал, одан да пайдалы құрал – айна. Бірақ, жол ережесі бойынша оны қолдануға тыйым салынады. 

Сонымен қатар, қазіргі заманғы автомобильдердің көптеген модельдері атермальды әйнектермен жабдықталған. Бір жағынан, мұндай әйнек жазда салонның қызуын бәсеңдетсе, екінші жағынан, суық мезгілде жылу жоғалтуды төмендетеді екен. Ал қара түсті «тонировка» автомобильдің атермальды әйнектерінің әсерін толығымен «өлтіреді». Демек, сіз мұндай әйнектерге қара «тонировка» жабыстырсаңыз, олардың негізгі артықшылықтарын жоққа шығарасыз деген сөз. Одан бөлек, қазір кез келген заманауи автомобильде кондиционер немесе климаттық жүйе болады. Бұлар да күн сәулесінен қорғаныс ретінде қолданылатын «тонировканың» қажеттілігін жояды. 

Енді бұл тақырып неліктен мезгіл таңдамайтынына тоқталайық. Нақтырақ айтсақ, әңгіме ауа райы сан құбылып, жолды көру нашарлайтын күз және қыс мезгіліне байланысты. Мәселен, қазан-қараша айларының жаңбырлы түнінде нашар жарықтандырылған тар автотұраққа көлік қою керек болды. Мұндай жағдайда сіз айналаңыздағы барлық нәрсені мүмкіндігінше жақсы көруіңіз керек. Әсіресе, артқы және бүйір жақты. Бірақ, сіз қара түсті «тонировка» арқылы өзіңізді «соқыр» етіп, тапсырманы бірнеше есе қиындатасыз. 

Өткен ғасырдың 70-90 жылдары жүргізушілер артқы терезелерге қараңғылайтын перделер іліп жүретін. Оның бір пайдалы тұсы – кедергі келтіретін кезде жәй ғана түріп қоясыз. Өкінішке қарай, қазір ешкім перде ілмейді. 

Жалпы, бұл жерде екі парадокс пайда болады. Атап өтсек, дизайнерлер жүргізушілерге айналасын жақсы көру үшін жағдай жасауға тырысады, ал, жүргізушілер бұл көріністі жасанды түрде нашарлатады. Сондай-ақ, күннің ыстығын қайтару үшін қара түсті «тонировканы» жиі қолданады.

Пікір қалдырыңыз