Шаршаған шаруалар Үкіметтен үміт күтеді

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

12 гектар алқапта күздік бидай өсірген Сәкен Жайшыбеков жазда небәрі 10 тоннадай ғана өнім жинады.  Астық түсімі  9 центнерге де жетпеді. Былтырғы қуаңшылық биыл да жалғасты. Оның үстіне бидайдың бағасы күрт түсіп кетті. Диқан өткен жылы бидайдың әр келісін 120 теңгеден сатып, отбасы бюджетіне едәуір кіріс кіргізіп еді. Биыл бидайдың келісін 75 теңгеден әрең өткізіп, бүкіл өнімін небәрі 750 мың теңгеге пұлдады. Әр келісінен 45 теңгеден ұтылды. Әрине, астық құнын нарық белгілейді. Дегенмен, шаруа зиянға батты. Тіпті, шығарған шығынын да жаба алған жоқ.

Есептеп көрелік. Әдетте, болашақ өнімнің негізі күзден қаланады ғой. Сәкен трактор жалдап, алдымен жерін жыртқызды. Артынша оны малалап, егіске әзірледі, дәндік тұқым септі. Осындай қажетті агротехникалық шараларды атқарғаны үшін Жайшыбеков техника қожайынына 310 мың теңгені санап берді. Мұны бір деп қойыңыз. Шығын мұнымен де тоқтаған жоқ. Сәкен егістік алқапқа минералды тыңайтқыш шашуды ұйғарды. Әр гектарына 150 келіден тыңайтқыш кетті. Сатып алған 36 қап селитрасы 397 мың теңге болды. Мұны екі деп қойыңыз.  Жиын-терім кезінде комбайн жалдап, әр гектарын 17 мың теңгеден орғызып, 200 мың теңгеден астам қаржыны тағы жұмсады. Бұл – үш. Сонымен, бастырылған астықты тасымалдау, тағы басқа да шығындарды есептемегеннің өзінде 907 мың теңге болды. Ал, тапқаны – 750 мың теңге. Шаруа осыған күйіп-піседі... Енді егін екпеймін деп налиды.
Астық өсіруші диқандарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Бұрын гектар көлеміне қарай субсидия бөлінетін. Кейін бұл алынып тасталды. Қуаңшылыққа ұшыраған агроқұрылым иелеріне сақтандыру қорынан материалдық көмек қарастырылған ба? Жалпы, Үкімет тарапынан қандай жеңілдіктер жасалып жатыр? Осы сұрақтарды Төлеби аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаевқа қойған едік. 
– Дұрыс айтасыз, қазір гектар көлеміне қарай субсидия беру тоқтатылған. Бидайдың элиталы тұқымдық сорттарын ғана өсіретін агроқұрылымдарға егіс көлемінің 20 пайызы мөлшерінде субсидия төленеді. Мұның өзі мүлдем мардымсыз. Ал, І және ІІ репродукциялы бидайға субсидия берілмейді. Негізі ол ұлпалылығы (клейковина) жоғары солтүстіктегі астықты аймақтарға (Қостанай, Солтүстік Қазақстан) ғана арналған.  Ол жақта егін орағы енді басталды. Алдын-ала болжам бойынша Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында астықтың шығымы өте нашар. Ал, Ресейден келіп жатқан астық оның бағасына кері әсер етіп, отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреп тастады. Үкімет бұл жағдайға байланысты тиісті шара қабылдамаса болмайды.
Көкейді күпті еткен сауалдарға жауап алу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына да қоңырау шалғанбыз.
– Бидай құнының төмен болуы қарапайым халыққа тиімді емес пе? – деп аталмыш  басқарманың жауапты қызметкері өзіме қарсы сұрақ  қойды. 
– Мәселе астық өсіретін диқандардың еңбегі еш, тұзы сор болып тұрғанында.  Мәселен, бидайдың келісі 75-77 теңге аралығында болса, кебектің келісі 90 теңгеге жеткен, – дедік біз өз уәжімізді алға тартып. – Бұл шаруалардың құлшынысын кемітеді.  Бұдан кейін ешкім дәнді дақылдар егуге қызықпайды ғой...
– Негізі тек қана бидай емес, жалпы азық-түлік өндіруді жақсарту үшін тұқым шаруашылығын өркендету мәселесі қолға алынуы керек. Біз осы саладағы өз ұсынысымызды еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдағанбыз. Әзірге ешқандай жауап жоқ. Енді жаңа министр осындай маңызды мәселелерді қолға алар деген үміттеміз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жауапты қызметкері.
... Шаршаған шаруалар Үкіметтен үмітін үзгісі келмейді.
Пікір қалдырыңыз