20 әлеуметтік дүкен ашылмақ

Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендерді салу, олардың санын 50-ге жеткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. 

Бүгінгі күні бұрыннан жұмыс атқарып келген көлемі 24 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкенге қосымша жаңадан әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа 17 әлеуметтік дүкен салынып, олардың жалпы саны 30-ға жетті. Оның 9-ы «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін кәсіпкерлер өз қаражаттарымен салды. 

Аталған әлеуметтік дүкендер Түркістан қаласының көпқабатты үйлері көп шағынаудандарында, осал топтағы отбасылар шоғырланған аумақтарға орналасқан. Мұнда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 20-30 пайыз төмен бағада сатылуда. Тазартылған күріштің келісі – 350 теңге, рожкидің (өлшеніп салынатын) келісі – 300 теңге, қарақұмық жармасының келісі (өлшеніп салынатын) – 320 теңге, тауық етінің келісі – 900 теңге, тауық жұмыртқасы (I санатты) – 35 теңге, күнбағыс майының литрі – 680 теңге, қант-шекер келісі – 395 теңге, 1-сұрыпты бидай ұнының келісі 190 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, пастерленген сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ас тұзы, сиыр еті нарық бағасынан төмен сатылуда. Жыл соңына дейін қалған 20 әлеуметтік дүкеннің құрылысын бітіріп, жалпы дүкен санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. 

Пікір қалдырыңыз