Білікті маман – мемлекет абыройы

Мемлекеттік қызмет үлкен жауапкершілік пен
төзімді қажет ететін, ел игілігіне бағытталған абыройлы міндет. Қазіргі таңда
мемлекеттік қызметші болу үшін түрлі этаптардан, сонымен қоса сынақ мерзімінен
өту керек. Бұл этаптардан соң іріктеліп, оза шыққан маман мемлекеттік қызметші атана алады. Сондықтанда
мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек ету үлкен күш-жігерді талап етеді. Міне, осындай
ұзақ жыл еңбек еткен үлгілі мемлекеттік қызметшілердің бірі Әсемгүл Дәулетова.
Ол Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің
тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы болып қызмет
атқарады.
Әсемгүл Рахымқызы Арыс қаласында дүниеге
келген. Үлгілі отбасында тәрбиеленіп, мектепті бітірген соң 1990 жылы Қарағанды
мемлекеттік медицина институтына түсіп, гигиенист-эпидемиолог мамандығын алып
шығады. Еңбек жолын бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы
санитарлық-эпидемиологиялық станциясында бас маман қызметінен бастайды. Осында
10 жылдай қызмет атқарып, Шымкент қалалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына
ауысады. Араға жылдар салып, Еңбекші, Әл-Фараби аудандарының басқармаларында
санитариялық-гигиеналық бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарды. Бүгінде білікті
маман еңбек жолында түйген ойлары мен тәжірибилерімен бөлісіп жүреді. 2009 жылы
«Жылдың үздік санитарлық дәрігері» дипломын алса, 2022 жылы ҚР Президенті
Қ.Тоқаевтың «Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Бұдан бөлек, Әсемгүл департамент басшылығы және жергілікті атқарушы органдардың
түрлі «Алғыс хаттары» мен «Құрмет грамоталарының» иегері.
Сонымен қатар, отыз жылдан аса аталмыш
салаға еңбек сіңіріп, елеулі үлес қосып келе жатқан білікті маман әріптестері
арасында сыйлы. Қала өмірі қашанда қарбаласқа толы. Шаһардың санитариялық-эпидемиологиялық
ахуалы, әсіресе тамақтану объектілеріне қатаң бақылау жасау, түрлі аурулардың алдын
алу бойынша жұмыс жүргізу осы саланың мамандарының басты міндеті. Әсемгүл
Дәулетова өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, жауапкершілігімен,
біліктілігімен қызметтестері арасында ерекшеленеді. Жас мамандарға жұмыстың
қыр-сырын үйретіп, үлгілі қызмет атқаруда. Сондай-ақ, ол жақсы кадр ғана емес,
отбасында үлгілі қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана. Білікті маман әрдайым,
биіктерден көріне берсін!
Шымкент
қаласының
санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау департаменті