Тіл тазалығын сақтау – тектіліктің бір көрінісі

Ана тіліміз төңірегіндегі түйткілді мәселелер жөніндегі алаңдаушылықтарын қазақ зиялылары өткен ғасырдың басынан бері күн тәртібінен түсірмей келеді. «Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрттың тілі» деп бәріміз де айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың тілі жүре келе бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық... Бір жағы Бұқар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшалап, арабшалап, сартшалап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр...» деген Міржақып Дулатовтың алаңдаушылығы өте орынды.
1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Ресей өкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік, тағы басқа мәселелерді көтерген 12 767 қазақ азаматы қол қойған құзырхат жолданады. Ол тарихқа «Қарқаралы құзырхаты» деген атпен енді. Оны қоғам қайраткерлері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев ұйымдастырады. 1905 жылы Ресей мемлекеттік І-ші Думасына сайланған А.Бірімжанов, А.Қалменов, Ә.Бөкейханов, Ш.Қосшығұлов ұлт, тіл мәселесін мемлекеттік деңгейде көтере бастады. Содан бері де тіл тазалығы мәселесі қазақ зиялыларының тіліне арқау, мақалаларына өзек болды. Ол жайында кезінде Ғұмар Қараш «Ұлт һәм туған тіл», Халел Досмұхамедұлы «Жат сөздер туралы», Міржақып Дулатов «Тіл мәселесі», «Орысшалаған қазақ тілі», Жүсіпбек Аймауытов «Тіл туралы» және тағы басқа мақалалар жазды.
Қазақ тілі – сөздік қоры жөнінен әлемдегі бай тілдер қатарында. Осынау бай қазынаны көздің қарашығындай сақтап, игілігімізге жарата алып жүрміз бе?
Заман ағымына сай тілімізге еніп жатқан атаулар мен терминдер сөздік қорымызды байытып жатқан шығар, бірақ оларды сұрыптап, ұтымды баламасын тауып, пайдалана білуіміз керек.
Өкінішке қарай, күнделікті тұрмыста сөз арасында орысша қыстырып жіберетінімізді өзіміз де аңғармай қаламыз. Тіпті бұл үйреншікті әдетке айналды десек те болады. Қазақша баламасы бола тұра остановка (аялдама), поликлиника (емхана), зарядчик (қуаттағыш), аборт (түсік), помидор (қызанақ), аптека (дәріхана), вечеринка (сауық кеш), парк (саябақ), зоопарк (хайуанаттар бағы), (ипподром (атшабар), операция (ота), неужели (шынымен), звонда (қоңырау шал), сдача (қайтарым), спичка (оттық, сіріңке), обед (түстік), завтрак (таңғы ас), меню (ас мәзірі), парад (шеру), садик (балабақша), ясли (бөбекжай), фундамент (іргетас), поворот (бұрылыс), тағы басқа қаптаған орыс сөздері тілімізді жаулап алды. Мұндай мысалдарды тағы да жүздеп келтіруге болады. Бұл тілдің баюына емес, шұбарлануына әкеліп соқтырады.
Бірде Жетісай қаласында такси тоқтатып, «ескі аурухана жаққа барасың ба?» деп сұрадым. Жүргізуші де, алдыңғы орындықта отырған жігіттер де қазақ. Таза қазақшамды түсінбеді ғой деймін, бетіме аңтарыла қарады. Амалсыздан жұрт тәрізді шала орысшалап, «старый больницаға» деп қайталадым. Жол-жөнекей әлгі жігіттер «ескі аурухана деген біртүрлі естіледі екен» деп бір-біріне қарап күлді. Міне, тілді шұбарлап сөйлеудің салдары! Мұндай әдет белең алған сайын бұлақтай таза тіліміз лайланған үстіне лайлана бермек.
Орыс тілін араластыра сөйлегеніміз аздай, соңғы жылдары әсіредіншілдердің ықпалымен араб сөздері де сол қалпында кіре бастады. Иә, бұрыннан кейбір араб сөздері қазақы қалыпқа түсіп, төл сөзіміздей болып кеткен. Мысалы, әліппе (әліпби), кітап (китаб), тағы басқалар.
Бұл тілдік қорымызды байытқан қалыпты үрдіс. Алайда, ифтар (ауыз­ашар), машаллаһ (тәубе), иншаллаһ (шүкір), харам (арам), халал (адал), никах (неке), тағы басқа араб сөздерін тілімізге тықпалаудан табар пайдамыз шамалы. Елдің негізгі тірегі -- төл тілі. Қазақ қашан да бір-бірімен жолыққанда жас ерекшелігін ескере отырып:
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкумассалам! – деп амандасқан. Қазір кейбір жастар жағы да:
– Ассалаумағалейкум ва рахматуллуахи ва баракатух, – деп амандасуды үрдіске айналдыруда. 
Әрине, жақсы тілек. Дегенмен, бұлақтай сыңғырлаған төл тіліміздей бола алмақ емес. Иман – жүректе, тілде емес. Он сегіз мың ғаламның иесі жүректен шыққан ниетті ғана қабыл етері анық. Оған қай тілде айтылуы маңызды емес. Әрине, ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймыз. Әйтсе де тіл тазалығы – тектіліктің бір бұтағы. Президент Қ.Тоқаев латын әліпбиіне  көшуді кейінге қалдырғаны белгілі. Соған қарамастан, көшедегі, қоғамдық орындардағы кириллицамен қатар тұрған латынша жазулар да тіл тазалығына оң әсер етеді деу әлі ерте.
Кабинет маңдайшаларындағы -вна, -вичтерден құтылу өз қолымызда. Аты-жөнін қазақшалап жазуға енжар қарайтындардан ұлт жанашырлары шығуы неғайбыл. Тіл тазалығын сақтау – бәріміздің міндетіміз. 

Зікіра ҚОЖАЕВ.
Пікір қалдырыңыз