«Балаларды мектепке даярлаймыз!»

ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Түркістан қаласына келді. Парламент Мәжілісінің депутаты киелі өңірге келген сапарын алдымен балаларды қуантудан бастады. Оқушылар сарайында өткен «Балаларды мектепке даярлаймыз» атты акцияға қатысты.

Игі шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбет­әлиев, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы және БАҚ өкілдері қатысты.
Акция мақсаты – мектеп жасындағы балаларды мектепке толық қамтуға жағдай жасау, жаңа қарқынмен, білімге деген құштарлық, асыға күткен алтын ұя мектебіне сағыныш сезімін ұялату.
Шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Сабыржанұлы сөз сөйлеп, жаңа оқу жылымен көпшілікті құттықтады. 
– Біз балаларымыздың жайлы мектептерде оқып, білікті азамат болып шығуына бар күш-жігерімізді саламыз. Сайлауалды бағдарламамыз аясында бүкіл ел аумағында мектеп тапшылығын жойып, заманауи үлгідегі оқу ғимараттарының салынуын қамтамасыз етеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – біздің қасиетті борышымыз, – деді ол. 
Фракция жетекшісі акция аясында 30 бүлдіршінге мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыстады. 
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлаймыз» атты қайырымдылық акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Акция биыл «Балаларға көмек берейік» ұранымен жалғасып отыр.
Елнұр Сабыржанұлы шара соңында Оқушылар сарайын аралап, балалар қатысатын түрлі үйірмелердің жұмыстарымен танысты.
Оқушылар сарайы алты негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: «Технопарк және IT Sana», «ЛингвоLand», «Спорт», «Ғылым қалашығы», «Шығармашылық», «Өнер» бөлімдерінде алпыстан астам үйірме бар. 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз