Тұғыртастың түкке де қажеті жоқ!

Шымкент қаласындағы орталық саябақ 1884 жылы ашылған. Ол басында «Патша бағы» деп аталған. 1888 жылы Шымкент уезінің бастығы Благовидовтың бұйрығымен оның аты қалалық қоғамдық бақ болып өзгертілген. Осы атау 1939 жылға дейін өзгеріссіз тұрған. Және сол уақытқа дейін саябақтың батыс жақ беті, анықтап айтқанда, арғы шеттегі Садовая (қазіргі Қонаев) көшесінің бойына дейінгі аумағы бос алаң болған. Сол алаңға 1919 жылы Шымкентте құрылған советтік полктың Ашхабадтағы Ровнин ауданында басмашылармен болған соғыста қаза тапқан бірнеше қызыл коммунарлардың, атап айтқанда, Крегер, Косарев, Ковалев, Вареха, Штонда, Вишневский, Комнатный, Корнилов сияқты әскери адамдардың мәйіттері жерленеді. 
1930 жылы Созақта кеңес өкіметінің саясатына қарсы шыққан шаруалар мен кедейлердің көтерілісі болады. Ол көтерілісті Шымкенттен арнайы барған қызыл әскерлер тобы аса қатыгездікпен басып-жаншиды. Сол соғыста да біраз қызыл әскерлер қаза табады. Олардың мәйіттерін арбаға тиеп әкеліп, 1919 жылы  қоғамдық бақтың шетіне мүрделері қойылған жоғарыдағы коммунарлардың жанына жерлейді. Бір жылдан кейін олардың молаларының үстіне төрт бұрышты табыт іспеттес белгі орнатылады және көлемі онша үлкен емес төрт бұрышты беті қашалған тасқа олардың аттары жазылып қойылады.
Сол жылдары жергілікті кеңес органдарының басшылары сонау Ашхабад жерінде қаза тапқан қызыл коммунарларды және Созақ көтерілісінде оққа ұшқан қызыл әскерлерді қаланың тура ортасындағы бақтың ішіне неге әкеліп жерлеген деңіз. Бұл енді сол уақыттағы кеңестік саясаттың айқын көрінісі. Ол саясаттың екі астары болған. Бірі – жат жерде қаза тапқан шымкенттік қызыл әскер полкінің жауынгерлерінің есімдерін осынау мүрделер арқылы мәңгі жұрт есінде қалдыру болса, екіншісі – Созақ көтерілісін басқан қатыгез коммунарлардың айбынын асқақтатып, жергілікті жұртқа барлық кезде советтік күштің мысын білдіріп тұру еді. Тағы бір жағы – Созақтағы кедейлер көтерілісін кеңеске жаны қас, антисоветтік пиғылдағы бай-кулактардың іс-әрекеті, мына боздақтар сол теріс жолдағы бүлікшілерді жазалау кезінде жазықсыз шейіт кеткен батырлар деп көрсету мақсаты жатқан. Ал, расында, бұлар ешқандай да батырлар емес, тек өз замандарының саясатының қолшоқпарлары ғана болған әскери адамдар.
1939 жылы қалалық қоғамдық саябақ – қалалық орталық саябақ деп аталды. Созақ көтерілісі кезінде оққа ұшқан Клоков, Григоренко, Леонтьев, Дузен, Андреев, Трегубов, Захаров сияқты қызыләскерлердің аттары жазылған төрт бұрышты тастың орнына 1964 жылы үлкен тұғыртас орнатылады. Аты-жөндері гранит тас-тақтайшаға жазылып, тұғыртасқа ілінеді. Екі шетіне Ашхабадта өлген коммунарлардың тізімдері екі тілде ойылып жазылады. Ол аздай, тұғыртастың түбіне кеңестік коммунарлардың рух-есімдерін әспеттеу мақсатында мәңгі алау жағылып қойылады. Тұғыртастың артында қаз-қатар тізілген молаларының үстеріндегі төрт бұрышты табыт-белгілер де жаңартылады.  
Алпысыншы жылдардан кейін саябақ аумағы барынша кеңейтіледі. Оның бос жатқан батыс жақ бетіне ағаштар отырғызылып, тұғыртас пен мәңгі алау кеңестік идеологияның бір жақты насихатының ықпалымен жастар тағзым ететін, жалпы жұрт бас иетін қасиетті орынға айналды. Осынау үгіт-насихаттың арқасында жергілікті жастар мен қалалықтар мәңгі алаудың түбінде  бір кездері өз ата-балаларын қырған басқыншы әскердің өкілдері жатқанын ұмытып, түрлі мерекелер кезінде ол жерге гүл шоқтарын қоюды үрдіске айналдырған еді. 
Біз тоқсаныншы жылдардан кейін осы тұғыртас советтік басқыншылық саясаттың көрінісі ретінде қойылған ескерткіш екендігін, сондықтан да, мұны алып тастау керектігі жайында талай рет мәселе көтерген едік. Алайда, ол кезде жергілікті өкімет орындарының тарапынан бұған еш қолдау болған жоқ. Бірақ біз бұл ескерткіштің шын мәнісі неде екенін айғақтайтын  мәліметтерімізді мерзімді баспасөздерге жиі жариялап, сонымен қатар жергілікті билік органдарына оны алып тастау жөніндегі ұсынысымызды үнемі білдіріп жүрдік. Дегенмен, біздің ұсынымыз бен талаптарымызға, сондай-ақ, аталмыш тұғыртастың Тәуелсіз Қазақстан елі үшін түкке де керегі жоқ, одан соң баяғы 1919-1930 жылдар аралығында болған небір зұлмат кезеңдерде нақақ жазаланған ата-бабаларымыздың әруағын қорлап тұрған ескерткіш екеніне бертінде ғана назар аударыла бастады. 
Екі мыңыншы жылдардың  басында онда жанып тұрған мәңгі алау өшірілді. Ал, 2011 жылы бұрынғы тұғыртас бұзылды. Алайда, кімнің кімнен үріккені, кімнің көңіліне қарағаны белгісіз, 2012 жылғы орталық саябақты басқаша түрге ендіріп, жаңалау жұмыстары кезінде бұзылған құлпытастың орнына гранит тастан басқа ескерткіш орнатылып, коммунарлардың аты-жөндерінің орнына «Бауырластлар зираты» деген жазу ілінді. Оның арт жағында жатқан табыт іспеттес қабір-молалар да қайта жөнделіп, қара сырмен қалыңдата сырланып қойылды. Сол кездегі қала билігінің  құлпытасты неге осындай түрде һәм не себепті бұлай қайта жасағанын – басқалар  түгілі, оның саябақтан мүлдем алынып тасталуын талап етіп жүрген біз де білмей қалдық. 
Содан бері де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ нәтиже жоқ. Бүгін тағы көтеріп отырмыз. Өйткені бір кездері ата-бабаларымызды қырған қызыләскерлердің бейіттері үстіне қойылған белгілер мен тұғыртас қала ортасындағы халық көп жүретін саябақтың ортасында қасқайып, қазақтың мысын басып тұрмауы керек!
Тағы бір айтатын нәрсе – бұл ескерткішке «Бауырластар зираты» деген атауды қай сауатсыз берген? Бауырластар деген атау бірінші дүниежізілік соғыстан кейін пайда болған. Анықтап айтқанда, сыртқы дұшпанмен соғысу кезінде қайтыс болған бір елдің бірнеше ұлттан құралған жауынгерлері топтанып көмілген молалар «Бауырластар зираты»» деп аталған. Ал, Шымкенттегі саябақта жергілікті қазақтарды қынадай қырған басқыншы қызыл әскерлердің солдаттары жатыр. Ендеше, олардың моласы қалай «Бауырластар зираты» болады?.. 
Естуімізше, совет өкіметінен қалған мұндай ескерткіштер Ресейдің өзінде баяғыда-ақ талқандалып тасталған. Сонда бізге қас болған, жалпы, қазіргі қазақ қоғамына, саясатына жат кеңес «батырларын» бізге әспеттеп не керек?.. 
Мейлі, бір уақыттарда кеңес өкіметі өз саясатын насихаттау мақсатында «аталған батырларын» осында қойған шығар. Алайда, мұндай көрініс қазіргі Тәуелсіз Қазақстан қоғамында  адамдар демалатын саябақ ішінде болуы орынды емес. Сондықтан да, осы ескеркіш-тұғыртасты алып тастап, ал, онда жатқан мәйіттерді басқа молаларға апарып жерлеу керек. Мұндай әрекет исламда да, христианда да бар үрдіс. 
Түсінген адамға бұл тұғыртас – не заманы өткен советтікі емес, не бүгінгі біздің елдікі емес, әйтеуір, мәнсіз қалыпта көзге сүйелдей болып қарайып тұрған мағынасыз бірдеңе болып тұр. Ендеше, тиісті орындар осы жайында тереңірек ойланып, осы мақалада айтылған мәселелерді шешуге тезірек талпыныс жасаса  екен...  

Момбек ӘБДІӘКІМҰЛЫ,
жазушы.
Пікір қалдырыңыз