Қазақтың ақбас сиырына сұраныс артып келеді

Кешегі кеңес заманында отандық асыл тұқымды ірі қараның өнімділігін арттыруға қатысты селекциялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін. Соның ішінде ең көп тараған қазақтың ақбас тұқымды сиырлары тәуелсіздік алған жылдары 2 миллионның төңірегінде еді. Өкінішке қарай, 2000 жылдардың басын­да олардың саны 75 мыңға дейін қысқарып кетті. Тек соңғы он жылдың көлемінде елдегі мал шаруашылығын қайта жаңғыртудың арқасында ақбас тұқымды сиыр саны 500 мыңға дейін көбейді.

 Қазақтың әйгілі ақбас сиырының пайда болғанына да жетпіс жылдан асыпты. Британдық герефорд бұқаларын будандастыру арқылы жүргізілген селек­ция­лық жұмыстардың нәтижесінде өткен ғасырдың 30-50 жылдары қазақ даласында салмағы 500 келі болатын қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырлары өсіріле бастады. Бұл малдың артықшылығы, еліміздің далалы және шөлейт аудан­дарының табиғи жағдайына бейім­ әрі тез жеті­­ле­­­тіндігімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда ауданда қазақтың ақбас сиырына деген сұраныс артып келеді. Бүгінде Созақ ауылындағы «Созақ ет шаруашылығы» шаруа қожалығында 150, Қарақұр ауылындағы «Сенім» шаруа қожалығында 625 және Шолаққорған ауылындағы «Ата қоныс» шаруа қожалығында 17 бас ақбас сиыр өсіріледі. Бірді-екілі сиыр асырап отырған ірілі-ұсақты шаруашылықтар да бар.  

– Ақбас сиыр – қазақтың төл малы. Біздің табиғатқа жерсінген әрі қысқа төзімді. Қақаған аязға қыңбайды, Төлдері де тез аяқтанып кетеді. Мал азығының кез келген түрін жей береді. Ең бастысы, еті мол болғандықтан, еңбегің өтеледі. Осы ретте ақбас сиырлардың сүті аздау болғанымен, құнарлылығы мен майлылығы жоғары екенін айта кету керек. Әрине, шаруашылықты ұйымдастырудың өзіндік қиыншылықтары да, қолбайлау болатын тұстары да баршылық. Дегенмен, мемлекет тарапынан бұл мәселеге қатты көңіл аударылып жатыр. Тек ерінбей ете білу керек. Сонда ғана шаңырағыңа ырыс үйіріледі, – дейді «Созақ ет шаруашылығы» шаруа қожалығының төрағасы Еркебұлан Әлібеков. 

Аталмыш шаруа қожалығының сиыр бағуға жететін жайылымы мен шабындық жері бар. Мал суаруға қажетті құдық та қазып алған. Маңайындағы шаруалар жаз бойы бір-біріне қолғабыс етеді екен, Әрине, ел ішінде отырған соң онсыз тағы болмайды. Ең бастысы, аудандағы мал тұқымы осындай еңбекқор, тындырымды адамдардың арқасында жақсарып келеді. Демек, табыс та мол болмақ.  

Пікір қалдырыңыз