Құрғақшылықтан зардап шеккен диқандарға жеңілдік бар
Биылғы шілденің ыстығы көптеген шаруаларға ауыр тигені рас. Әсіресе, аптап ыстықта еккен егіні су тапшылығынан қурап қалып, шаш-етек шығынға батқандары да бар. Олардың ауыр жағдайы билік басындағыларды да бей-жай қалдырған жоқ. Таяуда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкімет үйінде осы мәселе кеңінен қозғалды.
Кеңесте жекелеген өңірлердегі қалыптан тыс ыстық пен жауын-шашынның аздығына байланысты орнаған ахуалдың ауқымы мен мемлекеттік қолдаудың ықтимал шаралары талқыланды. Үкіметтің ресми сайтында мәлім етілгендей, «Бәйтерек» холдингі, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрғақшылықтан зардап шеккен шаруаларға несие төлеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастырмақ. Сондай-ақ, биылдан бастап алғаш рет мал азығын жинауға жеңілдетілген бағамен дизель отынының қосымша көлемі бөлінетін болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 119 мың гектар көкөніс дақылдары алқабының
70 пайызға жуығы жақсы, ал, 14,4 пайызы немесе 24,5 мың гектары қанағаттанарлық жағдайда екен. Барлық дәнді дақылдардың 8,3 миллион гектары жақсы жағдайда, бұл барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының 50,2 пайызын құрайды. Ал, 7,2 миллион гектардың, яғни 43,7 пайыз өнім қанағаттанарлық жағдайда екенін де айта кетейік. Майлы дақылдар көбірек зардап шеккенін айтқан мамандар оның жалпы 43,6 пайызы немесе 1,4 миллион гектары шығын болғанын айтады. Ал, қанағаттанарлығы 47,7 пайыз немесе 1,5 миллион гектарды құрап отыр.
Бүгінгі таңда егін жинау науқанына басымдық беру керек екенін айтқан министр, сондай-ақ, мал азығын дер кезінде әзірлеу басты міндет екенін тағы бір ескертіп өтті. Ал, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков азық-түлік белдеуін қалыптастыру жұмыстарына тас-түйін дайын екенін айтып, есеп берді. «Әкімдіктердің жедел деректері бойынша қазірдің өзінде 8 миллион тоннаға жуық шөп дайындалды. Бұл жоспардың 32 пайызын ғана құрайды. Биыл өңірлерде жем-шөп құнын субсидиялауға 11,7 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, Азық-түлік корпорациясы 235,2 мың тонна астықтың жем-шөп қорын қалыптастырды. Қажет болған жағдайда бұл астық мал және құс шаруашылықтарына арзандатылған бағамен қолдау ретінде жіберіледі. Биылдан бастап алғаш рет жем-шөп жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен дизельдік отынның қосымша көлемі бөлінетін болды» деді ол.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі 2022-2025 жылдарға арналған жем-шөп өндіру саласын дамыту жөніндегі жол картасының орындалу деңгейінің төмендігін де атап өтті. Әкімдіктер ауыспалы егістегі жем-шөп дақылдарының үлесін кеңейту бойынша, бірінші кезекте суармалы жерлерде, жайылымдық жерлердің өнімділігін арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланбай отырғанын да айтып берді.
Ауыл шаруашылығындағы тәуекелдерді, соның ішінде құрғақшылықтың салдарын жою тетіктерінің бірі – егін шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы жануарларын сақтандыру болып табылады. Осы мақсатта сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігі субсидияланатын егін және мал шаруашылығында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Өткен жылы сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау қағидаларына түзетулер енгізілді, соған сәйкес сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялау нормативі 50 пайыздан 80 пайызға дейін өскен. Десек те, еліміздің басым бөлігінде климаттың болжамсыздығына қарамастан, фермерлер сақтандыру құралын аз пайдаланады. Биыл барлығы 258,2 мың гектар дәнді және майлы дақылдар, 152 мың гектар бау-бақша, 5,4 мың мал, 428,2 мың құс сақтандырылған. Сақтандыру сыйлықақысы 1,6 миллиард теңгені құрады, оның 1,3 миллиард теңгесі субсидияланған. Сақтандыру сыйлықақыларын субсидиялауға республикалық бюджеттен бөлінген 5,9 миллиард теңгенің тек 2,4 миллиард теңгесі ғана игерілген.
Жем-шөп дайындау бойынша биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда біршама төмен. Еліміз бойынша жылдық жоспар 25 миллион тонна болса, бүгінде бар болғаны 8 миллион тонна ғана жем-шөп дайындалған. Пішендеме дайындау да мәз емес, жоспардың 12 пайызын, сабан – 4,3 пайызын құрап отыр. Алдағы күз айларында сабан, сүрлем және концентрлі жемді жаппай жинау науқаны қыза түседі. Сол кезде бұл олқылықтың орнын толтырмасақ, қыстың қамын жазда ойлауы тиіс қауым қиналып қалуы мүмкін.
Қорыта айтар болсақ, шұғыл кеңеске төрағалық еткен Серік Жұманғарин өңірлерде мал азығын дайындау қарқынын арттырып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жем-шөп бағасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір аймақтардағы құрғақшылықтың ықтимал әсерін ескере отырып, фермерлер несие төлемдерін кейінге қалдыруға өтініш бере бастауы мүмкін екенін айта келе, ондай болған жағдайда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ зардап шеккен шаруаларға несие төлеу мерзімін кейінге қалдыруға көмектесуі керек екендігін ескертті.
А.ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.