Қазақстан – Ауғанстан: инвестициялық жобаларды іске асыруға келісті
Астанада өтіп жатқан қазақ-ауған іскерлік форумы аясында Ауғанстан делегациясы бизнес өкілдерімен және мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдармен B2B, B2G форматында кездесулер өткізді. Екі жақты келіссөздердің қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи ниеттер туралы хаттамаға қол қойды.
Тараптар өзара сауда көлемін 3 млрд. долларға дейін жеткізу мақсатында екі елдің бизнесіне қолайлы жағдай жасау үшін барлық күш-жігерді жұмсауға келісті. Астана мен Кабул қазақстандық мұнай өнімдері, ұн, бидай, күнбағыс майын Ауғанстан нарығына өзара тиімді шарттар негізінде жеткізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Сонымен қатар, екі елдің өкілдері Ауғанстан мен Қазақстан арқылы өту үшін артықшылықтары бар көлік және транзиттік тарифтер ұсыну туралы мәселені қарайды. Тараптар Қазақстан және Ауғанстан нарықтарына өнімді жеткізудің баламалы және неғұрлым тиімді бағыттарын, сондай-ақ, «Батыс–Батыс» форматындағы ынтымақтастықты пысықтауға дайын екендіктерін білдірді.
Өзара сауданы ұлғайту үшін Астана мен Кабул Ауғанстан – Түркіменстан шекарасында сауда-логистикалық терминал құруға және екі елге де жағдай жасап, қызмет көрсету мәселесін зерделеуге ниетті. Осыған байланысты транзит және логистика мәселелері бойынша Қазақстан, Ауған-стан және Түркіменстанның қатысуымен үш жақты келіссөздер жүргізу жоспарланып отыр.
Үкімет және бизнес топтарының өкілдері елдер арасындағы жаңа көлік-транзиттік және сауда-инвестициялық келісімді әзірлеу қажеттігін білдірді. Қазақстан мен Ауғанстан банк және телекоммуникация секторларында ынтымақтастықты дамытуға, тау-кен өндіру өнеркәсібінде, ауыл және су шаруашылығында, энергетика, логистика, теміржол, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға ниетті.
Оған қоса тараптар Герат қаласында қазақстандық тауарлар мен қызметтердің және Алматы қаласында немесе Қазақстанның басқа қалаларында ауған тауарлары мен қызметтерінің тұрақты түрде жұмыс істейтін көрме орталықтарын ашуға жәрдемдесетін болады. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылды жеделдету үшін Бірлескен сауда палатасын, Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі бірлескен комитет құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.