«Мен әкеммен мақтанамын»

Ажар Бермұханова, «Оңтүстік Қазақстан».
Қазығұрт ауданындағы Қ.Өмірәлиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Мен әкеммен мақтанамын» атты іс-шара өтті. Іс-шараға аудандық ардагерлер кеңесінің, «Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты. Әкелердің отбасын қолдаудағы баға жетпес үлесі мен маңызды рөлін құрметтеу кештің мақсаты болды. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің иесі әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың, тұтас рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш.
– Әке – асқар тау. Отбасыда әкенің орны бөлек. Ол – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке бала үшін әрдайым қолдау көрсетуші, оның тіреушісі, асыраушысы. Әр баланың өміріндегі әке орны ерекше, сол себептен де әкелерімізді мәңгілік құрметтеп, кішіпейіл болуымыз керек, – деді ауыл биі О.Райымбеков.
«Мұрагер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі А.Ташенов «әкеміз біз үшін аянбай еңбек етіп, ыстық-суығымызға төзіп, қарнымызды тойдыратын, киімімізді бүтіндейтін. Мен әкемнің маңдайымнан иіскеп, басымнан сипағанын өмір бойы ұмыта алмаймын» деп келушілерді бір тебірентті.
Кеш соңы оқырмандар күшімен қойылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Қазығұрт ауданы.