Алдымен балаларды қуантайық

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да басталады. Жылда бағасы қымбаттамаса, арзандамайтын оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Осы ретте дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясы биыл «Жақсылық жаса» ұранымен басталып, еліміздің барлық өңірлерінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Қасымбекова мен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Самат Көшкінбайдың қатысуымен «Мектепке жол» акциясының өткізілу барысы туралы брифинг өтті.
Брифингте Айгүл Ерғалиқызы жаңа оқу жылы қарсаңында азаматтық қоғам ата-аналар мен балаларға қандай көмек қолын соза алатындығын айтты.
– Әрбір азамат акция аясында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындау үшін атаулы көмек көрсетуде белсенділік таныта алады. Балалар мектепке қуанып баруы үшін оларға шынайы қамқорлық қажет. Акцияны ұйымдастырушылар қатарына ҚР Оқу-ағарту министрлігі, облыс (қалалардың) әкімдіктері, білім басқармалары, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер және кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялардың мүшелері, басқа да мүдделі тараптар кіреді. Биыл жалпыға міндетті білім қоры есебінен 32 мыңнан аса баланың әрқайсысына 40 567 теңге көлемінде көмек көрсетіле-ді, – деді білім басқармасының өкілі.
Брифингте белгілі болғанындай, аудан, қала әкімдіктері «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесе отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында, сондай-ақ, мектеп формасы мен оқу құралдарын халыққа қолжетімді бағада ұсыну үшін жәрмеңкелер өткізеді.
– 2023 жылдың тамыз айында «Атамекен» ҰКП-ның мектеп тауарларын өндіретін кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізілді. Осы ретте мектеп формасына қатысты бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін 17 аудан, қала әкімдіктерінің шалғай ауылдарында «Мектеп жәрмеңкесі» өткізіледі, – деді Самат
Жандарұлы.
Облыс аумағындағы 4 кәсіпорын мен 5 жеке кәсіпкер айына 15 мың дана мектеп формасын тігуге қауқарлы. Ал, аяқ киім тігумен Арыс қаласында «Арай» ӨК айналысады.