Сексеуіл – құм көшкініне сенімді тосқауыл

Облыста сексеуіл алқабы жылдан-жылға ұлғайып келеді. Былтыр Отырар орманшылары 5700 гектар алқапқа сексеуіл дәнін септі. Мамандардың айтуынша, егілген көшеттер түгел дерлік көктейтін болса, шөлді аймақта құм көшкіні тоқтайтын болады. Қазірдің өзінде табиғат қорғаушылары сексеуіл алқабын сақтап, мүмкіндігінше ұлғайтуға жұмыс істеуде. Мәселен, 2022-2023 жылдар аралығында жергілікті тұқымбақтан 4 643 600 дана сексеуіл көшеті алдырылып, егілген. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында БАҚ өкілдері Отырар ауданы аумағындағы тұқымбақ жұмысымен жақыннан танысып қайтты.

Баспасөз туры барысында сала мамандары орман шаруашылығында атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, ағаш өсірумен айналысатын тұқымбақтар мен сексеуіл алқабын көрсетті. Облыстық басқарманың орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Хамит Жорабаев сексеуіл сүрегін, яғни жас бұтағын сатуға тыйым салу және басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралардың атқарылып жатқанын баяндады.
– Бүгінде қоршаған ортаны құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал – құмды алқаптарға табиғи өсімдіктер егу. Біздің өңірімізде сексеуіл көшеттерін егу мен тұқымынан себу арқылы мәдени орман алқаптарын қалыптастырып, құмды аймақты жасыл желекке айналдыру жұмыстары қолға алынды. Екі мыңыншы жылдары сексеуілдің құрып кету қаупі төнген соң, елімізде оны кесуге тыйым салынды. Ол кезде 5 жылға мораторий жарияланған болатын. Жыл өткен сайын мораторий мерзімі ұзартылып келеді. Қазіргі таңда сексеуілді шабуға да, сатуға да тыйым салынған. Мұндай заңбұзушылықтарға ҚР ӘҚБТ Кодексінде әкімшілік шара көру қаралған. Қазіргі таңда орман шаруашылығы қызметкерлері тарапынан сексеуіл шабудың, басқа да заңбұзушылықтардың алдын алу қатаң бақылауда, – деді Хамит Жорабаев. 
Қазіргі таңда климаты өте қатал Отырар ауданында орман алқаптарын көбейту шаралары жан-жақты қолға алынуда. Мекемеге қарасты орман қоры жерлерінде кешенді жоспарға сәйкес, 2021-2025 жылдары 33 мың гектар аумаққа 41 миллионнан астам ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. 2021-2023 жылдар аралығында 11 мың гектар алқапқа 14 млн. түп сексеуіл көшеті отырғызылды. 
– Биылғы жоспар бойынша алқапта сексеуіл тұқымын себу күз мезгілінің еншісінде. 2021-2022 жылдары егілген орман екпелерінің орташа өнімділігі 70-75 пайызды құраған. Қолданыстағы нормативтерге сәйкес Түркістан облысының орман қоры жерлерінде орташа өнімділік 50 пайыз болып бекітілген, – деді аталған мекеменің орманды қорғау және күзету инженері Бағдаулет Таңатұлы. 
Облыс әкімінің бастамасымен Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген болатын. Жоспар аясында аудан, қала әкімдіктеріне Отырар орман шаруашылығы мекемесінен 2022 жылдың күз айы мен 2023 жылдың көктем айларында 400 000 түп сексеуіл, 148 500 түп әртүрлі ағаш-бұта көшеттері босатылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгінге дейін Арыс қаласы мен Отырар ауданына жалпы 548 500 түп көшет отырғызылып, оның 60-65 пайызы өнген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елді көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 миллиард түп көшет отырғызуды және елді мекендерге 15 миллион түп көшет отырғызуды тапсырған еді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл жергілікті мекеменің тұқымбағындағы 2,7 гектар жерге қарағаш тұқымы себілген. Ал, қазан, қараша айларында 30 гектар жерге сексеуіл себіледі деп күтілуде. Тұқымбақта 3 гектар жер дайындалып, оған үйеңкі, шаған, жиде, айлант, жәй арша, боз арша тұқымдары қорғаныш орман алқаптарынан жиналып себілмек. Бүгінгі таңда көшеттерге күтім жасау, агротехникалық шараларды жүзеге асыру, арамшөптерден тазарту, суару, культивациялау, тыңайтқыштар себу сияқты шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Алдағы күз айында жергілікті тұқымбақтан қарағаш, шаған, үйеңкі сынды ағаш-бұта көшеттерін қазу жұмыстары қолға алынады.
Облыс аумағында сексеуіл ағаштарының тұқымын жинау, сексеуіл көшеттерін өсіру, оларды орман қоры аумақтарына отырғызу және себу жұмыстары қарқынды түрде атқарылып жатыр. Тұқымбақтардағы өнімдер өңірдегі елді мекендерді толық қамтамасыз ете алады. Егілген ағаштардың сапасын басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің жауапты қызметкерлері мен аудан, қалалардың жауапты мамандары қадағалайтын болады.  

Б.МЕЙІРХАНҰЛЫ. Түркістан қаласы.
Пікір қалдырыңыз