Мәдениет институтын жабу шалағай шешім еді...

Бүгінгі қоғамның даму үдерісіне көз салсаңыз, замандастарымыздың басым бөлігінің мәдениеттен алшақтап бара жатқанын аңғару қиын емес. «Бұған не себеп?» деген сыңайдағы сұрақтар санаңды шымшылайды. Жасымыз да, кәріміз де ұялы телефонға  шырмалып, соның ғана «әуеніне» төңкерілген заманда еріксіз өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдайды екенсің.  

Кеңестік заманды қанша сынасақ та ол дәуірдің өзіндік игіліктерінің болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ең негізгісі адамдардың рухани тұрғыдан кемелденуіне негіз қалайтын кітапханалар мен мәдениет үйлері, клубтар, тағы басқа да көпшілік орындар үздіксіз жұмыс істеп тұрды ол кезде. Әдеби кітаптарды кім көп оқыса сол адам зиялы, мәдениетті болып саналатын. Мұнан сол дәуірдегі мемлекеттік құрылым, қоғам ұтылған жоқ. Адамдардың бір-біріне деген сыйластығы артып, Отанға, туған жер мен елге деген сүйіспеншіліктері, патриоттығы жоғары болды. 
Соңғы отыз жылдағы «әуелі экономика, содан соң саясат» деген ұстаным, шыны керек, тұтас елімізді, оның ішінде әсіресе, мәдениет саласын құрдымға кетіріп тынды. Оның зардабын бүгінде бүкіл Қазақстан тартып жүр. Біржыныстылардың білгенін істеп жүргені, жастарымыздың жаға ұстатар басқа да қылықтары соның «жемісі». Экономиканы бірінші орынға шығарып қана қоймай, түрлі идеологиялық жұмыстарды ұмыт қалдырып, кім көрінгенге есігімізді айқара ашып қоюдың салдарынан бүгінде екі қазақ бір-біріне жау болып шықпады ма?! Тіпті, бір үйдің балалары екі түрлі дінді ұстанып, екі түрлі көзқараста өмір сүргендіктен бір-бірін түсінуден қалды. Ал, мәдениет саласы идеологияның негізгі ажырамас бөлігі екені айтпаса да түсінікті. Ұлттық идеология мен мәдениеттен алшақтаған қоғамда адамдардың Отанға, туған елге деген шынайы сезімі әлсіреп, жемқорлық пен сыбайластықтың белең алатыны белгілі.  
Атам қазақ «Ештен кеш жақсы» дейді ғой. Ендеше, елімізде мәдениет саласының өрге басуына шынайы қамқорлық, нақты бағдарлама жасауымыз қажет-ақ. «Бәрін кадр шешеді» демекші, елде білікті де білімді мамандар даярлау  кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. 
Ал, оңтүстік өлкеміздегі мәдениет ошақтарына мамандар осыған дейін негізінен Шымкенттегі мәдениет институтында даярланатын. Оның түлектері республикамыздың түкпір-түкпірінде нәтижелі еңбек етіп, мәдениет саласының өрге басуына сүбелі үлестерін қосты. Әсіресе, мәдениет институтының даңқы аталған саланың шын білгірі Жүнісбаев Мүтән Жүнісбайұлы ректор болып тұрған шақта шартарапқа кеткен еді.
Аталған іргелі білім ордасы шалағай шешімнің салдарынан кезінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қарамағына берілген-ді. Бір сөзбен айтқанда, кафедра деңгейінде қалып, мәдениет саласының майталман кадрларын толыққанды даярлауға қауқарсыз болып отыр. Ал, мәдениет институтының ғимараты әу баста аталған салаға аса қажетті мамандар даярлауға ыңғайластырылып салынған болатын. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Шымкенттегі мәдениет институты толығымен қайта ашылып, еліміз үшін аса қажетті мамандар даярлауды жалғастырса екен деген тілек бар. 

Әбдуәлім ТІЛЕУБЕКОВ, 
журналист. 
Пікір қалдырыңыз