Түйеқұс та өсіреді, марал мен бұғы да бағады

Сарыағаш ауданы, Құркелес ауылдық округіне қарасты Ақ үй елді мекенінің тұрғыны Б.Жанұзақов ерекше құс түрлерін өсірумен айналысуда. Осы күнге дейін түйеқұс аудан үшін таңсық құс болатын. Сол түйеқұсқа еллдің көзін осы Жанұзақовтардың отбасы үйретті.
Еңбекқор азамат ауданда түйеқұсты алғашқылардың бірі болып өсіруді қолға алған. Сонымен қатар сүйікті ісі құс шаруашылығы болғандықтан бөдене, бүркіт, үкі, кептер, тотықұс, тауыс құстарын бағумен де айналысуда.
Ол әуелі сырттан әкелінген құстарды жерсіндіріп, қолға үйретті. Кәсіпкердің айтуынша, түйеқұс өсірудің еш қиындығы жоқ, тек оны қалай күтіп-бағуды меңгеріп алсаңыз болғаны. Ал, одан түсетін пайда көп. Оның терісі, тұяғы, тұмсығы әсіресе еті нарықта үлкен сұранысқа ие. Өйткені, етінің құрамында май мен холестерин аз болғандықтан тұтынушылар көп. Бойы
2-3 метр болатын түйеқұс 100-150 келіге дейін ет береді. Бір маусымда 120 жұмыртқа табатын түйеқұстар жем шөптен тапшылық көрмесе, күтімі болса 80-100 жыл өмір сүреді. Жұмыртқасының салмағы – 3-3,5 келі.
Айта кетейік, Б.Жанұзақов құс өсірумен қатар, марал, бұғы және қоян бағумен де айналысады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.