Ең алдымен еңбек адамына құрмет болу керек

Қазақ тілі ғылымның тілі болуы керек дегенді айтып жүргеніме бірталай жыл болды. Қасиетті Түркістан жерінде өткен екінші құрылтайда сөйлеген сөзімде де осыны айттым. Осы мәселені Президент те айтты. Ойымның бірінші басшылыққа жеткеніне қуаныштымын. Қазақ тілі тек отбасы, ошақ қасында қалмауы керек. Ана тіліміз білім мен ғылымның тілі болуы қажет. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Мәдениет пен спортты түсінетіндер көп. Ал, ғылымның тілін кім түсінеді?
Қазақ тілі ғылым тілі болуы керек дегенді мен былай ұғамын. Ең алдымен университет оқулығын шығару керек. Бұл монография шығару, мақала жазу, конференция құру деген сөз емес. 100 университет оқулығын шығару керек. Мысалы, математика ғылымы деген саланың өзі 99-ға бөлінеді. Медицина ғылымы да 99-ға бөлінеді. Біреу көзін, біреу құлағын, енді бірі асқазанын зерттейді. Кітапты соның бір саласынан шығару керек. Мен соның механизмін беріп отырмын.
Баяғыда «социалистік реализм» дейтін сөз болатын. Осы сөздің бір сөзі артық, «социалистік» деген. Ал, «реализм» дұрыс сөз. Өкінішке қарай, қазақ қоғамында жалған сөзге, жалған пафосқа, әдемі сөзге тым әуестеніп кетті. Мен оны реализм тұрғысынан нақты ұғамын. Қазақ деген ел шын мәнінде осы ғасырдан өтіп, тарих топырағына көміліп қалмаймын десе, техникалық ел болуы керек. Өйткені, тәуелсіздік деген төрт нәрсе. Біріншісі – саяси тәуелсіздік, екінші – экономикалық, үшінші – әскери, төртінші –техникалық тәуелсіздік. Осы төртеудің төресі, мен үшін, техникалық тәуелсіздік. Егер техникаң күшті болса, зауытың мықты болса, сенің экономикаң да күшті болады. Егер экономикаң күшті болса, әскерің де күшті болады. Экономикаң, әскерің күшті болса, сенің сөзің де өтімдірек болады. Сондықтан біз жалаң сөзбен, жалаң ұранмен, мақал-мәтелмен, ертегімен, аңызбен, әпсанамен, хадистермен жұрттың бәрінен алға шығамыз деу бос сөз. Ең алдымен сенің артыңда бір нақты ісің тұруы керек. Қазақы еңбек, қазақы сапа деген ұғым болу керек. Бұл әңгімені Президент те айтып келеді. Кейінгі жылдары қазақ ғылымына қажетті жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның барлығы бірінші тұлғаға байланысты. Жалпы, ғылым мен технологияның дамуы – заңды құбылыс. Қазіргі таңда біздің елімізде бұрынғымен салыстырғанда гранттың саны көбейді, ғылыммен айналысатын адамдарға мүмкіндік жасалып жатыр.
Менің ойымша, ең алдымен еңбек адамына құрмет болу керек. Қолынан іс келетін, гайка бұрай алатын, компьютер жасай алатын адамның тасы өрге домалауы керек. Оның сыйақысы да жоғары болуы тиіс. Енді сең бұзылды, ниет түзу. Ниет түзу болса, ақша, тағы басқа мәселелерді шешуге болады. Егер осының бәрін Президент қолдап отырса, өз аузынан айтып отырса, мен бұдан нәтиже шығатынына сенемін.

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, 
Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті.
(Арнайы «Оңтүстік Қазақстан» газеті үшін).
Пікір қалдырыңыз