Созақта – жаңа мешіт

Созақ ауылында имандылық үйі –  мешіт ашылды. Мешітті ел игілігіне ұсынған – Созақ ауылының перзенті, «Бур Геопроект» ЖШС директоры Мұрат Жұмабеков. Мешіт
750 жамағатқа лайықталып салынған. Екінші қабаты әйел кісілерге арналған. Екі мұнаралы мешітке газ тартылған. Созақ ауданының құрметті азаматы Бейімбет Байғараев, Сағынтай Мұсабеков, ауыл азаматы Болат Ысқақов, тағы басқалар мешіттің ашылу салтанатында жамағатқа игі тілектерін білдірді. Белгілі кәсіпкер Бәкен Мақұлбеков ұстазы Сейітбек Жұмабековтің иығына шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.

–  Бүгін, міне, сіздермен жеке кәсіпкер, «Бур Геопроект» ЖШС директоры  Жұмабеков Мұрат Сейітбекұлының демеушілігімен салынған мешіттің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Біз бұл рухани ғимаратты тәуелсіздігіміз бен тұрғындардың ауызбіршілігі арқасында ашып отырмыз. Мешіт салып берген арда азаматымызға алғысымызды білдіреміз, –  деді аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Жұма намазынан кейін «Созағым – қазағымның құт мекені» атты ақындар айтысы басталды. Аламан айтыста бас жүлде
2 000 000 (екі миллион) теңгені «Армысың, алтын төрі алты Алаштың!» деп Созақты жырға қосқан Бекарыс Шойбеков, бірінші орын – 1 000 000 (бір миллион) теңгені Жансая Мусина, екінші орын –  700 000 (жеті жүз мың) теңгені Мұхтар Ниязов, 500 000 (бес жүз мың) теңгеден екі үшінші орынды Қалижан Білдаш пен Айбек Қалиев иеленді, Нұрлыбек Мейірманов, Еркебұлан Қайназаров, Дидар Қамиевке 200 000 (екі жүз мың) теңгеден ынталандыру сыйлығы бұйырды.  
Осы күні кешкісін Созақ ауылының орталық алаңында «Теріскей, айналайын келбетіңнен!» атты қазақ эстрадасының жұлдыздары мен Өзбекстан Республикасынан келген «Бархан» тобының концерті өтті. Белгілі актер, сахна шебері Жанатбек Бәйтеков жүргізген кеште  әншілер Айгүл Қосанова, Досымжан Таңатаров, Қарақат Әбділдина, Қыдырәлі Болманов, Жұбаныш Жексенұлы, Берік Сексенбекұлы, Асқар Жүнісбеков және тағы басқа өнерпаздар әннен шашу шашты.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.
Пікір қалдырыңыз