Салт-дәстүр – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылық

Отырар мемлекеттік археологиялық музей қорығы бүгінде жас ұрпаққа құнды  мұралар мен тарихи ескерткіштер арқылы рухани білім беруге арналған киелі орынға айналған. Ұлттың рухани келбетін, оның мәдениетін, өнерін, ғасырлар шежіресін жан-жақты насихаттауда музей қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Олар ата дәстүрінің желісін үзбей, болашақ ұрпаққа жеткізу жолында тынымсыз еңбек етуде. Себебі, кез келген халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – рухани мәдениетінің өзегі. Қазақтың өмірімен біте қайнасып жатқан жөн-жоралғылар мен ырым-тыйымдары да ұлттың болмысын аңғартады. ХІХ ғасырда қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Семенов Тян-Шанский: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ. Салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім» деп бекер айтпаған. Сондықтан жас ұрпақ өзінің салт-дәстүрін толық меңгерсе, онда қазақтың  болашағы жарқын болары сөзсіз.
Жалпы, қазақ халқының  салт-дәстүрлері; бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлер, тұрмыс салт-дәстүрлері, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлер болып үш топқа бөлінеді.
Бала тәрбиесіне байланысты  салт-дәстүрлерге – баланың дүниеге келгеннен бастап жүргізілетін шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесуден бастап, қыз бала мен ұл баланы келешек отбасын құруға, шаруашылыққа, өмірге, еңбекке бейімдеуге арналған жөн-жоралғылар кіреді. Баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгеннен кейін шілдехана, бесікке салу рәсімдері жүреді. Қазақ халқы бесікке аса  зор мән берген. Бесікке бөленген  бала таза, түзу, жылы жатады. Ананың баласына айтқан әлдиінің өзі тұнып тұрған тәрбие.
Сондай-ақ, тәрбиелік мәні зор жөн-жоралғылардың бірі – тұсау кесу рәсімі. Әдетте, халқымыз сәбидің тұсауына ала жіпті  немесе ішекті пайдаланған. Қазақ баласын тұсауы кесілген күннен бастап ұрлыққа, зорлыққа жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма дегенді кішкентай кезінен-ақ құлағына құйып отырған.
Ал, тұрмыс салт-дәстүрлеріне қазақтың киіз үйі, киіз үйдің жиһаздары, ұлттық киімдері мен тағамдары, мал бағу, егіншілік кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері, туыстық қарым-қатынасы, ұлттық музыка аспаптары, қонақ күту, тағы басқа рәсімдері жатады.
Мәселен, қазақтың киіз үйі – ұлтымыздың ұстанар салты мен дәстүрінің таңбасы. Өйткені, қазақ халқының салт-дәстүрінің көпшілігі осы киіз үйге байланысты. Негізінен, киіз үйдің иесінің байлығына, тұрмыс жағдайына қарай, екі, үш қанаттан бастап он екі, он сегіз, отыз қанатқа дейін жететін түрлері болған. О баста  ауқатты қазақтардың киіз үйлері, үлкен және өте бай жиһазды өрнектермен безендірілген. Оларды ел арасында күні бүгінге дейін ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атағандығын естиміз. Одан басқа киіз үйлердің алты қанат ақ боз, қоңыр үй, қара лашық, күрке отау, итарқа сияқты атаулары бар. Киіз үйлер өзінің мәдени-тұрмыстық, шаруашылық жағдайына байланысты жаздыгүні тұруға арналған, мереке-жиын кезінде қонақ күтіп алатын және жорық кезінде тігілетін болып бөлінеді.
Сонымен қатар, киіз үй – тәрбиенің қайнар көзі. Мысалы, байырғы қазақ дәстүрі бойынша оң жақта отырған қалыңдықтың ұзатылуына жарты жылдай уақыт қалғанда қызды бір жеңгесімен бөлек тігілген киіз үйге шығарған. Бөлек шыққан бойжеткен қыз осы үйде бірге тұратын жеңгесінің күнделікті атқаратын жұмыстарын істеп үйренген. Яғни ерте тұрып, кеш жатып, үй тіршілігін атқару, қазан-ошаққа  араласып тамақ істеу, кір жуу, қонақ күту, т.б. қызметтерді атқарып, отбасылық өмірге дайындық мектебінен өткен. Қыздың жеңгесімен бірге тұрған осындай үйді халық тілінде «доғалаң» деп атаған. Сондай-ақ, ерте кезде қазақ дәстүрінде отырып қалған қызға да арнайы үй тігілетін жағдайлар болған. Мұндай үй барлық жасауымен жабдықталады. Алыс-жақын жерлерден қыз көруге шыққан жігіттер осы үйге келіп, танысып-білісуге мүмкіндік алған. Ондай арнайы тігілген үйді «бөде үй» деп атағаны ғылыми деректерде кездеседі.
Әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрге қазақтың қонақ күту әдебі жатады.  Осы орайда сыйлы қонаққа  табақ тартудың да жолын білген дұрыс. Ондай табақтарды халықтың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы білетін көреген адамға жасатады. Асылған еттің жілігіне қарай бас табақ, сый табақ, орта табақ және аяқ табақ деп негізгі төрт бөлікке бөлінеді. Бұл жерде бас табаққа бас, жамбас салынса, орта табаққа асық жілік, кейде жамбас сияқты мүшелері салынатыны, оның ар жағында күйеу табаққа төс, қыздардың табағына құйымшақ салынады.
Қорыта айтқанда, салт-дәстүріміз – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылығы. Ұлттық құндылық дегеніміз – ұлттың тірегі. Сондықтан осындай  ұлтымыздың бай дәстүрлерін барынша дәріптей білейік.
    
Қалипа КЕМЕЛОВА,
Отырар мемлекеттік археологиялық
музей-қорығының аға ғылыми қызметкері,
мәдениет саласының үздігі.
Пікір қалдырыңыз