Реставратор Жанұзақ

Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».
Ғылым мен білімнің ең ежелгі ошағы – Отырар өңірінен қолөнердің сан түрін табуға болады. Тіпті, осыдан он шақты жыл бұрын Отырар қала жұртынан шахмат пешкасы да табылған болатын. Ал, соларды қалпына келтіруші реставратор мамандығы өте сирек. Сөйтіп жүргенде ондай маман-ұста да жарқ етіп шыға келді.
1984 жылы Шәуілдір ауданы, «Арыс» кеңшарында дүниеге келген Жанұзақ Ерімбетов жасынан өнерге бейім болды. Оған кезінде атақты ағаш ұстасы болған, ат әбзелдерін жасап, ер шапқан Баумыш атасының өнері қонса керек. Қазақтың «түп негізге тартпай тұрмайды» дегені тегін емес. Орталықтағы Ленин атындағы орта мектептің 9-сыныбын аяқтап, өнерге біржолата бет бұрды. Осындағы Д.Құрманбеков атындағы кәсіптік училищенің «Суретші-безендіруші» бөлімін, 2004-2008 жылдары Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы колледждің «Көркемдік керамика» бөлімін бітірсе, 2008-2010 жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен «Бейнелеу және сызу» мамандығы бойынша білім алып шықты. Өзбекәлі атасының «халықтың қол өнерін, күллі рухани дүниесін жаңғыртпай болмайды» деген аманатын көкейіне бекем түйген жас талап еңбек жолын 2013 жылы «Отырар» мемлекеттік музей-қорығында суретші құрастырушы ( қалпына келтіруші) болып бастады. Міне, содан бері жеміске, жеңіске толы талай жыл өтті. Өнер әрқашан ізденісті талап етеді.
2015 жылы республикалық «Шекарасыз мұра» қоры Отырар мұражайында ұйымдастырған «Нысандарды консервациялау және тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру» тәжірибелік сабағына қатысып, сертификатқа ие болды. Осындай сертификатты Санкт-Петербургтегі Ресей этнографиялық музейінен де алды. Ал, ең басты жаңалығы – Иран мемлекетінің астанасы Тегеран қаласында болып, қағаз реставрациялау мамандығын үйренгендігі еді. Ираннан оралған соң Алматыдағы ұлттық кітапханада тәжірибесін шыңдады.
Қарап тұрып таң қаласың. Үгітіліп, жыртылып, қырқылып кеткен кітаптардың өзін кәдімгі шәй мен ұн арқылы жымын білдірмей қалпына келтіреді әрі ешқандай техникалық аппаратсыз.
Жанұзақтың тағы бір қыры – құмырашылығы. Ол бос уақытында мұражайдағы ежелгі керамикалық заттарға қарап отырып небір кәдесыйлар жасайды. Медицина саласының мықты мамандары бұл өнер бауыр, басқа да аурулармен ауыратындар үшін бірден-бір ем екенін айтады. Тіпті жаман ауруларды тартып алатын көрінеді. Қазір оның қолынан шыққан жүздеген өнер туындысы еліміздің, әлемнің түкпір-түкпірінде жүр.
Жас таланттың өнері көптеген марапат қағаздарымен, 2022 жылы «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Өмірлік серігі екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Біз өз тарапымыздан жас таланттың әлі де талай өнер шыңын бағындыра беретініне сенім білдіреміз.