Мархабаттың туған жерге махаббаты

Жақында Қызылорда педагогикалық институтында бірге оқыған  досым, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері,  саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір Елордадан іссапармен келіп, біздің үйге түсті. Халқымыздың қайсар да қайтпас ұлы, қарымды да қадірлі қаламгер Шерхан Мұртаза кезінде Мәжілістегі өзінің әріптесі Әбдіжәлелді «Қазақ тілінің пәруана жанашыры» деп атаған. Осы досым әлі де  Қазақ гуманитарлық заң университетінде жұмыс істейді. Әлеуметтік-психологиялық пәндер кафедрасының профессоры. Әбдіжәлел екеуміз әңгімелесіп отырмыз. Ол менің шағын  кітапханамды қарап шығып: 
– Мархабат Байғұттың кітаптарын көп жинапсың ғой. Осы жазушының өзін де, шығармаларын 
да жақсы көретінің белгілі болып тұр, – деп маған бір қарап қойды.
Сөредегі Мархабаттың төрт томдық шығармалар жинағын, «Балбұлақ», «Салқын масақ», тағы басқа кітаптарын қолына алып, әрқайсысын ашып, парақтай бастады. Мархабаттың 2010 жылғы әз Наурыздан желкемді желтоқсанға дейін «Сенбі сайын» деген арнайы айдармен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланып, көпшіліктің көңілінен ойып тұрып орын алған, оқырмандардың ықыласына бөленген эсселерден тұратын естеліктер жинағы «Ақтолғайына» тоқталған. Ондағы: «Ардақты аға Өмеке! Ақжүрек ықыласыңызды, ақеділ көңіліңізді сезініп, шуағыңызға жылынып жүретін бір ініңіз ретінде Несекең (менің жұбайым) екеуіңізге ұзақ ғұмыр, бақ-береке, бала-шағалар мен немере-шөберелердің таусылмас қуаныш-қызықтарын тілеймін» деген қолтаңбасын оқып:
– Мына жазысына, кітаптарын сыйға тартқанына қарағанда екеуің араларыңнан қыл өтпейтін ағалы-інілі сияқтысыңдар ғой, – деп сұрады Әбекең.
– Иә, дұрыс түсініпсің. Мархабат – менің інім. Ол менің туған інім Сейсебекпен мектепте бірге оқыған. Осы уақытқа дейін бір-бірімен хабарласып, барыс-келіс жасап тұрады. Мархабат екеуміздің өмірдегі жолдарымыз да ұқсас.  Мен Түлкібас ауданының орталығы Ванновкадағы (бұрынғы аты) Абай атындағы мектепте оқыдым. Мархабат та сонда оқыған. Мен мектептегі қабырға газетіне мақала жазатынмын. Мархабат та жазып тұрды. Мектепті бітіргенде менің аттестатымда химиядан үш деген баға болды. Ол  да химияны үшке тапсырды. Мен облыстық комсомол комитетіне жұмысқа келген соң көп жыл ауылдан Шымкент қаласына күн сайын автобуспен қатынап жүрдім. Мархабат та таңғы сағат 5-6-да Азаттықтан автобус күтіп тұратын. Кейде екеуміз бірге келетінбіз. Пәтер іздеп Шымкент қаласының төрт бұрышын айналып шыққанымыз тағы бар, – дедім. 
Мархабат ол кезде Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып істеп, соңынан  «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке келген. Ол осы газетте  тілші, бөлім меңгерушісі қызметтерінде он жылдай істеп, облыстық партия комитетіне нұсқаушылыққа ауысты. Бірнеше жыл Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда) бөлімшесінің төрағасы болды. Бірақ, біз ауылды ұмытқан жоқпыз. Жиі баратынбыз, әсіресе, демалыс күндері. Арнаулы көлігіміз, жеке машинамыз жоқ. Автобуста кейбір кезде тікемізден тік тұрып келетінбіз ауылға.  Мархабаттың ауылға деген махаббаты күшті еді. Ауыл адамдарының еңбекқорлығын, маңдай терлерін төгіп тапқан табыстары туралы жазғанды жақсы көретін. 
Мархабаттың ауыл адамдарының еңбекқорлығын, еңбекке деген ынта-жігерін, олардың атқарып жатқан ерен еңбектерін жазғанын оқығанда ерекше разы боласың, таң қаласың. Мәнтайдай «дихан қатынның» (Мархабат) қия жерлерді текше-текше жасап, «бөрте лақтың басындай картоб», «бұйра қозының құйрығындай қияр», «құмырадай капуста», «табақтай қызанақ» өсіргенін көріп, таңданасың, таңқаласың. Бұларды көрген Мархабаттың жұбайы  да Мәнтайдың үйретуімен диқаншылыққа кірісіп кетеді.
Шұқырбұлақ ауылында әлемге аты танымал атақты жазушы Мұхтар Әуезов болған. Жұмағұл Жұмаділов деген партия қызметкерінің үйіне түседі. Бұл туралы Мархабат Байғұт «Әуезов болған ауылда» деген көлемді мақала жазды. 
Мұнан соң Мархабат оқырмандарға ауылымыздың «ЬІбырай Алтынсарині» атанған Ленин орденді қадірменді ұстаз Зәки Губайдуллин, суармалы жерге бидай егіп, әр гектарынан жетпіс центнерге  дейін өнім алған Темірбек Бердібеков,  Еңбек Қызыл Ту орденді механизаторлар  Сейсебек Керімбеков, Жанысбек Шомаев, «Октябрь революциясы» орденді Нәби Нәбиевті таныстырады. Осы жерге келгенде Әбекең:
– Өмеке,  Мархабат сенің ағаң мен інілерің туралы жазып, өзің туралы неге жазбаған? – деп өзінің жеңіл әзілімен маған күле қарады.
– Мен туралы жазбағанмен, Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне өтуіме  ұсыныс жасаған. Мамандығым басқа болса да жазуға икемім барын аңғарып, бағыт-бағдар берді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Мархабатқа қойған сұрақтарын былай  бастаған екен:
– Мархабат, сенің алғашқы дүниетанымыңды оятқан ауыл, ауылдың қарапайым адамдары екенінен хабарымыз бар. Қазір қалада тұрасыз. Тіпті осы кезге дейінгі өміріңіздің жартысынан астамын қалада өткізіп келесіз. Қалаға үйрене алдыңыз ба? Ауылда тұрғыңыз келмей ме?
–...Қазағыңыздың озық ойлы оғландары да қазақ қалаға шоғырланбай,  ұлт көркеймейді деседі. Бұл-дағы жөн. Бірақ, бәрібір, ауыл – қазақтың алтын бесігі. Ауылды қолдан қысқартудың, құртуға асығудың қажеті жоқ. Үдерістер үйлесіммен жүруі керек. Қалың қазақ қалаға жылжып жатыр. Жылжи да береді-ау. Алайда, Алаш баласы ауылдан түп-тамырын біржолата үзе алмайды. Ауылдан алыстау – бесіктен безу... Қазақ ауылының бір бөлігі сақталады. Мәңгілік Еліңіздің мәңгілік ауылдары бола береді, Алла жазса. Қала мен ауылды тең ұстайтындардың қатарында секілдіміз. Біз. Жазда Таупістеліде жүргіміз келеді... –деп жауап береді Мархабат. Маған осы да жетеді, – дедім мен.
Сосын Әбдіжәлел екеуіміз Махаңның «45-ші жылғы нәресте»  атты әңгімесін бірге талқыладық:
«...Қырық бесінші жылы туғандар қырсық емес, қызық, көке, – дейді енді Айтуған сазарған күйінен кілт серпіліп, жүдеу жүзіне қызыл жүгіріңкіреп, – Ол жылы туғандар қызық. Өздері өте аз. Сирек кездеседі... Әне, 45-жылы туылғандар! Не шала туған, не дара, дана туған. Бізге не көрдіңдер демеңіз. Соғыстың дәмін анамыздың аш құрсағында жатып татқанбыз. Жерік асын жеңгеңіздің өзі жеместен, жеңіс үшін жолдаған. Уызға жарымағамыз. Бетімізге әжім сондықтан тез түседі».
Мархабат көптеген шығармаларында соғыс, соғыс кезіндегі ауыл жағдайы, ауылдағы адамдардың іс-әрекеттері, қан майданға кеткендердің орнын білдірмей жұмыс істеп, күні-түні еңбектенгендер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы жазып, жас желкендей жайнап өсіп келе жатқан жастарымызды сол қиыншылықтардың бәрін естеріне алып отыруын, ұмытпауын, қанағатшыл, қайырымды болып, әр уақытта  бір-біріне қамқорлықпен, сүйіспеншілікпен қарап,  көмек-жәрдемдерін аямауға, ел үшін, туған жер үшін істеп жатқан жұмыстарының жандана түсуіне тілектес екенін білдіреді.
Мархабат Байғұт «орда бұзар» жасқа шыққан шағыңда әдебиет әлеміне танылып, оқырмандардан өз бағасын ала бастады. Ол  отыздан аса бере көсемсөздің шебері Тәкен Әлімқұловтың көзіне түскен. «Мархабат – тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгірген жазушы... «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді»  деп атақты Әлімқұлов ағынан жарылады. Мархабат туралы өзінің жерлес ағасы, жазушы, ақын Тұтқабай Иманбековтің айтқанын еске түсірейік: «...Мархабат Бейімбет Майлиннің өнегесін жалғастырушы ғой. Бейімбет Майлин әңгімелері Мархабат әңгімелерімен ұштасып жатады. Мұндай дарын, мұндай өнер кез келген жазушының қолынан келе бермейді. Мархабаттың күштілігі де осында». 
М.Байғұт 2005-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы, 2008 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан өңірі бойынша арнаулы тілшісі болып қызмет атқарды. Ол  республикамыздың басқа өңірлеріне үлгі ретінде жалғасын тапқан «Ұлысымның ұйытқысы – Оңтүстік» деп аталатын бастаманың авторы әрі жүргізушісі. Осы бастаманың арқасында аттары алысқа кеткен Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Көпен Әмірбек, т.б. ақын-жазушыларымыз облысымыздың алыс-жақын ауылдарында болып, жұртшылықпен кездесті. Халық бұрын шығармаларын оқығанмен, өздерін көрмеген қаламгерлермен бетпе-бет көрісіп, сұхбаттасты. Өздерін көрді, сөздерін есітті, іште сақтап жүрген сырларын ашты.  Астанадан, Алматыдан келген марқасқалар мен нарқасқалар өнегелі өсиеттерін айтып, халықтың жүрегін рухани азықпен толықтырды.
Шымкент қаласында Жүсіпбек Аймауытұлы тұрған үй бар екенін, ол үйдің орналасқан жерін алғаш анықтап, жазып, жұртқа жеткізген де Махаң.
Көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын» аударған  түлкібастық жазушы, ақын, сазгер Тұтқабай Иманбековтің «Жетім қыран», «Үш айдың үш күні», «Тұт ағашының көлеңкесі» повестерін, «Тапсырылмаған гүл», «Ем», «Соғыс  деген ойын емес» атты әңгімелері, өлеңдері мен бата-тілектерін жинақтап, 567 беттік «Жетім қыран» деген атпен көлемді кітабын 2012 жылы «Жебе» баспа үйінен Тұтқабай ағамыздың туған бауыры Әшімбай Иманбекұлының ортаншы ұлы Дәурен Иманбеков пен күйеу баласы Пердебай Сәбитовтің демеушілігімен жарыққа шығуын ұйымдастырушы, жетекшілік жасаушы да Мархабат.
Жаңылмасам, 2011 жылдың қазан айында  «Мархабат — Мирас» қоғамдық қоры құрылды.  «Мархабат –Мирас» қоғамдық қоры үш жылда біраз шаруаның басын қайырды. «Красная горка» аталып кеткен Әулие төбе – Шұбайқызыл атауын қалпына келтірді. «Шырайлым – Шұбайқызылым» байқауы аудандық байқау дәрежесінен ұзап, облыстық, республикалық деңгейде өте бастады. Қаншама жас таланттар осы байқауларға қатысып, өздерінің талант қырларын таныта алды. Жазба ақындардың облыстық «Шырайлым – Шұбайқызылым» байқауына  Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Тұтқабай Иманбеков, Қаныбек Сарыбаев атындағы арнаулы сыйлықтар тағайындалды.
– Расында, сенің Мархабат інің туған жерін жанындай жақсы көріп өткен екен ғой, – деді Әбдіжәлел досым. 
Мен марқайып қалдым. 
 

Өмірбек КЕРІМБЕКҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Пікір қалдырыңыз