Қазақстан мен Сингапур президенттері келіссөздер жүргізді

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Сингапур президенті Халима Якобпен келіссөздер жүргізді» деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Келіссөздер алдында «Ақорда» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрметті қарауыл бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалып, бірге суретке түскеннен кейін президенттер кеңейтілген форматта кездесу өткізу үшін залға қарай өтті.
Тараптар Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне баса мән бере отырып, екі ел қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективасын жан-жақты талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халима Якобқа ілтипат білдіре отырып, осындай күрделі кезеңде оның Сингапурды басқару ісіндегі көшбасшылық қызметіне жоғары баға берді.
«Сингапур президентінің Орталық Азия елдерінің арасында ең әуелі Қазақстанға келуі – біз үшін зор мәртебе. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз – тарихи оқиға. Бұл сапар біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. Қазақстан Сингапурмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге ниетті» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде екіжақты ынтымақтастықтың берік негізі қаланғанына тоқталды. Бұл орайда жақында құрылған Қазақстан–Сингапур іскерлік кеңесі маңызды рөл атқарады.
«Сингапурға турист ретінде баратын азаматтарымызға қолдау көрсетеміз. Әрине, Сіздің елден келетін туристер мен бизнесмендерге біздің есігіміз әрдайым ашық. Сондықтан Қазақстан Сіздің елмен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын екенін тағы да айтқым келеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Халима Якоб мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны, сондай-ақ өзіне және сингапурлық делегацияға қонақжайлылық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сингапур президенті екі ел арасындағы саяси диалог пен өзара тиімді серіктестіктің деңгейін жоғары бағалады.
Мемлекеттер басшылары экспорт мүмкіндіктерін кеңейту, еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар ашу мәселелері туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар президенттер Транскаспий халықаралық көлік дәлізі мен «Бір жол – бір белдеу» бастамасын бір-бірімен сабақтастыру, сондай-ақ, елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөнінде өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын қарастырды.
Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе, соның ішінде Қазақстан мен Сингапурдың көпжақты құрылымдар аясындағы қатынастары талқыланды.