Илья ЭРЕНБУРГ «Қазақтар» (Очерк)

Орыстың белгілі жазушы-журналисі Илья Эренбург Ұлы Отан соғысы жылдарында «Красная звезда» газетінің майдан даласындағы тілшісі болып қызмет етті. Ол сол қызметін енді бастап жүрген кезінде «Қазақтар» деген мақала жариялап, ұлтымыздың даңқын бүкіл әлемге танытты. Бүгін тарихи жадымызды қайта жаңғырту үшін сол мақаланы оқырмандар назарына қайта ұсынғанды жөн көрдік.

Маған бір фриц былай деді: «Біздің қарсылас солдаттарымыз қорқынышты болды, оларды ешқандай от тоқтата алмайды, бізге тура жүгіреді. Олардың қазақтар екенін мен кейін естідім. Бұрын мұндай халықтың бар екенін де білмеген едім…» Фрицтер көп нәрсе білмейді. Оларға Ресейдің алып мемлекет екенін айтқан да, онда алып халық тұратынын айтпаған.

Күншығыс даласында тым ыстық пен қатты суыққа әбден еті үйреніп кеткен қайратты халық тұрған. Қазақ ақындары қазақтың кең даласы, батырлардың ерлік істері туралы жырлаған. Батырға ардан қымбат нәрсе жоқ. «Маған жалғыз-ақ намыс қымбат» деп алты құлаш найзасын алып, Ер Тарғын батыр жеті жүз жауға жалғыз шапқан. Москваны қорғаған 28 батырдың көз алдында Тарғынның осы бейнесі тұрмады ма екен?!

Панфиловшылардың біреуі, 19 жастағы Сұлтан Қожықов Алматыдағы өзінің сүйгеніне былай деп жазады: «Эсфира, сүйіктім, жоқ, мен сені немістің қорлығына бермеймін! Өлем, бірақ шегінбеймін. Мен ондаған жауызды және оларды полковнигімен қоса о дүниеге аттандырдым. Бұл менің махаббатымның белгісі, Эсфира. Сенің Сұлтаның». Он бір немісті полковнигімен жойған жігіттің сезіміне қандай қыз қуанбайды?!

Жиырма жыл бұрын Амангелді батыр қазақ халқының бақыты үшін шайқасқа шықты. Ол: «Қорқақ адамды кездестіруге қоян ұялады» деген. Амангелді жорыққа шыққанда жауының бетіне түкіріп, теңізші орыс досын құшақтаған.

Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан гүлдене бастады. Гвардияшыл Өмірәлиев жиырма жасында «Таш пашат» гүлденген колхозының төрағасы болды. Ол бір кезде жауынгерлер қатарында болды. Үш аптаның ішінде жиырма төрт немісті қырып үлгерді. «Бұл жай ғана кепілдеме, төлемі әлі алда» дейтін ол.

Өмірбек Ілиясов атты қазақ өзінің ауыр жарақатына қарамастан, жанармай құйылған шынымен неміс танкісін өртеуге қайраты жетті. Ол – үлкен жүректі кішкентай қазақ. Фрицтер қазақтың кім екенін енді білді. Увалиев жиырма тоғыз немістің жанын жаһаннамға аттандырды. Жауынгерлер жиырма тоғыз рет «ура» деп айқайлады. Пулеметші қазақтар Естаев пен Балапанов неміс жаяу әскерлерін танкіден бөлектеп, ерлік істеді. Олар немістерге 150 метр жақындап, содан кейін ата бастады. Сонда Балапанов Естаевқа айтты: «Жаудың мүрдесінен жақсы иіс шығады» деген рас екен.

Жауынгер Тұрсынбаев Тынық мұхиты жағалауында Қазақстанын қорғады. Қиын күн болды: біздің жігіттер жаңа шекараны қорғау үшін шабуылға шықты. Бірақ, немістер оғы командирге тиді. Барлығы абыржып, не қыларын білмей қалды. Тұрсынбаев алдыға шықты да: «За Родину!» деп айқайлады. Одан кейін «Отан үшін!» деп қазақшалап қайталады. Взводты немістерге біртабан жақындатты. Жау кейін шегінді. Тұрсынбаев ұрыс аяқталған соң: «Немістерді қыру – менің кішкене ғана ерлігім, біз бәріміз біріксек – үлкен күшке ие боламыз» деді.

Қазақ Ырысов жауынгерлерді ұрысқа бастап барды. Өзі жаралы болса да оқ тиген командирді ұрыс даласынан алып шықты. Ырысовқа командирі: «Санчастіге бар» деді. Ол: «Жоқ, соғысуға барам» деп жауап берді. Майданға кетіп бара жатқан Әшім Қасқабаевты бүкіл ауыл болып шығарып салды. Әшімнің әкесі, сақалды қазақ баласына былай деді: «Әшім, біздің жеріміздің қандай екенін ұмытпа. Жеріміз жақсы – бұл жерде бидай да, қарбыз да, кендір де, бәрі бар. Бұл — сенің жерің, неміске берме» деді. Әшім пулеметші болды. Ауыр күннің бірі еді. Немістер шабуылға шықты. Мина таусылды. Әшім қолына винтовка алып, «Көзін құрт немістің» деп жауға қарай жүгірді. Оның соңынан басқа жолдастары да жүгірді. Әшім неміс офицерін найзамен түйреді. Сол күні ол 

4 рет шаппа-шап соғысқа қатысты, бірнеше немісті түйреді. Әшім жарақат алып қалды. Оған жолдастары: «Қасқабаев, саған госпитальға бару керек» деді, оған Әшім: «Госпитальдың керегі жоқ, одан да немістерді жою керек» деп жауап беріп, қатарда қалды. Жігіттер осылай соғысты.

Ленинградты қорғаушы қазақ Көкжалин шабуылға кетіп бара жатқанда снаряд қаруын ортасынан бөліп тастады. Ол қорыққан жоқ. Жауға гранатпен шықты. Қазақтар далада атқа мініп өскен. Керек болса олар еңбектейді, жүгіреді, батпаққа да түседі, оларды ешнәрсе тоқтата алмайды.

Отанға берілгендік отпен тексеріледі. Сабанды отқа салсаң, жанып кетеді, болатты отқа қойсаң, шыңдалады. Бір құдай екіншісін жек көретін, венгр румынды тұншықтыратын Гитлердің «Жаңа Еуропасына» обал-ақ. Біз өртті тұтатамыз. Олардан істеген ісі үшін жауап беретін сәт туғанда бір неміс екінші немісті өлтіре салады. Соғыс отының ортасында біздің Отанымыз үш есе күштірек бола түсті. Қазақтар орыстармен теңдей соғысты. Біз бірге өртенеміз, бірге ұрысамыз, жеңістің алғашқы кезеңіне бірге қуанатын боламыз.

18 ақпан, 1942 жыл. «Правда» газеті.

Пікір қалдырыңыз