«ШІРКЕЙ ДӘРІ СЕПКЕН САЙЫН КӨБЕЙІП ЖАТЫР» деген тұрғындар қансорғыштардан қашан құтылатынын білмей дал

«ШІРКЕЙ ДӘРІ СЕПКЕН
САЙЫН КӨБЕЙІП ЖАТЫР»
деген тұрғындар қансорғыштардан
қашан құтылатынын білмей дал
Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазіргі уақытта Сырдария бойында қоныс тепкен миллионнан
астам тұрғынның басты мәселесі су емес, қанатты қансорғыштар болып отыр.
Себебі, он жылдан астам уақыт бойы әр жаз мезгілінде жұртты мезі ететін
шіркейдің биылғы әлегі мүлдем бөлек. Адамдардың еркін жүріп-тұруына кедергі
келтіріп қана қоймай, жануарлардың жас төлдері мен құс балапандарының өлуіне
себеп болып жатыр. Ал, бұл мәселеге жауапты мамандар бөлінген 643 миллион
теңгенің жұмысын жоспардағыдай атқарып жатқандықтарын айтады. Сонымен, Сырдария
бойындағы халық бұл шіркейден қашан құтылады?
Естеріңізде
болса, 2023 жылдың 15 наурызында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бахтыбек Убайдин өңірде шыбын-шіркейді
залалсыздандыру жұмыстары басталғанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар,
спикер дезинсекция шараларын өткізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары
жүргізілгенін және «Satti Tulik» ЖШС өңірде шыбын-шіркей және қос қанатты
қансорғыш жәндіктердің санын азайту үшін жұмыс жүргізетінін айтқан.
- Қазіргі
таңда дезинсекциялық жұмыстарды бастау үшін лабороторялық зерттеулер
жүргізіліп, жәндіктердің даму сатылары анықталып жатыр. Жақын арада дезинсекция
жұмысын бастаймыз. Дәрілер жеткілікті. Біз 3 түрлі әдіспен, яғни, ұнтақ шашу,
суға дәрі себу және дезинсекциялау жұмыстарын істейміз, - деген «Satti Tulik»
ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменов.
Алайда, бірнеше
күннен бері бұл шіркей Сырдария бойын мекен еткен халықтың мазасын алғанымен
қоймай, жаңа туылған төлдердің ажалына себепкер болып жатыр екен. Әсіресе,
Отырар ауданының тұрғындары төрт-бес күннен бері шіркейден мезі болғандарын
айтып, әлеуметтік желілер арқылы мәселе көтеруде. Олардың айтуынша, шіркей
қырғауылдың балапандарына, қоянның көжектерін қатер төндірген. «Тіпті, жылқы
мен сиырдың жаңа туған төлдері де шіркейге шыдай алмай өліп кетіп жатыр. Бұған
не істеуге болады?» - дейді шарасыз қалған отырарлықтар.
Бұл тұрғыда
қоғам белсендісі, табиғат жанашыры, «Байтақ» жасылдар партиясының өкілі Ғани
Назарбек те желіге пікірін білдіріп, шіркейге қатысты біраз мәселені мәлім етті.
- Шіркей
Шардарадан бастап Шиеліге дейінгі аралықтағы 1 миллионнан астам тұрғынды
әбігерге салуда. Бұған себеп - табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы. Кәсіби ғылыми
зерттеу жүргізілмей, шіркей мәселесі шешілмейді. Түркістан облысында шіркеймен
күресуге 643 миллион теңге бөлініпті. Бөлінген қаржының дұрыс игеріліп
жатқандығын бақылайтын боламыз. Қазір шіркейдің таралу аймағы жыл сайын 10-15
шақырымға кеңейіп барады. Түркістан облысында Сырдария бойын мекен еткен халық
ширкейге талануға мәжбүр., - дейді Ғани Назарбек.
25 сәуір күні
өңірлік коммуникациялар қызметінде жауапты сала өкілдерінің қатысуымен баспасөз
жиыны өтті. Брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық
басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков өңірде зиянкестерге қарсы
дәрілеу, дезинфекциялау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. (Бастапқыда
бұл брифингке басқарманың қатардағы бір бас маманы ғана қатысатын болған.
Басшылық құрамның бұл қызметкері көпшіліктің «басшылар неге тығылып отыр?»
деген сынынан кейін ғана пайда болды). Ол облыстағы төрт аудан мен екі
қалада шіркеймен күресуге бюджеттен 643 млн. теңге бөлінгенін және оның 40 млн
теңгесі зерттеу жұмыстарына, қалған бөлігі қажетті дәрі-дәрмек алуға,
жұмысшылардың еңбекақысына беруге жұмсалатынын жеткізді.
Ал, облыс
әкімдігі жариялаған 643 млн. теңгелік конкурсты ұтып алған «Satti Tulik» ЖШС
директорының орынбасары Қайрат Ерменұлының айтуынша, шыбын-шіркей, масаға
қатысты зерттеу жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр.
– Өңір бойынша
7 нүкте анықталды. Бұл жерде биологиялық препараттар талапқа сай 2 рет
қолданылды. Онда біз екі реттен биологиялық жұмыстар жүргіздік. Әр шіркей
100-ден 200-ге дейін ұяшық тастайды. Бірінші реттік жұмыстардың барысында 80-85
пайыз ұяны жойдық. Ал, 10-15 пайыз шіркей ауаға ұшып шығып кетті. Былтырғы
жылға қарағанда саны 4-5 есе көп. Егер біз дер кезінде жұмыс жүргізбегенде
шіркейлер ошағы Түркістан облысын басып қалар еді. Бұл жұмыстарға 70-тен астам
техника, 90-нан астам жұмысшы жұмылдырылып отыр. Жалпы, шіркейлерді түгелдей
жою мүмкін емес. Тек санын азайту бағытында жыл сайын жұмыс істейміз. Жұмыстар
жалғасады. Бұл жағдай жіті бақылауда, - деді ол.
Сонымен қатар,
спикерлер «Satti Tulik» ЖШС тарапынан ғылыми топ құрылып, шіркейлердің көбею ошақтарын
анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтты. Топ құрамында, эпизоотология
және аса қауіпті инфекциялар лабораториясының меңгерушісі М.Кулемин, Алматы
қаласындағы Зоология институтының аға ғылыми маманы Қ.Көшкімбаев және басқада
білікті мамандар бар екен.
Енді баспасөз
жиынынан түйген ойымызды айтайық:
Ресми дерекке сәйкес, өңірде дезинсекция шараларын
өткізуге 643 млн. теңге жұмсау жоспарланып, бұл жұмыс жарты беліне келгенімен, бөлінген
қаржы қолға тимеген. Серіктестік қазір өз қаржыларына жұмыс істеп жатыр екен.
Олардың сөзіне мән берсек, бұл мәселені шешуге қанша қаржы қажет болатыны
белгісіз. Яғни зерттеу жұмыстарына қосымша 40 млн. теңге бөлінгені сияқты,
алдағы уақытта тағы да ақша сұралуы әбден мүмкін.
Алайда, 40 млн. теңге бөлінген зерттеушілер де мардымды
жұмыс атқармаған секілді. Олар «залалсыздандырудан кейін, шіркей саны едәуір
азайды» дегенімен, тұрғындар «бұрын-соңды шіркей мұндай көп болмаған» дейді.
Қансорғыштар аң-құс пен жануарлардың өліміне себеп болып жатқандықтан, біз «мақтаулы»
зерттеушілердің емес, тұрғындардың айтқанына сенуге мәжбүрміз.
«Satti Tulik» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Ерменұлы
өз сөзінде шіркейдің 80-85 пайызын жойғандарын тілге тиек етіп, «біз жұмыс
жүргізбегенде, бұдан да көп болатын еді» деген ойын да білдірді. Оның астарында
«Біз болмағанда қайтер едіңдер? Осы күндеріңе шүкір етпейсіңдер ма?» деген ой
қылаң береді.
Жиын барысында спикерлер залалсыздандыру жұмыстарының кеш
басталғанын әрең дегенде мойындады. Бұл тұрғыда жұмысқа салғырт қараған
басшылар жауап беруі тиіс. Себебі, залалсыздандырудан аман қалған шіркейдің
15-20 ғана пайызы осылай әбігерге салып жатыр. Тағы кешіккенде қандай жағдай
болар еді? Елестетудің өзі қорқынышты.
Жиын соңында «бір жұма ішінде шіркей едәуір азаяды» деген
сөзді спикерлердің аузынан әрең дегенде шығарып алдық. Мұны негізбен айтты ма,
әлде әйтеуір айта салды ма, алдағы уақытта көреміз. Тағы бір қызығы – жиынға
қатысқан зерттеушілер шіркейлердің ғұмыры небәрі 15-16 күнге созылады дейді.
Мұны естіген біздерге «бір апта ішінде шіркейдің азаюына өз өлімдері де себеп
болады екен ау» деп ойладық…
Жалпы, мамандар өңір тұрғындарының шіркейден 5-6, тіпті
10 жыл көлемінде де толық құтылмайтынын айтады. Бірақ, жыл сайын бірте-бірте азайтамыз
деп отыр. Ал, тұрғындарды «шіркей дәрі сепкен сайын көбейе ме?» деген сұрақ
мазалайды. Не болса да, Сыр бойындағы халық пен табиғат жаратылыстарына обал
болды.