Ғашықтар үйленбейді деген өтірік, үйленеді!

Осыдан 45 жылдай уақыт бұрын Үндістанда болған бұл махаббат хикаясына сенбей қарайтындар әлі де көп. Үндістандық суретші жігіт сонау Еуропадағы өзінің ғашығына жету үшін талай қиындықты басынан өткеріпті.

Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері Прадьюмна Кумар Маханандия Үндістанның алыс түкпіріндегі бір қыстақта 1949 жылы дүниеге келген. Кумар өмір есігін ашқан жердегі діни қызметкер «бұл бала алыс шетелде тұратын музыкант қызға үйленеді. Ол таңдаған қыздың орманды алқапта жері болуы керек» деп айтқан екен. Діни қызметкер ол қыздың жұлдызнамадағы белгісі тауешкі екенін де айтыпты. Кумар оның бұл сөздеріне имандай сеніп, шетелдік бойжеткенді күтіп жүре берген.
Маханандияның бұл сенімі алдамапты. 1975 жылы 17 желтоқсан күні оның алдына алыс Швециядан Шарлотта атты аққұба қыз келеді. Ол суретші жігітке өзінің портретін салып беруді өтінеді.
– Оны алғаш көргеннен-ақ іздеп жүрген аруымның осы екенін ұқтым. Тілім байланып, не айтарымды білмей қалдым. Бақыттан басым айналып, көкке ұшып кеткендей күйге ендім. Оның көздері көкпеңбек әрі доп-домалақ еді. Құдды рентген аппараты секілді маған емес, айналаға қарап тұрғандай болды, – дейді Прадьюмна Кумар Маханандия.
Қобалжығаннан Кумар Шарлоттаның суретін дұрыс сала алмапты. Бойжеткен портретін салдыру үшін Кумардың алдына 3 рет келген екен. Екінші келген кезінде Кумар оған үйлену ниеті барын айтып, ұсыныс білдіріпті. Сол кезде небәрі 19 жаста болған Шарлотта аспай-саспай, ойланып көретінін айтқан.
Құдайдың құдіреті шығар, Шарлотта Кумар дүниеге келген кезде діни қызметкер сипаттап кеткен қыздың нақ өзі болып шығады. Ол жұлдызнама бойынша – тауешкі, алыс шетелде тұрады. Онымен қоса Шарлоттаның әкесі орманның бір бөлігін қызына мұра етіп қалдырған екен. Ол аз десеңіз Шарлоттаның флейта аспабында ойнайтын қабілеті де бар болып шығады.
Арада 2-3 апта өткен соң бойжеткен туған еліне қайтып кетеді. Осымен тәтті махаббат хикаясы аяқталуы да мүмкін еді. Бірақ, Кумар осы қызға қалай да болсын қол жеткізуге талпынады. Бір жарым жыл ғашығынан жырақта құса болып жүрген жігіт бүкіл дүниесін сатып, сүйгеніне аттануға бекінеді.
– Менің онда жетуіме ең кедергі келтірген өзімнің ойларым мен күдігім болды. Бірақ, мен олардың бәрін жеңдім. Егер адам өзінің ішкі күдігін жеңе алса, оған сыртқы кедергілер түкке тұрғысыз болып қалады екен, – дейді ессіз ғашық.
Үндістанда шалқып өмір сүрмесе де, орташа ғұмыр кешкен Кумар бүкіл дүниесінің бірін қалдырмай сатып жібереді. Түскен ақшаға велосипед сатып алып, Үндістаннан сонау Швецияға сапарын бастайды. 1977 жылы 22 қаңтар күні Кумардың Швецияға сапары басталады. Ол күніне 70 шақырымды артқа тастап отырған. Оңтүстік Азиядан Солтүстік Еуропаға жету үшін 10 мың шақырымға жуық аралықты велосипедпен басып өтеді. Әрине, оның жинаған ақшасы бұл сапардың жартысына да жетпейтін. Ол өзінің Швециядағы ғашығына жету үшін қайырымды жандардың көмектескенін жасырмайды. Жолда кездескен адамдардың портретін салып, ақша тауып отырған. Ақша бере алмағандары тамақ, жатын орын ұсынған екен.
– Ол кезде әлем басқаша еді. Көп елдердің шекарасынан өту үшін арнайы виза қажет болатын. Қазір көбісі Ауғанстан шекарасынан қалай өткенімді жиі сұрайды. Ол кезде ауған жері тыныш-тұғын. Жергілікті адамдар суретшілік өнерімді ерекше бағалап, көп көмектесті. Қиындық Иран шекарасына келгенде туындады. Өту қиын болды. Бұл жерде де маған бойымдағы өнерім көмектесті. Өнер – адамдарды жақындастыратын шексіз құдірет деп санаймын, – деп сұхбат беріпті үндістандық суретші.
Ауғанстан, Иран, Түркия, Австрия жерін басып өткен Кумар мамыр айында соңғы меже Швецияның Гетеборг қаласына келіп жетеді. Алайда, қиындық мұнымен бітпепті. Шарлоттаның ата-анасы ол екеуінің қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. Кейіннен ғана ризашылықтарын беріп, қос ғашықтың үйленуіне рұқсат берген екен.
– Мен Еуропа мәдениетінен мүлдем бейхабар адам едім. Мұның бәріне мені Шарлотта үйретті. Ол – сондай алтын адам. Мен оны дәл сол 50 жыл бұрынғыдай сүйемін. Оған деген махаббатым бір сәтке болсын басылған емес, – дейді Прадьюмна Кумар Маханандия.
Ғашығы үшін ессіздікке барып, 10 мың шақырым қашықтықты велосипедпен басып өту мүмкін еместей көрінеді, бірақ, бұл – шындық. Демек, шын ғашықтар үйленбейді деген де өтірік, шын ғашықтар үйленеді!

Ерболат АЙНАБЕКОВ.
Пікір қалдырыңыз